Жұмыс іздегеннен жұмысшы іздегені көп
Жұмыс іздегеннен жұмысшы іздегені көп
224
оқылды

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ дерегінше, электронды биржада шілдеде жұмыс орындарының саны резюмелерден 1,7 есе асып түсті. Нақтылай кетсек, биржада 81,7 мың бос жұмыс орны және 47,9 мың түйіндеме орналас­тырылған.

Маусым айымен салыс­тыр­ғанда бос жұмыс орындарының (БЖО) жалпы саны 15%-ға, ал резюмелер саны 3%-ға азайды. Ал Түркістан, Ақмола, Атырау облыстары мен Шымкентте кадр жетіспеушілігінің күшейгені байқалады. БЖО санының ең елеулі өсімі сауалнама жүргізуші-сұхбат­тасушы (+2,2 мың), хат алмасу жөніндегі көмекші (+0,9 мың) және статист (+0,6 мың) сияқты кәсіптер бойынша байқалды. Біліктілігі жоқ еңбекке байла­ныс­ты кәсіптер арасында тауар­ларды жинақтаушы, базардағы сатушы және буып-түюші кәсіптері көбірек ұсынылды. Сонымен қатар, шілде айында жұмыс іздегендер арасында кіші медициналық қызметкерлер мен мектеп мұғалімдерінің белсен­ділігі артқан. Атап айтқанда, бір ай ішінде фельдшерлер резюме­сінің саны 421 бірлікке, мед­бикелердікі – 237 бірлікке, бастауыш сынып, шет тілі, дене шынықтыру және спорт мұғалімдерінікі тиісінше 283, 271 және 266-ға өсті. Педагогика қызметкерлері арасындағы белсенділікті жаңа оқу жылының жақындауымен байланыстыруға болады. Ал медицина қыз­мет­керлері коро­навируспен күрестен шаршаса керек. Шілдеде күзетшілердің, автокөлік жүргізушілерінің, санитарлардың, сауалнама жүргізуші-сұхбаттасушылардың (2595 бос орынға 48 резюме), хат алмасу бойынша көмекшілердің (1 резюме және 923 бос орын) және статистердің (10 резюме және 665 бос орын) тапшылығы тіркелді. Бұған елде жалпы­халықтық санақтың жүруі ықпал еткен. Бұдан бөлек, жүк түсіру­шілер, қара жұмысшылар, ас үй жұмысшылары мен аула сыпыру­шылар жетіспейді. Ал фельдшер (607 резюмеге 201 бос жұмыс орны), дене шынықтыру және спорт (92 бос жұмыс орны және 459 резюме), шет (229 бос жұмыс орны және 576 резюме) және қазақ тілі мұғалімдері (116 бос орын және 455 резюме) бойынша ұсыныс сұраныстан асып түсті.

А.ШӘРІП