Өз бетінше емделіп, ауырғандар көп
Өз бетінше емделіп, ауырғандар көп
340
оқылды

Соңғы мәліметтерге қарасақ, елімізде COVID жұқты­ру­­шылар саны 641 885-ке жетіпті. Қазір вирус жұқтыру ша­рық­тау шегінде тұрған сыңайлы. Өздеріңізге белгілі, күн са­йын бірнеше адам өмірмен қош айтысып жатыр. Біріміз­дің туысымыз, біріміздің көршіміз, енді біріміздің көзта­ны­сымыз аты жаман аурудың тырнағына ілігіп, айықпастан ана өмірге аттанып кетуде. Халық қауіп құшағында.

Дәл осындай жағдай өткен жыл­дың шілде айында болған. Мұн­дай сұмдықты көрмеген адам­дар былтыр абдырап қалды. Ме­дицина саласында да дайындық­тың жоқтығы қатты білінді. Оттегі жет­пей, қаншама адамнан көз жа­зып қалдық. Дәрі тапшылығы се­зіліп, сенделген жұрттың есебі бол­мады. Дәріханалардың алдын­дағы ұзын сонар кезектің де куәсі болдық. Одан бөлек, провизорлық орталықтарда науқастардың көптігінен адам сыймай жатты. Амал таппаған жұрт кім қандай ем түрін айтса соны істеп, ауруды асқынтып алғандар қаншама! Биыл да жағдай мәз емес. Ал­маты қаласының бас санитар дәрігері тамыздың 10-12-сіне ауру жұқтырудың кезекті толқыны шарықтау шегіне жетуі ықтимал деген болатын. Айтса айтқандай, дәл қазір еліміздің барлық аума­ғында эпидахуал күрделі. Шым­кентте бір күнде КВИ-дің 500-ден аса жағдайы тіркеліп жатыр. Кеше ғана тіркелген 565 науқастың 269-ы инфекциялық стационарға жат­қызылса, 296-ы үй бақылауына алынған. Шымкент қалалық психикалық ден­сау­лық орталығының (бүгінде инфек­ция­лық стационар) бас дәрігері Серік Мың­баев орталыққа негізінен ауруын асқын­дыр­ғандар түсетінін айтады. Ал бастапқы ауру белгісі барлар үйінде емделіп жа­тыр. «Бізде өкпе қабынуының 50 па­йыздан астамы мен сатурация­сының мөлшерден әлдеқайда тө­мендері ем қабылдап жатыр. Жан­сақтау бөлімінде негізінен егде жас­тағы кісілер. Науқастардың саны артып, тестте оң нәтиже көрсетушілер көбейген. Алайда оң нәтиже көрсеткенімен, аурудың жеңіл түрі көбейіп тұрғаны қуан­тады. Емханаларда емдеу қуат­тылығы жоғары. Шілде айында біздің орталық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұй­рығымен 100 төсек-орындық ин­фекция­лық стационар болып ашылды. Қазір мұн­да 52 науқас ем алып жатыр. Науқастар­дың түсуі әр күні әрқалай. Кеше 2 адам түсті. Алайда аурудың өршуіне бірнеше се­беп болып тұр. Тұрғындар «Құ­дай сақта­сын!» деген ойды әбден миына сіңіріп ал­ған. Осы сөзді іштей айтады да, той-тома­лаққа, құдалыққа барғаны былай тұрсын, бетпердесіз, эпи­демиялық сақтану шара­лар­ын орындамай жүре бе­реді. Одан кейін маңызды жағдай – ақпан айынан бері жүргізіліп жатқан вак­цинациялау шарала­рына мән бермеу. Адам­дар анти­ваксер­лердің, кейбір блогер­лердің «чип қояды», «бедеу болып қала­сың» деген сөздеріне сеніп, вакцина салудан бо­йын аулақ ұстап отыр. Дегенмен қазір ауру­ханаға түсіп жат­қан науқастардың арасында вакцина алғандардың мөлшері 1 пайызды ғана құ­рап отыр. Оның үстіне олардың ауыр не бол­маса қатерлі жағдайға тап болғанын көрген жоқпыз. Вакцинаның бірінші мақсаты алдын алу және ауырған күнде де жеңіл өтетіні тәжірибеде дәлел­деніп отыр», – дейді бас дәрігер. Сондай-ақ Серік Ибрагимұлы жансақ­тау бөлімінің толып қала беруі адам­дар­­дың ем шараларды өздігінше жасауынан болғанын айтады. «Қазір барлық адам