Атырауда өкпесі 96 пайыз зақымданып, бір ай бойы өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылған әйел емделіп шықты.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 59 жастағы Алтын Төлегенова маусым айының басында Индер аудандық ауруханасына түскен. Жағдайы нашарлаған соң Атырау қаласындағы модульдік аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылған.
«Жансақтау бөлімінде келгенде екі жақты пневмония, өкпенің 96% қабынуы деген диагноз қойылды. Бір ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы жаттым. Дәрігерлердің күш-жігерінің нәтижесінде қауіпті вирустан аман қалдым. Мені бейінді бөлімшенің палатасына ауыстырды, онда емдеуді жалғастырдым», - дейді Алтын Төлегенова.
Бүгін, Алтын Төлегенова модульдік аурухананың инфекциялық стационарынан шығарылды. Қазір оның өкпесі 12% зақымданған. Енді үш ай бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерлердің бақылауында болады.