Токио Олимпиадасы да мәресіне жетті. Еліміз қатысқан жетінші жазғы Олимпиада ойындары тұңғыш рет алтынсыз, күміссіз аяқталды. Сегіз қоланы қанағат тұттық. Дүбірлі додада Қазақстаннан барған 93 саңлақ 28 спорт түрі бойынша бақ сынады.
Айта кетейік, бұл – ел спортшыларының қатысуымен өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы ең төменгі көрсеткіш. Қазақстан құрамасының бұған дейінгі Олимпиададағы көрсеткішіне тоқталар болсақ, Атлантада (1996 жыл) – 3-4-4 (11), Сиднейде (2000 жыл) – 3-4-0 (7), Афинада (2004 жыл) – 1-4-3 (8), Бейжіңде (2008 жыл) – 2-3-4 (9), Лондонда (2012 жыл) – 3-1-7 (11), Рио-де-Жанейрода (2016 жыл) – 3-5-10 (18) жүлдеге ие болдық. Өкінішке қарай, Токиоға барған қазақстандық 9 боксшының ешқайсысы финалға шыға алмады. Осылайша, 1996 жылдан бері қатысқан Олимпиада ойындарында бокстан алтынсыз қайтпаған боксшыларымыз тұңғыш рет ақтық сынға жетпей сүрінді. Олимпиада қорытындысы бойынша, медальдар есебінде АҚШ құрамасы 1-орын алды – америкалықтар 113 медаль еншіледі. Бұған дейін көш бастап тұрған Қытай 2-орынға сырғыды – 88 медаль. Үздік үштікті Олимпиада қожайыны Жапония түйіндеді – 58 медаль. Қазақстан құрамасы медальдар есебінде Намибия мен Түрікменстанды алға шығарып, сегіз жүлдемен 83-орын алды. Көрші елдермен салыстырсақ, Ресей (20-28-23) 5-орынға тұрақтады. Ал 3 алтын мен 2 қола медаль еншілеген Өзбекстан 32-орынға тұрақтады. Қырғыз елі 2 күміс, 1 қола жүлдемен 70-орынға жайғасты. Жарыстан соң спорт журналистерінің қойған сауалына грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов «жігіттерді бұл Олимпиадаға бабында апаруға маған уақыт жетпей қалды» деп ақталып, барлық жанкүйерлерден кешірім сұраған. Өзге де спорт түрлерінен спортшыларды жарысқа апарған бірқатар бапкерлер елге келген соң қателіктермен жұмыс істейтінін жеткізген. Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшылардың жеңілуі – көп елдер күтпеген тосын жағдай болғанын сөз еткен Delcotimes.com порталының редакторы Джек МакКаферри Қазақстан құрамасы Токиода бокстан басты фавориттердің бірі саналғанын айтады.– Токиодағы Олимпиада ойындарында көпшілік күтпеген жағдай көп тіркелді. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левиттің испаниялық боксшыдан жеңілуі де, сонымен қатар қазақстандық бірнеше боксшының жарысты ерте аяқтауы да кішігірім сенсацияға баланды. Менің білуімше, Қазақстан құрамасы әуесқойлар арасындағы кез келген бәсекеде фавориттер қатарында жүретін еді. Бірақ осы Олимпиададағы көрсеткіші өте нашар. Осындай төмен көрсеткішке не жағдай әсер еткенін нақты айта алмаймын. Мүмкін бапкерлер боксшыларды дұрыс дайындай алмаған шығар. Стратегия дұрыс таңдалмаған да болуы мүмкін. Боксшылар да уайымын жеңе алмауы ықтимал. Жалпы, фактор көп. Бірақ қазақстандық боксшылардың бұл нәтижесі көп маманды таңғалдырды, – дейді МакКафери.Ал отандық спорт мамандары бұл сәтсіздікті көп жағдаймен байланыстырып отыр. Ислам Байрамуков спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізген Талғардағы база мен Токионың теңіз деңгейінен 1 600 метр аралықта орналасқанын, спортшылардың да жарысқа ыңғайсыз уақытта аттанғанын тілге тиек етті.
– Жалпы, спортшылар жарысқа барарда әр айдың 6,7,8-іне түсіп қалса спортшылардың басы ауырып, аяқ-қолы жұмыс істемей қалатын кездері көп болады. Спортта осындай күндерді есептеп отырған дұрыс. Біздің балуандардың жарыс кезінде сылбыр өнер көрсетуіне осы жағдай әсер етті деп ойлаймын. Алматы Токиоға теңіз деңгейінен 1 600 метр жерде орналасқан. Ал Оралмен арасы 34 метр. Сондықтан біздің спортшыларға Оралда жаттығу жұмыстарын өткізетіндей жағдай жасау керек еді. Оны ешкім ескерген жоқ. Ал Ресей құрамасы соңғы жаттығуын Владивостокта өткізді. Ол жердің уақыт белдеуі де Токиомен бір-біріне сәйкес келеді. Осындай жағдайды басты назарда ұстамағанымыз өкінішті. Бапкерлердің еңбегі 4 жылда өтетін жарыс кезінде зая кетті. Елге келген соң үлкен кеңес құру керек. Ғылыми түрде зерттеп, Ұлттық олимпиада комитеті бәрін қолға алып, кемшіліктерді талқылау керек, – дейді 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.Ал спорт журналисі Бек Төлеу спорт саласын қаржыландыру жүйесі өзгергенін, осы тұста көптеген қателікке жол берілгенін сөз етті.
– Елімізде көптеген спорт түрлері бойынша кадр, маман тапшылығы байқалады. Өйткені Кеңес Одағы тұсында жұмыс істеген азаматтардың көбі зейнет жасында. Олардың ізін басатын мамандар жоқтың қасы деуге болады. Әсіресе, бапкерлердің айлықтары, балалар спортын жаттықтырып жүрген мамандардың жалақысы төмен. Байқасаңыздар, Олимпиадада ең көп медаль беретін спорт түрі – жеңіл атлетика, суға жүзу. Ал бұл салаға бізде жеткілікті түрде көңіл бөлінбейді. Аталған спорт түрлерінен Токиоға барған спортшылардың саны да өте аз. Енді мына қызыққа қараңыз, кедей деген Кения мен Ямайканың медаль саны көп. Өйткені спортшылары бір ғана жеңіл атлетикамен 5-6 алтын алып жатыр. Осыдан-ақ елімізде спорт саласының қай деңгейде екенін аңғаруға болады, – дейді ол.Иә, Токио төрінен алтынсыз, күміссіз қайттық. Ұлттық құрама сапынан қола жүлдені боксшылар Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, дзюдошы Елдос Сметов, каратэшілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцева және еркін күрес шебері Нұрислам Санаев иеленді. Қалай дегенмен де бұл дода қазақ спортында өзекті мәселелер бар екенін аңғартты. Ол мәселе алдағы уақытта екшеленіп, зерттеліп, тиісті шешім шығарылады деп үміттенеміз. Ал ел намысын абыроймен қорғаған 8 спортшыға айтар алғысымыз зор.
Абылайхан ЖҰМАШ