Жазасы кешірілген Слекишина деген кім?
Жазасы кешірілген Слекишина деген кім?
© коллаж: Әсел Балтақызы
269
оқылды

Бұған дейін Мемлекет басшысының жазатайым қате­лесіп, қылмыс жасаған адамдарға бірнеше рет рақымшылық жасағаны бар. Мұндай рақымшылыққа әдетте жүздеген, кейде мыңдаған адам ілігеді. Ал жуырда Президент жеке адамға рақымшылық жасады. Ол – Наталья Слекишина деген азамат. Жаза басып, сотталғандар арасынан  айрық­ша «мәртебеге» ие болған бұл азамат кім? Не үшін істі бо­лып, оған  неге кешірім берілді?

Сегіз жылға сотталды

Қарақшылық жасағаны үшін жаза арқалаған Наталья Слеки­шинаның есімі елге жақсы таныс. 2015 жылы Жамбыл облысының тумасы 32 жастағы Наталья Сле­кишинаға Алматы қаласының Ала­тау аудандық соты Қылмыстық ко­декстің 192-бабы 3-бөлігінің 2-тар­мағы, яғни «ірі мөлшерде мүлік ұрлау мақсатында жасалған қарақ­шылық» ісі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім шы­ғарды. Сотта келтірілген дәлелдерге сәйкес, сол жылдың қаңтарында Наталья Слекишина екі серіктесімен бірге өзі тұратын азаматтық күйеуі мен оның анасына қарақшылық шабуыл жасаған. Нәтижесінде, қылмыскерлер қыл­мыстық үйден зергерлік бұйымдар, ұялы телефон­дар мен қомақты қаржыны ұрлап кеткен. Қылмыс жасағанға дейін ол қаладағы сұлу­лық салонының бірін­де жұмыс істеген.

Хакимов түрмеге қайта қамалды

Сот үкім шығарған жылдың қазан айында сотталушы Наталья Слекишина өзіне зорлық әрекет жасаған Алматыдағы СИ-18 коло­ниясының төрт бірдей қызмет­керін сотқа берді. Өйткені түрмеге түс­кен­нен кейін алты ай өткенде тұт­қынның аяғы ауыр екені белгілі болды. Слекишина сол кезде өзіне жасалған зорлықтан кейін жүкті болып қалғанын, колония қыз­мет­­керлеріне қатысты жазған ары­зы бірнеше мәрте қабылдан­бай жүр­генін айтты. Сондай-ақ оның жүк­тілігін жасыру үшін Қарағандыға ауыстырылғаны белгілі болған. Сотталушы Сле­кишинаға зорлық көрсетті де­лінген төртеудің ішінен Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 тергеу изоляторының қыз­меткері Руслан Хакимовтың сот­талушы Наталья Слекишинаны зорлағаны дәлелденіп, 2016 жылы тоғыз жылға сотталса, қалған ­үше­уі қызметтен шеттетілді. Сонымен қатар сот оның «әділет майоры» арнайы атағынан айы­рып, өмір бойы мемлекеттік лауа­зымдарды атқаруына тыйым сал­ды. Алайда ШҚО бойынша Қыл­мыстық-ат­қару жүйесі депар­та­ментінің орта­ша қауіпсіздік ме­кемесінде жа­засын өтеген Руслан Хакимов 2019 жылы үлгілі тәртібі үшін шартты түрде бо­сатылды. Бірақ Наталья Слеки­шина бұл ше­шіммен келіс­пейтінін, Хаки­мов оған мораль­дық шығын төле­мегенін, қызына алимент тө­леу­ден жалтарғанын алға тартқан­дықтан, сот Хаки­мовты түрмеге қайтару туралы ше­шім шығарады.

