Еліміздің азаматтық авиациясы пандемияға байланысты карантин шектеулері салдарынан 326 миллиард теңге жоғалтқан. Ал Бас санитар дәрігердің әуекомпаниялар мен әуежай қызметкерлерінен, жүргіншілерден COVID-19-ға байланысты ПТР-тест анықтамасын сұрату және ұшақ салонында жолаушыларды шахмат тәртібімен араларына бос орын тастап отырғызу талаптары жолақы билеттерін қымбаттатып қана қоймай, сонымен бірге ұшу қауіпсіздігіне де кері әсер етіпті.
2020 жылы отандық әуекомпаниялар 5,5 млн жолаушыны тасымалдаған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 36%-ға кем. Статистикалық көрсеткіштердің кемуіне коронавирус індетіне байланысты ұшу жиілігінің қысқартылуы мен кей бағыттарда мүлдем тоқтатылуы әсер етті. Алайда Қазақстан авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитстің айтуынша, қазір Қазақстан авиациясы бұрынғы толыққанды жұмыс режиміне қайтып келе жатқан көрінеді. Бүгінде еліміздің авиациялық әкімшілігінде 150 адам еңбек етеді. Барлық қызметкер ИКАО халықаралық стандартына сәйкес біліктілігін жетілдірген. «Авиация саласының толыққанды жұмыс режиміне көшуіне орай, біз үздік халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, тексеру нәтижелері мен бақылау негізінде ұшу қауіпсіздігінің тәуекелдерін анықтау және жоюға бағытталған «Адам өмірі бәрінен жоғары» бағдарламасын толығымен жүзеге асыратын боламыз», – дейді Питер Гриффитс. Қазірдің өзінде аптасына 590 рейс жасайтын ішкі 45 бағыт қалпына келтірілген. Халықаралық бағыттар бойынша 14 мемлекетке аптасына 40 маршрут бойынша 118 рейс ұшып шығады: Түркия, Корея, БАЭ, Беларусь, Украина, Германия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Египет, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Мальдив және Шри-Ланка. Қазақстанның азаматтық авиация комитеті таратқан ақпаратта «алдағы уақытта республика аумағында жолаушы тасымалдайтын компаниялардың бәріне ортақ бірыңғай қауіпсіздік талабы енгізіледі. Қазір қолданыстағы заңға отандық және Еуропа одағы аумағына ұшатын шетелдік әуекомпанияларға арналған өзгертулер әзірленіп жатыр» делінген. Сондай-ақ ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) аудитін өткізу және одан кейін 2023 жылдың соңына дейін CAT1 санатын алу үшін FAA (АҚШ азаматтық авиацияның Федералдық басқармасы) аудитін өткізу жоспарланған. Оған өтініш беру мерзімі COVID-19 індетіне байланысты кейінге шегерілген.Заңбұзушылықтар шамадан тыс көп
2020 жылы еліміздің авиация саласына 458 инспекциялық тексерістер жүргізіліп, соның барысында бес мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ал алдындағы жылы Бас прокуратура республика аумағында 300-ге тарта ұшақтың мерзімі өткен сертификатпен ұшып жүргенін, ал 200 ұшақтың мүлде есепке алынбағанын мәлімдеген болатын. Қазақстан авиациялық әкімшілігінің бас директорының айтуынша, қазір жағдай өзгерген. «Қазір біз республикадағы әуе кемелеріне берілген лицензияларды түгел тексеріп шықтық. Бұл жұмыстарды ең бірінші тәуекел қаупі үлкен жүк және жолаушы тасымалдаушы ұшақтардан бастадық. Олардың техникалық жағдайын, ұшу қауіпсіздігін сараптан өткіздік. Ендігі кезекте әуекомпаниялардың қызметіне қажетті барлық құжатты, сертификаттауды электронды түрге ауыстыру ісіне көшіп жатырмыз. Мұны цифрлау үрдісінің жалғасы деп қабылдау қажет. Ал алдағы уақытта әуе кемелеріне кейінгі 10 жылда берілген барлық құжатқа аудит жүргізетін боламыз. Егер сертификат немесе ИКАО-мен келісім болмаған жағдайда, біз мұндай ұшақтардың ұшырылуына тыйым саламыз», – дейді Питер Гриффитс. Инспекциялық тексерістердің нәтижесінде құжаттарынан түрлі кемшіліктер табылған сегіз әуекомпанияның қызметі тоқтатылды. Олар: Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS AIR KZ. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыда ұшу жолағынан көтеріле бере үйге соғылып, апатқа ұшыраған Bek Air компаниясы ұшағының да сертификаты жоғы анықталған. Ол кезде бортта экипаждың бес мүшесінен басқа 93 жолаушы болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, көпшілігі дене жарақатын алды. Осы оқиғаға байланысты Bek Air компаниясының лицензиясы қайтарылып алынған еді. Дегенмен оқиғаның себеп-салдарын анықтау бүгінге дейін созылып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тексеру жұмыстарының ұзаққа созылуын пандемияға байланысты шетелдік сарапшылардың Қазақстанға уақыты келе алмауымен байланыстырады. Сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне жерүсті инфрақұрылымының сапасы да көп ықпал ететіні белгілі. Қазіргі күні республикада 20 әуежай жұмыс істеп тұрса, соның 12-сі мемлекет иелігінде.Әуеотынның құны және ұшқыштардың жалақысы
