Мәдениет пен спорттың еншісі бөліне ме?
Мәдениет пен спорттың еншісі бөліне ме?
389
оқылды

Әупірімдеп жүріп Токио Олим­пиадасын да өткердік. Қазақстан құрамасының нә­ти­жесі жанкүйер қауымның көңілін көншітпегені айдан анық. Сегіз қоланы серік етіп, спортшылар елге оралды. Де­­генмен бір мәселенің тиегі ағы­тылғалы тұр. «Көрсеткіш неге нашар болды?» деп спорт сала­сын­дағы бас­шы­лардың бір бас қосары анық. Ал бұл тұста қоғам да үнсіз қал­ған жоқ. Көпшілік қа­зіргі Мә­дениет және спорт ми­нистрлігін екіге бөлуді ұсы­нып жатыр. Дегенмен бұл бас­­тама келешекте спорт­тың да­мып кетуіне кепіл бола ала ма?

Сыннан арашалауға себеп жоқ

Төртжылдықтың дүбірлі додасы саналатын биылғы Олимпиадаға елі­міз 27 спорт түрінен 96 лицензия ұтып алған еді. Жұрт жолын тосып, жүлде алар деп сенген осы жүзге жуық спорт­шының кемі екі-үшеуі алтын алады деп сенгені жасырын емес. Бі­рақ алтын түгілі, күміске зар болдық. Сегіз қола­мен 83-орынға бір-ақ сыр­ғыдық. Тәуелсіз ел болғалы алтын мен күміссіз қайтқан алғашқы Олим­пиада болды. Көп себеп пен сылтауды тізе беруге болады. Кей спортшының бабы келіспеді, енді бірінде мінез, тағы бірінде сәттілік жетіспеді. Төре­ші жығып берген сәттер де болғандай. Алайда бұл Қазақстан спортын сын­нан арашалауға дәйек болмасы бел­гілі. Спортшылар халық салығынан түскен қар­жыға дайындық өткізіп, оқу-жаттығуға аттанып отырды. Сон­дықтан түрлі пікірдің айтылар жөні бар. Соның бірі әрі бастысы болып тұрған – Мәдениет және спорт ми­нистрлігін екіге бөлу жайы. Бір қара­ғанда, екі сала­ның үш қайнаса да сорпасы қо­сылмайтындай көрінеді. Дегенмен бұл бүгін ғана шыққан әң­гіме емес. Осы кезеңге дейін қос сала­ның жұмысын тиімді жүргізу үшін министрліктерді екіге бөлу ке­регі талай айтылған бо­латын. Әзірге «аталған министрлік екіге бөлінеді» деген қауесет шығып жат­қан жоқ. Дегенмен «Мәдениет және спорт министрі ауысады» деген хабар­ды бей­ресми ақпарат көздерінен жиі көріп жүрміз. Айтуларынша, жаңа министр болуы мүмкін тұлға­лардың есімдері де анықталған. Мә­дениет пен спорт саласы біріктірілген ведомствоға басшы болып, елге белгілі спортшылар отыруы мүмкін екен. Бірақ «спортшы министр болса, мәдениет саласы ақсап қалмай ма?» деп қарсы аргумент айтушылар бар. Осыған қарап, расымен министр­лікті екіге бөлудің қажеттілігі бар се­кілді деп ойладық.

