Бұған дейін Мемлекет басшысының жазатайым қателесіп, қылмыс жасаған адамдарға бірнеше рет рақымшылық жасағаны бар. Мұндай рақымшылыққа әдетте жүздеген, кейде мыңдаған адам ілігеді. Ал жуырда Президент жеке адамға рақымшылық жасады. Ол – Наталья Слекишина деген азамат. Жаза басып, сотталғандар арасынан айрықша «мәртебеге» ие болған бұл азамат кім? Не үшін істі болып, оған неге кешірім берілді?
Сегіз жылға сотталды
Қарақшылық жасағаны үшін жаза арқалаған Наталья Слекишинаның есімі елге жақсы таныс. 2015 жылы Жамбыл облысының тумасы 32 жастағы Наталья Слекишинаға Алматы қаласының Алатау аудандық соты Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы, яғни «ірі мөлшерде мүлік ұрлау мақсатында жасалған қарақшылық» ісі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сотта келтірілген дәлелдерге сәйкес, сол жылдың қаңтарында Наталья Слекишина екі серіктесімен бірге өзі тұратын азаматтық күйеуі мен оның анасына қарақшылық шабуыл жасаған. Нәтижесінде, қылмыскерлер қылмыстық үйден зергерлік бұйымдар, ұялы телефондар мен қомақты қаржыны ұрлап кеткен. Қылмыс жасағанға дейін ол қаладағы сұлулық салонының бірінде жұмыс істеген.Хакимов түрмеге қайта қамалды
Сот үкім шығарған жылдың қазан айында сотталушы Наталья Слекишина өзіне зорлық әрекет жасаған Алматыдағы СИ-18 колониясының төрт бірдей қызметкерін сотқа берді. Өйткені түрмеге түскеннен кейін алты ай өткенде тұтқынның аяғы ауыр екені белгілі болды. Слекишина сол кезде өзіне жасалған зорлықтан кейін жүкті болып қалғанын, колония қызметкерлеріне қатысты жазған арызы бірнеше мәрте қабылданбай жүргенін айтты. Сондай-ақ оның жүктілігін жасыру үшін Қарағандыға ауыстырылғаны белгілі болған. Сотталушы Слекишинаға зорлық көрсетті делінген төртеудің ішінен Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 тергеу изоляторының қызметкері Руслан Хакимовтың сотталушы Наталья Слекишинаны зорлағаны дәлелденіп, 2016 жылы тоғыз жылға сотталса, қалған үшеуі қызметтен шеттетілді. Сонымен қатар сот оның «әділет майоры» арнайы атағынан айырып, өмір бойы мемлекеттік лауазымдарды атқаруына тыйым салды. Алайда ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеген Руслан Хакимов 2019 жылы үлгілі тәртібі үшін шартты түрде босатылды. Бірақ Наталья Слекишина бұл шешіммен келіспейтінін, Хакимов оған моральдық шығын төлемегенін, қызына алимент төлеуден жалтарғанын алға тартқандықтан, сот Хакимовты түрмеге қайтару туралы шешім шығарады.Слекишинаға жасалған сенім
Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жатқан Наталья Слекишинаға кешірім берді. Президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Наталья Слекишинаға кешірім жасау актісі құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан жасалған зорлық-зомбылық фактісін мемлекеттің мойындауымен де байланысты болғанын айтты. Оның үстіне, Слекишинаға қатысты бұдан бұрын да қылмыстық жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағаны себеп болған. Айта кетейік, 2017 жылы Іле аудандық соты Наталья Слекишинаның жазасын бес жылға кейінге қалдырған. «Сол кезден бастап ол өзін үш баланың жақсы анасы ретінде көрсетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтып, пробациялық бақылау кезеңінде мінез-құлқына шағым түскен жоқ. Президент қабылдаған кешірім Слекишинаға мемлекет тарапынан жасалған сенім деп түсіну керек» деп қосты Эльвира Әзімова. Сондай-ақ омбудсмен ІІМ-де жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалар адамдардың қадір-қасиетіне қол сұғуды болдырмауға мүмкіндік береді деп үміттенетінін жеткізді. Колония қызметкерлері Наталья Слекишинаның түрме ішінде үлгілі тәртіп көрсеткенін айтып отыр. Сотталушы осы жылдарда қызына аналық жылулық көрсетіп қана қоймай, қаржылық жағынан қамтамасыз етіп келген.Кешірім кімге берілмейді?
Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия соңғы «Рақымшылық туралы» заң жобасына оң қорытындысын берген. Комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымынша, сотталғандарға өз өмірін өзгертуі үшін мүмкіндік беріп, түрме халқының санын азайту маңызды. «Заң жобасында рақымшылық жасалатын сотталушылар бірнеше санат бойынша бөлінген. Қылмысты бірінші рет, жеңіл қылмыс жасаған немесе 5 жылға дейін жаза кесілгендерге кешірім берілуі мүмкін. Ал біреудің еңбегін қанау, жезөкшелікке мәжбүрлеу бойынша адам саудасына қатысты сотталғандарға кешірім берілмейді. Оларды шартты түрде босатуға да рұқсат етілмейді. Бұл халықаралық стандарттарда бар», – дейді Тастемір Әбішев. Бұдан кейін сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандар, экстремизмге, лаңкестікке байланысты қылмыстар рақымшылық жасауға кіргізілмеген. Бірақ заң жобасы бойынша, жазасын өтеудің белгіленген мерзімін аяқтаған соң шартты түрде босап шығуы мүмкін. Ал педофилдер мен аса қатыгездікпен азаптау әдісін қолданып адам өлтіргендерге, мемлекетке сатқындық жасаған қылмыскерлерге рақымшылық жоқ. Мейлі, ол бұрын құқық қорғау қызметкері болса да, азаптау әдісімен қылмыс жасағандарға кешірім берілмейді. Қанша жерден жеңіл болса да, екінші рет қылмыс жасаған адамға рақымшылық жасалмайды. «Бұл қылмыстың қайталануы болғандықтан, жаза мерзімі ұзартылады. Өйткені ол мемелкеттің өзіне берілген сенімін түсінбеген. Ізгілікті елдердің барлығында сотталғандарға рақымшылық жасау қолданысқа енгізілген. Ал Слекишинаға келсек, ол Президент атына рақымшылық жасау туралы өтініш хатын жолдаған. Оның өтінішін арнайы комиссия қараған соң ғана ұсыным беріледі. Ары қарай кешірім мен мүмкіндік беру туралы шешімді Мемлекет басшысы ғана береді», – дейді Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев. Демек, соңғы сөз Президентте. Жалпы, тәуелсіздік жылдары 9 рет рақымшылық жасалды. Айталық, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық кезінде түзеу мекемелерінен 1,5 мыңға жуық адам босатылды. Сондай-ақ сотталған 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетілді. Қылмыстық саясатты ізгілендірудің арқасында соңғы жылдары түрме «халқының» саны екі есеге азайды. Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Рақымшылық туралы» заң жобасы әзірленіп, ол бойынша мемлекет пен азаматтарға үлкен қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған және келтірген шығынды өтеген адамдарды жазадан босату қарастырылып жатқаны мәлім болды.Жадыра МҮСІЛІМ