EXPO іскерлік орталығының аумағына келушілерге кескіндеме өнерінің ерекше туындылары қойылған. Қыркүйекке дейін жоспарланған кешенді көрмені QazExpoCongress ұлттық компаниясы АҚ пен Еуразиялық мәдени альянсы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырған.
EXPO қалашығына бара қалсаңыз, дөңгелек қиқымдарынан кескінделген қасқыр, темірден «қашалған» алып ер-тұрман, декоративті бетоннан құйылған пернетақта назарыңызды аудармай қоймайды. Мұнда отандық және шетелдік суретші, иллюстраторлардың туындылары қойылған. Арасында әйгілі суретші Мұрат Ділмановтың «Энергетикалық буйволдары», Арыстанбек Шалбаевтың «Махамбеті», Саид Атабековтің «Ер-тұрманы» бар. Ерекше туындылар қойылған көрменің ресми атауы – «Заттардың өмірі». Ал бұл көрме аяқталғаннан кейін аумақта Әбілхан Қастеев атындағы музей қазақстандық суретшілердің 1940 жылдан қазірге дейін салған туындыларын көрмеге әкеледі. QazExpoCongress ұлттық компаниясы өкілінің айтуынша, фотокөрме тақырыбы үнемі өзгеріп отырады. Ал демалыс күндері балаларға арналған түрлі интерактивті іс-шара өтеді. Іс-шараның бәрі ашық аспан астында өтетінімен қолайлы.А.ЖОЛДАС