«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында аграрлық секторды дамыту бойынша қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда алдағы орақ науқанына дайындық мәселесі талқыланды. Жиын барысында ақмолалық диқаншылар егінге құрғақшылық қана емес, киіктер де үлкен қауіп төндіріп тұрғанын жеткізді.
Шаруалардың айтуынша, биыл далалы аймақтарда киіктер саны көбейген. Олар отарымен жүріп өтсе, егістіктен түк қалмайды. Сондықтан партиядан бұл бағытта қолдау көрсетуді сұрайды. «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов бұл мәселені қазір жер-жерде әркім өз күшімен шешуі қажет екенін айтты. – Еліміз бойынша бір шешім шығарылғанша, кезекшілік ұйымдастырып, нанымызды өзіміз қорғап қалуды ойластыру керек. Жалпы, осы және орақ науқанына қатысты өзге де өзекті мәселелерді шешу үшін тез арада кезектен тыс қоғамдық кеңес отырысын өткізу қажет. Аталған мәселені шешудің нақты амалын көрсететін ұсыныс әзірлеген жөн, – деді Ғалым Бекмағамбетов. Биыл Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының алаңы 5 млн гектардан асады, бұл өткен жылдың деңгейінен 179 мың гектар жоғары. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егістігін құрайтын 1,5 млн гектар алқаптың жағдайы бүгінде «жақсы» деп бағаланып отыр. Бұл жалпы егістік алқабының 32,3% -ын құрайды. 2,7 млн гектар қанағаттанарлық жағдайда болса, 318,6 мың гектар жерде өсім нашар. Ал 39,4 мың гектар жердегі егістік мүлдем жарамсыз болып қалған. Бұл жалпы егістің 0,9%-ын құрайды. Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Димаш Таласбаев биылғы құрғақшылық салдарынан облыстағы егіс өнімділігі төмен болғанымен, сапаға әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті. Қазірде облыстың диқаншылары орақ науқанына толық әзірлік үстінде. Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне 77 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінген. Шілде айына бөлінген 30 мың тоннаға түгел шарт жасалды, әзірге оның 13,3 мың тоннасы тиелген. Бірқатар ауданда жанар-жағармайды жеткізу бойынша бірыңғай оператормен мәселе туындап отырғаны да белгілі болды. Шөп дайындау науқанына келсек, өңірде әзірге 802,1 мың тонна шөп дайындалған. Сонымен қатар қолда бар барлық жем қалдықтарына түгендеу жүргізілді. Осылайша, шөптің қалдығы шамамен 85 мың тоннаны құрап отыр. Қолда бар өткен жылдың мал азығын есепке алатын болсақ, өңірде шөп қажеттілігі 70,4%-ға қамтамасыз етілді. Сала басшысы отырысқа қатысушыларды шөп жинау науқаны аяқталғанша қажетті мөлшердің жиналатынына сендірді. Кеңес отырысында халық қалаулылары нан бағасының қымбаттауына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан тұрақтандыру қорының бидайды мол көлемде сатып алуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Алайда бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге күш түсірмей, диірменшілерді субсидиялау керек делінді.Әбілмансұр ЖАСАН