Слекишинаға жасалған сенім

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жат­қан Наталья Слекишинаға кешірім берді. Президент жанындағы кеші­рім жасау мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Наталья Слекишинаға кешірім жасау актісі құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері тарапынан жасалған зорлық-зомбылық фак­тісін мемлекеттің мойындауымен де байланысты болғанын айтты. Оның үстіне, Слекишинаға қатыс­ты бұдан бұрын да қылмыстық жазаны орындауды кейінге қалдыру тура­лы шешім қабылдағаны себеп бол­ған. Айта кетейік, 2017 жылы Іле аудандық соты Наталья Слеки­шинаның жазасын бес жылға ке­йінге қалдырған. «Сол кезден бас­тап ол өзін үш баланың жақсы ана­сы ретінде көрсетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтып, пробациялық бақылау кезеңінде мінез-құлқына шағым түскен жоқ. Президент қабылдаған кешірім Слекишинаға мемлекет тарапынан жасалған се­нім деп түсіну керек» деп қосты Эль­­вира Әзімова. Сондай-ақ омбуд­с­мен ІІМ-де жүргізіліп жатқан тү­бегейлі реформалар адамдардың қадір-қасиетіне қол сұғуды бол­дырмауға мүмкіндік береді деп үміттенетінін жеткізді. Колония қызметкерлері Наталья Слекиши­наның түрме ішінде үлгілі тәртіп көрсеткенін айтып отыр. Сот­та­лушы осы жыл­дарда қызына ана­лық жылулық көрсетіп қана қой­май, қаржылық жағынан қамтама­сыз етіп келген.

Кешірім кімге берілмейді?

Президент жанындағы адам құ­қықтары жөніндегі комиссия соңғы «Рақымшылық туралы» заң жобасына оң қорытындысын бер­ген. Комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымынша, соттал­ған­дарға өз өмірін өзгертуі үшін мүм­кіндік беріп, түрме халқының са­нын азайту маңызды. «Заң жоба­сында рақымшылық жасалатын сотталушылар бірнеше санат бо­йынша бөлінген. Қылмысты бірін­ші рет, жеңіл қылмыс жасаған не­месе 5 жылға дейін жаза кесілген­дерге кешірім берілуі мүмкін. Ал біреудің еңбегін қанау, жезөк­ше­лікке мәжбүрлеу бойынша адам саудасына қатысты сотталғандарға кешірім берілмейді. Оларды шарт­ты түрде босатуға да рұқсат етіл­мейді. Бұл халықаралық стандарт­тарда бар», – дейді Тастемір Әбішев. Бұдан кейін сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандар, экстре­мизмге, лаңкестікке байланысты қыл­мыстар рақымшылық жасауға кіргізілмеген. Бірақ заң жобасы бо­йынша, жазасын өтеудің белгі­ленген мерзімін аяқтаған соң шарт­ты түрде босап шығуы мүмкін. Ал педофилдер мен аса қатыгездікпен азаптау әдісін қолданып адам өл­тіргендерге, мемлекетке сатқындық жасаған қылмыскерлерге ра­қым­шылық жоқ. Мейлі, ол бұрын құ­қық қорғау қызметкері болса да, азап­тау әдісімен қылмыс жасаған­дарға кешірім берілмейді. Қанша жерден жеңіл болса да, екінші рет қылмыс жасаған адамға рақым­шы­лық жасалмайды. «Бұл қылмыстың қайталануы болғандықтан, жаза мерзімі ұзартылады. Өйткені ол мемелкеттің өзіне берілген сенімін түсінбеген. Ізгілікті елдердің бар­лы­ғында сотталғандарға рақым­шылық жасау қолданысқа енгізіл­ген. Ал Слекишинаға келсек, ол Пре­зидент атына рақымшылық жа­сау туралы өтініш хатын жолда­ған. Оның өтінішін арнайы комис­сия қараған соң ғана ұсыным бе­ріледі. Ары қарай кешірім мен мүм­кіндік беру туралы шешімді Мем­лекет басшысы ғана береді», – дейді Президент жанындағы адам құқық­тары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев. Демек, соңғы сөз  Президентте. Жалпы, тәуелсіздік жылдары 9 рет рақымшылық жасалды. Айта­лық, ел Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғына орай жарияланған рақым­шылық кезінде түзеу мекемелерінен 1,5 мыңға жуық адам босатылды. Сондай-ақ сотталған 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетілді. Қылмыстық саясатты ізгілендірудің арқасында соңғы  жылдары түрме «халқының» саны екі есеге азайды. Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғына орай «Рақымшылық туралы» заң жобасы әзірленіп, ол бойынша  мемлекет пен азаматтарға үлкен қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған және келтірген шығынды өтеген адамдарды жазадан босату қарас­тырылып жатқаны мәлім болды.

Жадыра МҮСІЛІМ