«Жасыл ел» жастарды жұмыспен қамтыды
«Жасыл ел» жастарды жұмыспен қамтыды
335
оқылды

Алматы облысының  «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары  2020 жылы  Jyl serpini номинациясын иеленіп, үздіктер қатарынан  көрінген болатын. Биыл да сол қарқынынан тайған жоқ. «Жасыл ел» штабы ХVІI маусымдық еңбек жұмысын шілде айынан бастап, бүгінге  дейін 944 жасты жұмыспен қамтып отыр.

Облыстық  Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма­ның мәліметіне қарағанда,  «Жа­сыл ел» құрамында ЖОО-ның 217 студенті, кәсіптік техни­калық білім беру орталығының 304 студенті, 245 мектеп оқу­шысы, 178 жұмыссыз жас бар. 2021 жылы штаб  жұмысына бюд­­жет­тен 151,6 млн  теңгеге жуық қаржы бөлінген. Өткен бір айда облыс бойын­ша жастар «Жасыл бақ – таза қала», «Таза  өзен – таза жағалау», «Жай­қалсын жас терек», «Эко­десант» акцияларын өткізіп, эко­логиялық тазарту шараларын атқарып,  «Армысың, Ардагер», «Үлкенге құрмет – кішіге міндет» атты қамқорлық акциялары ке­зінде қарттарға жәрдем көрсетті. Жалпы,  шілде айында жас­тар­дың қатысуымен облыс бо­йынша 156 шақырым арық ар­шылып, 301 гектар жердің шөбі шабылған, 176 гектар жер тазар­тылып, қоқысы шығарылған. Сонымен бірге өңірде  сту­дент­тік құрылыс жасақтарының қызметі қайта жандана бастады. Бүгінде  облыс көлеміндегі құ­рылыс жұмыстарында осындай отряд құрамындағы 211 жас жұмыс істеп жүр.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы