Жақында спорттық гимнастикадан Токио Олимпиадасында сынға түскен Симона Байлздың әрекетіне бәрі таңғалды. Өйткені сарапшылар биыл оны 6 алтын медаль алады деп болжаған. Ал ол болса, менталды денсаулығына алаңдап, жарысты жалғастырудан бас тартты. Сөйтсе, Байлз бала кезінен психикалық көңіл күйімен күресетін болып шықты. Әрбір сайыс алдында сенімді болу үшін дәрі қабылдап жүрген. Сонда менталды денсаулық анау айтқандай маңызды ма? Елімізде адамдар бұған қаншалықты мән береді?
Менталды денсаулық дегеніміз...
Біз әңгімеге арқау еткен Байлз Олимпиадаға өзіне қажетті препаратты алып келе алмаған. Себебі Жапонияда бұған тыйым салынған екен. Содан алғашқы айналымда өнер көрсеткеннен кейін жаттығуына көңілі толмаған ол бәрінен бас тартты. «Не болып қалды?» деген сұраққа қарамағындағылар «менталды денсаулығына алаңдағандықтан» деп жауап қатқан. Спортшы бұдан да ары депрессияға түсудің алдын алып, жан тыныштығын қалаған деп топшыласақ болады. Жалпы, «аурудың бәрі жүйке жүйесінен» деп жатады. Кейінгі он жыл ішінде алыс-жақын шетелдерде психологиялық денсаулық ұғымы жиі айтылып жүр. Ал елімізде пандемия басталғалы бері адамдар ішкі көңіл күйіне мән беріп, рухани дүниесін емдеуді қолға алды. Неліктен осының ішінде менталды денсаулықты қарастырып отырмыз? Өйткені денсаулықтың бұл түрі адамның әлеуетін іске асыра алуын, күйзеліске төтеп беруін қарастырады. Сондықтан да ДСҰ психологиялық денсаулықты рухани және менталды денсаулық деп екіге бөледі. Иә, біз осыған қатысты мысалды күнделікті өмірде жиі кездестіреміз. Менталды денсаулықтың бұзылуы әлеуметтік өзгерістен, жұмыстағы күйзеліс, әлеуметтік шеттетілу, жыныстық дискриминация, зорлық-зомбылық пен адам құқығының бұзылуынан туады. Айналаңызға қарап «қазір бейімдеу орталықтары неге көбейіп кетті?» деп ойланып көріңіз. Дамыту орталықтары, бос уақытын тиімді пайдалану курстарынан аяқ алып жүре алмайсыз. Не үшін? Себебі адамдар ішкі ресурсын қайда жұмсауды, өзін тануды, жол табуды білмей жатады. Мәселен, бұрын адамдар үшін бәрін мемлекет шешіп қоятын. 10-11 сыныпты аяқтаса, оқуға түсетін, оны бітірсе жұмыс істеуге ауыл-ауданға жіберетін. Ары қарай сол жерде өсіп-өнетін. Ал қазір тіршілік мүлдем басқаша. Университет бітірсеңіз де, ортаға адаптация жасау қиын. Мектеп оқушылары үшін де солай. Сондықтан психолог пен психотерапевтің көмегіне жүгінген маңызды.Жасөспірімдер де, жастар да өзін сан қырынан сынап көретін жоба жасау. Үйде отыратын әйелдердің де екінші тынысын ашып, қоғамға басқа көзбен қарауға мүмкіндік беру. Қарттарға келсек, әлеуметтік қолдау орталықтарын көбейтіп, бос уақытын сонда өткізуін қадағалау. Мектепте, жұмыста, қоғамның кез келген секторында адамдарға психологиялық көмек көрсету.
Мысалы, психотерапевт Арай Сайлауқызының айтуынша, жағдайды бақылап, түсініп үйрену керек. Биыл менталды денсаулыққа арналған конференцияда, тіпті КВИ-мен ауырмаған адамдардың арасында депрессия, ұйқысыздық, алаңдау көбейгені айтылған. Ал түрлі нәрсені ойлау, бас қатыру психологиялық денсаулыққа кері әсер етеді. Психотерапевт мұны ортамен бірге емес, жекелей дамуды мақсат еткен ғасырдың жемісі деп отыр. «Ата-анасы қызының экономика саласында білім алуын қалады делік. Ал қыздың дизайнер атанғысы келеді. Сол үшін өзі қаламаған салада білім алу оған қиынға соғады. Осы сәтте ішкі қарама-қайшылық туып, ұзақ уақытқа жалғасатын стреске алып келеді. Стрестің соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін. Кейбірі мұнымен күресе алады. Екіншілері жағымсыз эмоциямен өмір сүруін жалғастырып, өзін қинаған үстіне қинай түседі. Әрине, оған психолог пен психотерапевтің көмегіне жүгін дейтін жақынының болғаны игі. Олай болмаса невроздың бұл түрі асқынып кетуі ғажап емес», – дейді ол.Эмоционалды интеллекттің маңызы қандай?
Елімізде әйелдер арасында нейропсихиатриялық бұзылулар жиі кездеседі. Бірақ суицид жасау жағына келсек, ерлер арасында мұндай қадамға баратындар көп. Біразы өмірде өз орнын таппағаннан, отбасындағы қиындық, қаржы мәселесі, жұмыссыздық дерті мазалағандықтан күйзелістің артына қайғы жамайды. Сондықтан мамандар қазір интеллектуалды интеллектпен қатар эмоционалды интеллекттің маңызды екенін айтады. Мысалы, IQ-і жоғары адам бәрімен бірдей араласып, ортаға сіңісіп кетеді деп кім айтты? Жұмыста табысты, ортада сыйлы болу үшін психолог болған абзал. Ал эмоционалды интеллекті жоғары адам кіммен қалай қарым-қатынас жасауға, үйренген білімін кәдеге жаратуға, стратегиялық жоспар құруға бейім екен. Сонда EQ қабілеті жоғары адамдар депрессиядан іргесін аулақ салуға, кез келген іске екінші жағынан қарауға талпынады. Бұл болса психологиялық денсаулық үшін таптырмайтын көмек. Ал менталды денсаулықты күшейту үшін не істеу керек? Психикалық денсаулық күйін түзеу үшін физикалық денсаулықты ғана емдеу аздық етеді. Мәселен, тұмауды емдеу үшін әртүрлі дәрі ішетіндей, менталды денсаулықты түзеу үшін де кешенді жоспар қажет. Мамандар, мемлекеттің психикалық денсаулыққа көбірек көңіл бөлгенін қалайды. Жұмысқа орналастыру, баспана мәселесі, әлеуметтік қамсыздандыру, білім саласына ден қойған жөн. Бала туылғаннан бастап оған демеу болып, дамитын орта қалыптастыру. Жасөспірімдер де, жастар да өзін сан қырынан сынап көретін жоба жасау. Үйде отыратын әйелдердің де екінші тынысын ашып, қоғамға басқа көзбен қарауға мүмкіндік беру. Қарттарға келсек, әлеуметтік қолдау орталықтарын көбейтіп, бос уақытын сонда өткізуін қадағалау. Мектепте, жұмыста, қоғамның кез келген секторында адамдарға психологиялық көмек көрсету. Соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасын, мүгедектерді, мигранттарды қоғамға бейімдеу. Бұл – біздің емес, ДСҰ-ның менталды денсаулықты күшейту туралы баяндамасындағы басым бағыттар. Қазір әлем елдері аталған мәселелерді шешуге күш салып жатыр. Өйткені осы түйінді шешкенде ғана суицидтің алдын алып, қоғамға бейімделе алмаған адамдарды азайтуға болады. Соның ішінде еліміз жасөспірімдерге қолдау білдіру санатына баса назар аударуы керек. Себебі мектептегі психологтар 45 минуттық сынып сағатынан аса алмайтыны шындық. «Баланың неге көңіл күйі жоқ?», «Ол неге сабақта қалғып-мүлгіп отырады»?», «Ол неге тұйық әрі көңілсіз?» дейтін сұрақтарға бас ауыртпайтыны тағы бар. Осы орайда шетелдегідей психолог пен медбике бірге жұмыс істеуі керек. Мүмкін сабақта қалғып отыратын балаға Д витамині жетіспейтін болар. Тұйық әрі үнемі көңілсіз жүретін оқушының отбасылық мәселеден әбден басы қатып, кімге айтарын білмей жүрген шығар. Сондықтан да мамандар мектеп пен мектеп басшылығының жасөспірімдердің менталды денсаулығына көбірек көңіл бөлгенін қалайды. Өйткені олардың ары қарай үлкен өмірге бейімделуі көбінесе үй мен мектептегі жағдайға байланысты екен.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