Қазақстанда жалған екпе төлқұжаттары мен ПТР-тест анықтамасын сатқаны үшін 20 медицина қызметкері ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.
"ПТР-тест анықтамасы мен екпе құжатын қолдан жасағаны үшін 28 адам, атап айтқанда, 20 медицина қызметкері мен сегіз делдал анықталды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде жалған екпе төлқұжаттары мен ПТР-тест анықтамасын сату туралы 70 жарнама анықталды, олардың 37-сі бұғатталды", - деді Ораз брифингте.
Оның айтуынша, осы санаттағы істер бойынша тергеу және сот практикасы қалыптасқан, қазірдің өзінде заңды күшіне енген сот актілері бар. Осылайша, төрт қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылды, 43 іс бойынша тергеу әрекеттері мен сараптамалық зерттеулер жүргізілуде. Олар аяқталғаннан кейін күдіктілердің іс-әрекетіне құқықтық баға беру түрінде процессуалдық шешімдер қабылданады.