Жас әкімнің мақсаты мол
Жас әкімнің мақсаты мол
219
оқылды

Елімізде тағы бір сайлау мәресіне жетіп, «су жаңа» ауыл әкім­дері қызметіне кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылған бұл саяси додада халық өз әкімін өзі таңдау мүмкіндігіне ие бол­ды. Халық сайлаған, сенімдерін арқалаған әкімдер 4 жылға лауазым иеленіп, артылған ауыр жүкті мойнымен көтермек. Біз де биліктің тұтқасын қолына ұстап,  ел басқару ісіне ара­лас­қан  жас әкімдердің бірін әңгімеге тарттық.

жас әкімАқмола облысы Ерейментау ауданы Сілеті ауылының тізгіні бұл сайлауда Бекболат Мах­шардың еншісіне тиді. Жас әкім өзі туып-өскен ауылына барынша адал қызмет етпек ниетте. Бойда қуат бар. Ал көкірегі ауылды гүл­дендіру мақсатындағы түрлі тың идеяларға толы жігіттің жоспары да мықты. Қолына қамшы жаңа тисе де ауыл ақсақалдарының ақ ба­тасын алып, жиын өткізіп үл­гер­ген Бекболат өз ауылының бо­лашағы жарқын болатынына сенімді. «Өзім осы Сілетіде өсіп-өндім. Негізі, Моңғолиядан 1992 жылы туған елге алғашқылардың бірі болып көшіп келгенбіз. Біз тұрған Сілеті ауылы кезінде іргелі аудан орталығы болған. Таратып жібер­ген соң тоз-тозы шығып, бұрынғы еңселі ғимараттар бұзылған. Ауылда қазір жұмыс істеп тұрған екі-ақ нысан бар. Бірі – ауылдағы орта мектеп, екіншісі – психика­лық аурухана. Яғни, ауылда жұ­мыссыз­дық белең алған. Негізінен халықтың басым бөлігі қорадағы бес-алты сиыры мен қой-ешкісіне қарап қалған. 1 000-ға жуық адам тұратын ауылдың негізгі кәсібі – қорадағы малы. Мен осы қатып қалған стеротипті бұзып, жұрттың кәсіп ашып, туризммен айналы­сып, елдің де, өзінің де жағдайын түзеуіне барынша жол ашқым ке­леді. Бағдарламамда да осыларға барынша назар аудардым»,– дейді Бекболат Махшар. Ауылдың ертеңгі болашағын жас әкім туризммен және басқа да жаңа кәсіп түрлерінің ашылуымен елестетеді. Әсіресе, ауылдың гео­гра­фиялық орналасқан жерін ор­нымен пайдаланып, туризмді дамытуды бағдарламасының бас­ты тетігінің біріне айналдырмақ. Осы орайда Сілеті су қоймасының әлеуетін пайдалану, ауыл маңын­дағы тарихи ескерткіштер мен орын­дарға туристердің қызығу­шылығын арттыру арқылы елдің еңсесін көтеру де ойында бар. Де­генмен алғашқы кезекте ауыл­дың инфрақұрылымын жақсарту, ауылдастарының таза су ішуіне мүмкіндік туғызуға барын салмақ. Сонымен бірге ауылдан шыққан елдің ұландарынан да қолдау күтетінін жасырмады. «Мамандығым география пә­нінің мұғалімі. Осы туған ауы­лымда балаларға сабақ бердім. Ауыл­дың тұрған жері туризмді да­мытып, кәсіп ашуға сұранып тұр­ғанын жақсы білемін. Сон­дықтан өз бойымдағы тың идея­ларды жүзеге асыру үшін ауыл әкі­мі сайлауына түсуге бел бай­ладым. Ең бастысы, ауылымның гүлденгенін көзіммен көргім ке­леді. Әрине, алғашқы кезекте ауылдағы қордаланған жол, жа­рық, ауызсу сияқты мәселелерді шешу қажет. Ауызсудың сапасы нашар. Іше алмай отырмыз. Құ­жаттармен, ауылда жүргізілуі тиіс жобалармен танысып шықтым. Елді біріктіріп кәсіп ашқысы келе­тіндерді қолдамақпын. Мә­селен, Сілеті көлінің жағасынан жер телімін бөліп жағажай ашса, демалыс лагерін ұйымдастырса, шаңғы тебетін арнайы орын әзір­лесек деген жоспарым бар. Бұл үшін аудандық және облыстық депутаттармен де сөйлестім. Олар қолдап отыр. Сілетіде шаңғы тебу базасын салу 2023 жылғы «Жол картасы» жобасына кіріпті. Сілетіде балық көп. Өкінішке қарай, көп балық браконьерлердің оңай олжасына айналып тұр. Содан кәсіп ашып, балық өңдеу цехын ашсақ деген ой бар. Әрине, мұның бәрі әзірге тек ойымда тұр. Іс жүзінде жүзеге асыру үшін елдің қолдауы керек. Сол үшін елді бірік­тіріп, шеттегі азаматтардан да туған ауылына назар аударуды сұрап отырмын. Көпшілігі қол­дап, ауылға инвестициялық қар­жылай қолдауын қазірден бастап жинай бастады», – дейді Бекболат Махшар. Жастықтың буымен жігерін жаныған жігіт елдегі малмен ғана күнкөріс ететін ауылдастарының қасаң қағидасын бұзбақ ниетте. Ол үшін ауыл жастарын егін егу, туристік нысандар ашу сияқты кәсіппен сүрлеуге жол салдыр­ғы­сы келеді. Осы орайда ауылдағы кә­сіпкерлердің де қол­дауын сұра­мақ. Сондай-ақ ауыл маңында өзі­не етене таныс тарихи орын­дарды туристерді тартатын етіп ыңғайлауды мақсат еткен. «Ауылда әдемі жерлермен қа­тар туристер қатты қызығатын та­рихи орындар баршылық. Оны мектепте сабақ берген кезде бала­ларға да көрсетіп, арнайы белгі­лері бар табличкалар ілгенбіз. Бірақ дәл қазір келетін жұрт олар­дың қайда екенін таба алмауы мүм­кін. Сондықтан 2gis қосымша­сы арқылы осы тарихи және ту­ристік орындарымызды картаға түсіруді де жоспарлап отырмын. Алдағы төрт жылда осы жоспа­рым­ды жүзеге асырсам деген мақ­сат әрі перзенттік арман бар», – дейді Бекболат Махшар. Жас әкім елдегі ауыл әкімде­рінің сайлау арқылы келуін де жөн санайтынын айтты. «Әрине, демократиялық қо­ғамға бет бұрған елімізде ауыл әкім­дерінің бұрынғыдай тағайын­дал­май сайлау арқылы лауазым ие­ленуі өте құптарлық бастама. Мәселен, өз ауылымды алсам әкім сайлауына 4 адам түстік. Халық бәріміздің бағдарламамызбен толықтай танысып, таңертеңнен бастап белсенді түрде өз дауыс­тарын берді. Жуырда 27 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестік. Кездесуде бұл бастаманың дұрыс бастама екенін айттым. Өйткені халық сайлағандықтан, сол ха­лық­тың үмітін арқалағандықтан жауапкершілік жүгі ауырлайды екен», – дейді Сілеті әкімі. Өз ауылының туын ұстаған жас әкім­нің алдағы ісіне біз де сәттілік тіледік.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы