«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихат депутаты Қамидолла Ирменов тұрғындарды қабылдады.
Қабылдау бөлмесіне материалдық көмек сұраған көпбалалы ана хабарласты. Ол оқу жылы жақындап қалғанын айтып, соған орай оқу формасы мен оқу құралдарын алуға көмек көрсетілсе деген өтінішін жеткізді. Өз кезегінде Қамидолла Ирменов көпбалалы анаға қосымша көмек көрсетілетінін айта келе, өтініш иесінің барлық байланыс деректерін жазып алды. Сондай-ақ оған консультативтік және заңнамалық тұрғыдан кеңес берілді. Депутаттың қабылдауына жазылған тағы бір өтініш иесі 4 рет инсульт соққан, денесінің 95 пайызы жарамсыз болған жолдасына әлеуметтік қызметкерді тағайындау бойынша көмек сұрап хабарласты. Ол министрліктен де, облыстық Әлеуметтік қамтамасыз ету басқармасынан да аталған мәселе жөнінде көмек сұраған. Бірақ ешқандай көмек ала алмай жүргенін айтты. Тиісті мекемеге хабарласқан кезде І топ мүгедегіне әлеуметтік қызметкер және қамқоршысына ешқандай өтемақы заңнамалық нормаларға сәйкес белгіленбейтіні анықталды. Егер тиісті заңнамалық құжаттар қабылданатын болса, бұл мәселе көп күттірмей шешімін табатыны айтылды. Қамидолла Мүтиғоллаұлы барлық мән-жайды толығымен біліп, тиісті мекемеге депутаттық сауал жолданатынын мәлім етті. Келесі болып тұрғын үй кезегіне тұра алмай жүрген көпбалалы ана хабарласты. Қабылдау барысында Казталов ауданында ескі мекенжайы бойынша тіркелгені анықталды. Ескі мекенжайдан тіркеуден шыға алмай жүргенінің себебі – ол тұрғын үйдің қожайынының ауысуы. Қазір қалада жалдамалы пәтерде тұратыны белгілі болды. Депутат көпбалалы ананың байланыс нөмірін жазып алып, оған да бұл мәселе бойынша қосымша консультативтік және заңнамалық тұрғыдан кеңес берілетінін жеткізді.А.ЖАСАНҰЛЫ