Аграрлық секторды дамытудың жолдары
Аграрлық секторды дамытудың жолдары
396
оқылды

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында аграрлық секторды дамыту бойынша қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда алдағы орақ науқанына дайындық мәселесі талқыланды. Жиын барысында ақмолалық диқаншылар егінге құрғақшылық қана емес, киіктер де үлкен қауіп төндіріп тұрғанын жеткізді.

Шаруалардың айтуынша, биыл далалы аймақтарда киіктер саны көбейген. Олар отарымен жүріп өт­се, егістіктен түк қалмайды. Сон­дық­­тан партиядан бұл бағытта қол­дау көрсетуді сұрайды. «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бі­рін­ші орынбасары Ғалым Бекма­ғамбетов бұл мәселені қазір жер-жерде әркім өз күшімен шешуі қажет екенін айтты. – Еліміз бойынша бір шешім шы­ғарылғанша, кезекшілік ұйым­дастырып, нанымызды өзіміз қорғап қалуды ойластыру керек. Жалпы, осы және орақ науқанына қатысты өзге де өзекті мәселелерді шешу үшін тез арада кезектен тыс қоғам­дық кеңес отырысын өткізу қажет. Аталған мәселені шешудің нақты амалын көрсететін ұсыныс әзірлеген жөн, – деді Ғалым Бекмағамбетов. Биыл Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының алаңы 5 млн гектардан асады, бұл өткен жылдың деңгейінен 179 мың гектар жоғары. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егістігін құрайтын 1,5 млн гектар алқаптың жағдайы бүгінде «жақсы» деп бағаланып отыр. Бұл жалпы егістік алқабының 32,3% -ын құрайды. 2,7 млн гектар қанағаттанарлық жағ­дайда болса, 318,6 мың гектар жерде өсім нашар. Ал 39,4 мың гектар жер­дегі егістік мүлдем жарамсыз болып қалған. Бұл жалпы егістің 0,9%-ын құрайды. Ақмола облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасының жетекшісі Димаш Таласбаев биылғы құрға­қ­шылық салдарынан облыстағы егіс өнімділігі төмен болғанымен, сапаға әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті. Қазірде облыстың диқаншылары орақ науқанына толық әзірлік үс­тінде. Күзгі дала жұмыстарын жүр­гізу үшін облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне 77 мың тонна дизель оты­нының кепілдендірілген көлемі бөлінген. Шілде айына бөлінген 30 мың тоннаға түгел шарт жасалды, әзірге оның 13,3 мың тоннасы тиел­ген. Бірқатар ауданда жанар-жа­ғар­майды жеткізу бойынша бірыңғай опе­ратормен мәселе туындап отыр­ғаны да белгілі болды. Шөп дайындау науқанына кел­сек, өңірде әзірге 802,1 мың тонна шөп дайындалған. Сонымен қатар қолда бар барлық жем қалдықтарына түгендеу жүргізілді. Осылайша, шөп­тің қалдығы шамамен 85 мың тоннаны құрап отыр. Қолда бар өткен жылдың мал азығын есепке алатын болсақ, өңірде шөп қажет­тілігі 70,4%-ға қамтамасыз етілді. Сала басшысы отырысқа қатысушы­лар­ды шөп жинау науқаны аяқтал­ғанша қажетті мөлшердің жина­латынына сендірді. Кеңес отырысында халық қалау­лылары нан бағасының қымбат­тауына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан тұрақтандыру қорының бидайды мол көлемде сатып алуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Алайда бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге күш тү­сірмей, диірменшілерді субсидиялау керек делінді.

Әбілмансұр ЖАСАН