Сары фосфор тиелген вагон өртінен кейін Арыс тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.Оның айтуынша, Жамбыл облысынан Ресейге бара жатқан екі фосфор контейнерінен өрт шыққан.
"Аудан мен облыстың барлық төтенше күштері жұмылдырылды, мұндай өртті сөндіру тактикасы белгілі. Алайда сары фосфор өте ұзақ уақыт түтеп жанады және одан қою түтін шығады, желдің бағыты өзгерген жағдайда тұйыққа жақын орналасқан шағын аудан тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі эвакуация жүргізіп жатыр. Барлық эвакуацияланған адам қала мектептерінің бірінде ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі және сонда қонады", – деп жазды ол.
Оның айтуынша, жағдай бақылауда. Қалқаманов оқиға орнына шыққанын да хабарлады.
Бұған дейін Арыста шыққан қою түтін жұрттың үрейін ұшырғанын хабарлаған болатынбыз.