Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ПТР тестілері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалды. ІІМ-де өзге мүдделі меморгандар басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысының КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмыс кеңесі өтті.
«Жалған медициналық құжаттарды ұсынудың тұтас схемалары анықталып жатыр. Кейбір туроператорлар жалған вакцинация паспорттарын шығарумен және сатумен айналысқан. Сонымен қатар оларды теміржол вокзалдарында, әуежайларда және мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінде іске асыру фактілерінің жолы кесілді», – деп хабарлады Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Ел Президенті ІІМ жанынан ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырған. Топ вакцинация паспорттарын және ПТР-тестілеу нәтижелерін қолдан жасау және сату фактілерінің жолын кесу жұмысын үйлестіреді. Ақпаратты жинау және өңдеу, сондай-ақ анықталған фактілерге ден қою шаралары бойынша өзара іс-қимыл тәртібі айқындалған. Жыл басынан бері 110 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 60-сы – жалған ПТР-анықтама, ал 50-і – ВП-ны қолдан жасауға қатысты. Осы қылмыстарға қатысы бар 28 адам әшкереленді, оның ішінде медицина қызметкерінің саны – 20 (6 дәрігер, 14 медицина қызметкері). Делдалдар – 8. Сондай-ақ әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде жалған ВП және ПТР анықтамасын сату туралы 70 хабарландыру анықталды, олардың 37-і бұғатталды. Осы санаттағы істер бойынша тергеу-сот практикасы қалыптастырылды, заңды күшіне енген сот актілері де бар. Төрт қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылды. 43 қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері және сараптамалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Олар аяқталғаннан кейін күдіктілердің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, іс жүргізу шешімдері қабылданады. Барлық қылмыстық істің тергелуі министрлік бақылауында.Елдос СЕНБАЙ