Маңғыстауда жол ортасында қызметтік көлігімен бір жолақтан екінші жолаққа ауысып жүрген полицей жүргізуші жазаға тартылды. Видео әлеуметтік желіде "Жалақы түскені туралы SMS келген кезде" деген атауға ие болды, – деп жазады Lada.kz.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, JAC S3 автокөлігінің жүргізушісі көліктің дыбысы өзгерген соң тексеріп көрмек болып, жүріс бағытын алмастырған екен. Сол кезде оны видеоға түсіріп алған.
Полиция қызметкеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 595-бабы 1-бөлігіне сәйкес 5 АЕК көлемінде ( 14 мың теңгеден астам) айыппұл салынады.
"Бейнеу ауданы полиция бөлімі қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр", – деп хабарлады Маңғыстау ауданы ПД.