дә­рігер болып кетті. Емдеу хаттамасын ала­ды да, сонымен дәріханалар жанындағы егу бөлмелеріне барып, көк тамырға укол салдыра береді. Мәселен, ауру басталған­нан антибиотиктер мен вирусқа қарсы пре­параттарды тамырдан құйдырып жата­ды. Оған жөтелге қарсы дәрі-дәрмекті қо­сады. Ал қазіргі коронавирус инфекция­сын емдеуде оның бәрі тыйым салынған дәрілер болып есептеледі. Бұл ғылыми түр­де дәлелденген. Оның барлығы науқас­тың жағдайына әсер етеді. Өткен аптада өңірімізге Денсаулық сақтау министрі, оның орынбасары келіп кетті. Олардың айтуынша, еліміз бойынша жасалып жат­қан тәжірибе, бастапқыда тек қабынуға қарсы және ыстықты басатын дәріні ғана қолдану керек. Күшейгенін сезсе тез арада мобильді топты шақырту қажет. Сон­дық­тан емхананың мобильді тобын жандан­дыру керегіне нұсқаулық берді. Қала бас­шылығы тарапынан берілген тапсырмаға сай қазір бұрынғы 103 нөмірі арқылы тұрғындар өздерінің қандай емханаға, қандай дәрігерге жүгінетіні туралы ақпарат алып, телефон арқылы кеңес алуға бола­тыны қолға алынды», – дейді ол. Алайда әлі де болса процедуралық ка­бинеттер мен дәріханаларға барып ем алып жүргендердің көптігінен осындай асқыну жағдайына жетіп отырғанын атап өтті. Тіпті, кейде жансақтау бөліміне де тап­шылық сезіліп қалады екен. Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласындағы 27 маман­дандырылған инфекциялық стационарда 3 580 орын бар. Қазір ондағы 799 төсек-орны бос тұр. Инфекциялық стационар­да – 2 781 науқас, жансақтау бөлімінде 381 науқас ем қабылдауда. Демек, вирус жұқтырған қала тұрғыны үшін ауруханада бос орындар бар. Әйткенмен де, өздігінше емделу дерегінің көп екені рас. Себебі адамдар арасында «мобильді топқа хабарлассақ, ауруханаға алып кетеді», «ауруханаға барған адам тірі шықпайды» не болмаса «отбасымызбен карантинге жауып тастайды» деген үрейдің басым екені рас. Сондықтан екінің бірі ауру­дың алғашқы белгісі басталғаннан-ақ әркімнен естіген дәрісін қабылдап, одан әрі ушықса система құйдырып жатады. Сосын әбден асқынғанда барып дәрігер­лерге жүгінеді. «Кәдімгі тұмау сияқты бас­талатын бұл вирус қосымша созылмалы аурулары барларға қауіпті», – дейді ма­мандар. Ал процедуралық кабинеттердің қауіпті екені соңғы кездері қала әкімдігінің жиында­рын­да да жиі айтылып жүр. Мұны қала әкімі тұрғындардың өз денсаулығын қорғауда білімі жеткіліксіз болғандықтан, дәріха­на­лар жанындағы екпе егу бөлме­леріне көп­теп жүгініп жатқанын айтады. Сөйтіп, сала ма­мандарына тұрғындар ара­сында ауруды ас­қын­дырып алмау үшін ақпараттық жұ­мыс­­тарды күшейтуді тап­сырды. Себебі дә­ріхана мамандары тара­пынан COVID індеті бо­йынша ем жүргізу протоколына сай келмей­тін дәрілер таға­йындау жағдайы кездескен. Бұл тұрғыда Шымкент қалалық Сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова да «дәріханадағы қыз­меткерлердің тағайындаған қағазына сен­беген дұрыс», – дейді. «Системамен су құй­ған сайын өкпенің ішіне су толады. Өк­пеге су толғанда адамның жағдайы на­шарлай бастайды», – дейді ол. Тіпті, тексеру барысында бірқатар нау­қастың қолында дәрігердің нұсқаулығы да болмай шыққан. Ендеше әрбір адам өздігінше ем қа­был­дауды тоқтатып, мамандардың кеңе­сіне құлақ асқан абзал-ау.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы