Елімізде тағы бір сайлау мәресіне жетіп, «су жаңа» ауыл әкімдері қызметіне кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылған бұл саяси додада халық өз әкімін өзі таңдау мүмкіндігіне ие болды. Халық сайлаған, сенімдерін арқалаған әкімдер 4 жылға лауазым иеленіп, артылған ауыр жүкті мойнымен көтермек. Біз де биліктің тұтқасын қолына ұстап, ел басқару ісіне араласқан жас әкімдердің бірін әңгімеге тарттық.
Ақмола облысы Ерейментау ауданы Сілеті ауылының тізгіні бұл сайлауда Бекболат Махшардың еншісіне тиді. Жас әкім өзі туып-өскен ауылына барынша адал қызмет етпек ниетте. Бойда қуат бар. Ал көкірегі ауылды гүлдендіру мақсатындағы түрлі тың идеяларға толы жігіттің жоспары да мықты. Қолына қамшы жаңа тисе де ауыл ақсақалдарының ақ батасын алып, жиын өткізіп үлгерген Бекболат өз ауылының болашағы жарқын болатынына сенімді. «Өзім осы Сілетіде өсіп-өндім. Негізі, Моңғолиядан 1992 жылы туған елге алғашқылардың бірі болып көшіп келгенбіз. Біз тұрған Сілеті ауылы кезінде іргелі аудан орталығы болған. Таратып жіберген соң тоз-тозы шығып, бұрынғы еңселі ғимараттар бұзылған. Ауылда қазір жұмыс істеп тұрған екі-ақ нысан бар. Бірі – ауылдағы орта мектеп, екіншісі – психикалық аурухана. Яғни, ауылда жұмыссыздық белең алған. Негізінен халықтың басым бөлігі қорадағы бес-алты сиыры мен қой-ешкісіне қарап қалған. 1 000-ға жуық адам тұратын ауылдың негізгі кәсібі – қорадағы малы. Мен осы қатып қалған стеротипті бұзып, жұрттың кәсіп ашып, туризммен айналысып, елдің де, өзінің де жағдайын түзеуіне барынша жол ашқым келеді. Бағдарламамда да осыларға барынша назар аудардым»,– дейді Бекболат Махшар. Ауылдың ертеңгі болашағын жас әкім туризммен және басқа да жаңа кәсіп түрлерінің ашылуымен елестетеді. Әсіресе, ауылдың географиялық орналасқан жерін орнымен пайдаланып, туризмді дамытуды бағдарламасының басты тетігінің біріне айналдырмақ. Осы орайда Сілеті су қоймасының әлеуетін пайдалану, ауыл маңындағы тарихи ескерткіштер мен орындарға туристердің қызығушылығын арттыру арқылы елдің еңсесін көтеру де ойында бар. Дегенмен алғашқы кезекте ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, ауылдастарының таза су ішуіне мүмкіндік туғызуға барын салмақ. Сонымен бірге ауылдан шыққан елдің ұландарынан да қолдау күтетінін жасырмады. «Мамандығым география пәнінің мұғалімі. Осы туған ауылымда балаларға сабақ бердім. Ауылдың тұрған жері туризмді дамытып, кәсіп ашуға сұранып тұрғанын жақсы білемін. Сондықтан өз бойымдағы тың идеяларды жүзеге асыру үшін ауыл әкімі сайлауына түсуге бел байладым. Ең бастысы, ауылымның гүлденгенін көзіммен көргім келеді. Әрине, алғашқы кезекте ауылдағы қордаланған жол, жарық, ауызсу сияқты мәселелерді шешу қажет. Ауызсудың сапасы нашар. Іше алмай отырмыз. Құжаттармен, ауылда жүргізілуі тиіс жобалармен танысып шықтым. Елді біріктіріп кәсіп ашқысы келетіндерді қолдамақпын. Мәселен, Сілеті көлінің жағасынан жер телімін бөліп жағажай ашса, демалыс лагерін ұйымдастырса, шаңғы тебетін арнайы орын әзірлесек деген жоспарым бар. Бұл үшін аудандық және облыстық депутаттармен де сөйлестім. Олар қолдап отыр. Сілетіде шаңғы тебу базасын салу 2023 жылғы «Жол картасы» жобасына кіріпті. Сілетіде балық көп. Өкінішке қарай, көп балық браконьерлердің оңай олжасына айналып тұр. Содан кәсіп ашып, балық өңдеу цехын ашсақ деген ой бар. Әрине, мұның бәрі әзірге тек ойымда тұр. Іс жүзінде жүзеге асыру үшін елдің қолдауы керек. Сол үшін елді біріктіріп, шеттегі азаматтардан да туған ауылына назар аударуды сұрап отырмын. Көпшілігі қолдап, ауылға инвестициялық қаржылай қолдауын қазірден бастап жинай бастады», – дейді Бекболат Махшар. Жастықтың буымен жігерін жаныған жігіт елдегі малмен ғана күнкөріс ететін ауылдастарының қасаң қағидасын бұзбақ ниетте. Ол үшін ауыл жастарын егін егу, туристік нысандар ашу сияқты кәсіппен сүрлеуге жол салдырғысы келеді. Осы орайда ауылдағы кәсіпкерлердің де қолдауын сұрамақ. Сондай-ақ ауыл маңында өзіне етене таныс тарихи орындарды туристерді тартатын етіп ыңғайлауды мақсат еткен. «Ауылда әдемі жерлермен қатар туристер қатты қызығатын тарихи орындар баршылық. Оны мектепте сабақ берген кезде балаларға да көрсетіп, арнайы белгілері бар табличкалар ілгенбіз. Бірақ дәл қазір келетін жұрт олардың қайда екенін таба алмауы мүмкін. Сондықтан 2gis қосымшасы арқылы осы тарихи және туристік орындарымызды картаға түсіруді де жоспарлап отырмын. Алдағы төрт жылда осы жоспарымды жүзеге асырсам деген мақсат әрі перзенттік арман бар», – дейді Бекболат Махшар. Жас әкім елдегі ауыл әкімдерінің сайлау арқылы келуін де жөн санайтынын айтты. «Әрине, демократиялық қоғамға бет бұрған елімізде ауыл әкімдерінің бұрынғыдай тағайындалмай сайлау арқылы лауазым иеленуі өте құптарлық бастама. Мәселен, өз ауылымды алсам әкім сайлауына 4 адам түстік. Халық бәріміздің бағдарламамызбен толықтай танысып, таңертеңнен бастап белсенді түрде өз дауыстарын берді. Жуырда 27 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестік. Кездесуде бұл бастаманың дұрыс бастама екенін айттым. Өйткені халық сайлағандықтан, сол халықтың үмітін арқалағандықтан жауапкершілік жүгі ауырлайды екен», – дейді Сілеті әкімі. Өз ауылының туын ұстаған жас әкімнің алдағы ісіне біз де сәттілік тіледік.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы