Қарағанды облысында жоғары лауазымды шенеунік 500 адамға арналған той өткізіп, қыз ұзатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
7 тамыз күні әлеуметтік желілерде жарияланған видеода қарағандылық шенеуніктің 500 адам шақырып, қыз ұзату тойын жасағаны белгілі болды.
Ресми емес дереккөздерде шенеуніктің облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы екені айтылуда.
Оқиғаға қатысты түсініктеме берген облыстық әкімдіктің өкілдері мемлекеттік қызметшіге қатысты арнайы тексеру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
«Аталған мемлекеттік қызметшіге қатысты арнайы тексеру тағайындалады, карантин шектеуін сақтамау дерегі расталған жағдайда, оны қызметінен босатуға дейінгі қатаң шара қабылданады»,- деді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.
Ол, сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуына байланысты ұйымдастырушыларға әкімшілік айыппұл салынатынын мәлімдеді.
«Санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың бұзылуына байланысты «Ариста» мейрамханасының иелеріне қатысты нысанның қызметін тоқтату бойынша шара қабылданады. Халық арасында COVID-19 ауруының өсуіне қарамастан, мекеме иелері мен бұқаралық шара ұйымдастырушылар өз жақындарына инфекцияның жұғуы мен таралу қаупін төндіретіні өте өкінішті. Бұл мәселе Қарағанды қаласы әкімдігінің, құқық қорғау органдарының және мониторинг тобының жеке бақылауына алынды», - деді М. Шаповалова.
Айта кетсек, коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан Қарағанды облысында өткен тәулікте өңірде 1050 адам COVID-19 вирусын жұқтырған.