Бұрын да көтерілген мәселе

Қазақ спортындағы жабық саясат спорт саласындағы сыбайлас жемқор­лықты өршітіп, кәсіпқой спорт клуб­тары шенділердің қалтасын толты­ратын қамбаға айналып бара жатқан­дай көрінеді. Өткен жылы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені көтерген болатын. Кәсіпқой спорт клубтарын бюджет есебінен қар­жыландыруды тоқтату керегін басып айтты. Үкіметке де тапсырма жүктеді. Елімізде көп жағдайда спорт феде­рацияларын кәсіби мамандар емес, әкім-қаралар басқарады. Кей спорт түрлері кейбір басшының жеке меншігіне айналып кеткендей. Қыс­қасы, қаржысы мол қазақ спортына үл­кен реформа керек деген түйін шы­ғады. Токио Олимпиадасынан кейін спорт федерациялары мен Ұлттық олим­пиада комитеті және ең бастысы Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі халық пен ел басшы­лығы­ның назарына жағымсыз нәти­жесімен ілігетіні айқын. Былтыр маусымда «Мәдениет және спорт министр­лігін екіге бөлу қажет пе?» деген сауалға министр Ақ­­то­ты Райымқұлованың өзі жауап берген еді. Сол кезде ведомство бас­шысы «бізде мәдениеттің де, спорт­тың да бар екенін мақтан тұтамын. Бұл Ән­ұранымызды ойнатып, туы­мыз көкке көтеретін сала­лар сана­лады. Бүгінде мәдениет қайрат­кер­лері де, спорт қайраткерлері де Қазақ­станның бай мә­дениетінің тамаша үлгілерін, спортшы­лары­мыз­дың айрықша жетістіктерін таныту үшін еңбек етіп жүр. Сондықтан қазіргі уақытта бұл екі саланың бір өкілетті орган құрамында болғаны орынды» деп оңай сытылған болатын. Ал дәл соның алдында Мәжіліс де­путаты болған Омархан Өксікбаев бұл мәселені Парламент қабыр­ғасын­да да көтерді. «Сүйегінен миына дейін мәдениет саласында жүрген адамға осы спорттың бәрін егжейлі-тегжейлі біл деуіміз дұрыс емес шығар. Алайда иы­ғыңызға осы жүкті алғаннан кейін Ақтоты Рахметолла­қызы музыка үнінен, стадионның үнін құлағыңызға құйғаныңыз жөн болар. Үкімет спорт пен туризмді мәдениеттен бөліп, басқа ведомство жасағаны дұрыс болады. Өйткені бұл сала өзін-өзі ақтайды. Спорт – Қазақстанның абыройын асқақтата­тын, туын жел­бірететін мүмкіндік» деген еді ол. Ол кезде Қазақстан спорты­ның хәлі осындай төмен дең­гейде екенін ешкім ойламағаны анық. Әйтсе де, депутат алдын ала бір нәрсені сезгендей кейіп танытқан екен. Қош, енді мәселені шындап күн тәртібіне шығарар уақыт келген сияқты.

«Жан-жақты саралау керек»

Біз айтып отырған Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бар. Төрағасы қызметін белгілі спортшы Серік Сәпиев атқарады. Министрлікті екіге бөлу жайлы әңгіме қозғағанда, төраға алдымен барлығын жан-жақты сара­лап алу қажетін айтады. – Бұл – күрделі сауал. Минис­трлік­­ті екіге бөлу мәселесі егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Егер мәдениет пен спортты бөлуді қажет деп санаса, онда алдымен қаржылық, функционал­дық басқару жағын қа­рас­тыру қажет. Қазір барлық мемле­кеттік орган­дар­да мемлекеттік қыз­мет­керлерді қысқарту жүріп жа­тыр. Сондықтан бөлмей тұрып, алдымен барлығын реттеп алу керек, – дейді Сәпиев. Сондай-ақ комитет төрағасы бұ­ған дейін спорттың министрлік ре­тінде және агенттік ретінде де жеке жұмыс істегенін еске салып отыр. Бірақ мемле­кет басшылығы мәдениет пен спортты қосуға шешім қабыл­даған. Сол себепті бәрібір «мәселені алдын ала зерттеу керек» деп санайды.

Депутат не дейді?

Қоғам өкілдері тарапынан кө­теріліп отырған мәселеге қатысты көзқарасын білмекке Мәжіліс депу­таты Айдос Са­рым­ға сауал жолдаған едік. Саясаттану­шы аталған ми­нистрлікті екіге бөлу жайлы ұсыныс­тың жаны бар екенін айтты. – Жалпы, мен Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлу ұсы­нысын қолдар едім. Шынында да, бұл салалар бөлек ведомствода болуы қажет. Спорт министрлігі өз алдына бағыт алып, федерациялармен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс тәрізді. Сон­дай-ақ өңір­лерден, ауыл-аймақ­тардан таланттарды алып шығатын спорт агенттері көптеп шыққаны абзал еді. Ал мәдениет саласын неге бөлек қарастыру керек? Себебі бұл саланың жұмысы аз уақытта көрін­бейді. Көптеген жылды қажет етпек. Театр мен мәдени ошақтар арқы­лы қоғамдық  мәдениет қалыптастыру лезде бола салатын дүние емес. Қорыта айтқанда, Мәдениет және спорт минис­тр­лігін екіге бөлуді ақылға қонымды іс десе болатындай, – дейді ол. Түйіндер болсақ, билік Олим­пиада­­дағы сәтсіздікті ескеріп, минис­трлікті екіге бөліп, спортты бір бөлек ведомство ретінде қарастырады деп айту қиын. Себебі қыруар қаржыны талап етуі мүмкін. Бір анығы, спорт реформасыз қалмауы тиіс. Әйтпесе, Токиодағы до­даны бір жолғы сәтсіз­дікке балап, алдағы Олимпиадада жақсы нәтиже көрсететінімізге сену мүмкін емес.

Мадияр ТӨЛЕУ