Енді бір көкейкесті мәселе – әуеотынның құны. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әуеотынның бағасы Лондондағы, Дубайдағы, Гонконг пен Мәскеудегі бағадан анағұрлым жоғары. Оған қазақ авиациясының ресейлік отынға тәуелділігі мен жанармайды жеткізіп беруші аралық делдалдардың шамадан тыс көптігі түрткі болған. Соның кесірінен Ресейден келетін әуекеросин Қазақстанға жеткенде 20-30%-ға қымбаттап кетеді. Қазір Қазақстан авиациялық әкімшілігі де, әуекомпаниялар да жанармайды арзандату бағытында жұмыс істеп жатыр. Дегенмен Литва, Латвия және Польша мемлекеттерінің мысалдарына қарасақ, олар осы нарықтағы ресейлік делдалдардан құтылу үшін бақандай бес жылын сарп еткен. Яғни, ішкі нарықты әуекеросинмен өзіміз қамтамасыз ету үшін бізге де біршама уақыт керек болатыны сөзсіз. Ал ұшқыштардың жалақысына келетін болсақ, ол жолаушы билетінің құнымен тікелей байланысты, яғни бағасының ішіне енеді. Сондықтан әуе кемесі экипажының жалақысы өскен сайын жолаушылар билетінің құны да арта беретінін ұмытпаған жөн. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға әуе кемелерін басқару үшін сырттан шақырылған шетелдік ұшқыштар мен командирлер жалақысы жергілікті мамандарға қарағанда 2-3 есе көп. Олар халықаралық бағыттағы әуе кемелерін басқарады. Өйткені қазақстандық ұшқыштарға берілген лицензия шет мемлекеттерде мойындалмайды. Бүгінде республикадағы әуекомпанияларда 2 669 ұшқыш болса, соның 193-і шетелдіктер. Мәселен, қазақстандық ұшқыштардың айлық жалақысы 6-8 мың доллар аралығында болса, шақыртылған шетелдіктердің жалақысы 7-15 мың доллардың айналасында. Одан төмен жалақыға шетелдіктер келіспейді. Әлбетте, шетелге, оның ішінде Еуропаға ұшып жүрген қазақстандық ұшқыштар да бар, бірақ олар лицензияларын Ұлыбританиядан алып келген мамандар. Олардың жалақысы шетелдік мамандармен бірдей. Әлбетте, біздің мемлекет отандық әуеиндустрияны өз мамандарымызбен толықтай қамтамасыз етуге мүдделі. Ол үшін ұшқыштарды шетелдерге оқытуға жіберудің де, сырттан тәжірибелі нұсқаушыларды шақыртудың да маңызы үлкен. Қазір қазақстандық мамандар шетелдерде біліктілігін жетілдіріп жатыр. Атап айтқанда, Air Astana компаниясының ұшқыштары – Финляндияда, ал диспетчерлері Швециядан оқиды. Мағлұмат үшін айта кетсек, ірі коммерциялық әуе кемесін басқару үшін 6-10 жыл бойы үдемелі бағдарлама бойынша оқу қажет.Әуекомпаниялардың әзірлігі жақсарды
Шетелдік сарапшылардың пікірінше, қазақ әуеиндустриясының жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, жекелеген әуекомпаниялар туралы айтсақ, Air Astana негізгі тәуекелдерді төмендетті: мұз басуға қарсы өңдеуді, әуежайларда қызмет көрсетуді, ұшып-қону жолағының қауіпсіздігін жақсартты, сондай-ақ ұшақтардың құстармен қақтығысу проблемасына айрықша көңіл бөлінетін болды. «SCAT әуекомпаниясы» АҚ 2030 жылға дейін 20 Boeing ұшағын сатып алуды және пайдалануға беруді жоспарлаған. Әуетасымалдаушы Шымкент әуежайында әуеторабын дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруға мүдделі. Сондай-ақ 2021 жылы мұнда терминал құрылысын аяқтап, 2022 жылдан бастап өндірістік қызметтерге толықтай кірісуді көздеп отыр. Әуекомпания таяу жылдары ішкі және халықаралық сыртқы бағыттарда ұшу жиілігін көбейтуді жоспарлаған. «Казавиаспас» АҚ мұның алдындағы жылы жалпы саны 1 726 рет ұшақ ұшырса, соның ішінде төтенше жағдайлар бойынша – 613 рет, санитарлық мақсатында 497 рет әуе кеңістігіне көтерілген. Компания 2030 жылға қарай әуе паркін 58 бірлікке арттыруды ойластырып отыр. Биыл төрт Ми-8 тікұшағы пайдалануға беріледі. Qazaq Air әуекомпаниясы аптасына 22 маршруты бойынша 104 барып-келу сапарын жүзеге асырады. Оның 17-сі коммерциялық және 6-уына субсидия беріледі. Қазақстанның азаматтық авиация ведомствосы жария еткен дерекке сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында хабты дамыту қарастырылып жатыр. Мұнда өңіраралық ұшуларды шоғырландыру және EASA стандарты бойынша техникалық қызмет көрсету ұйымдастырылатын болады. Prime Aviation әуекомпаниясы өз қызметінде бизнес-авиацияны дамытуға, ұшу қауіпсіздігі мен мәдениетін арттыруға мейлінше екпін береді. Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын қазақ әуеиндустриясының ахуалы жақсарып келеді деуге болады.Дәулет АСАУ