Ақтөбеде жайылымның жартысы өртеніп кетті
Ақтөбеде жайылымның жартысы өртеніп кетті

Өңірдің Әйтеке би ауданында дала өрті өршіп тұр. Шаруа­лардың өртпен алысқанына екі тәуліктен асқан. Әуелі Әйке ауылы маңындағы жайылым жерлер отқа оранған. Артынша желдің екпінімен тілсіз жау Талдық, Қайрақты жағына қарай ойысқан. Дала әлі өртеніп жатыр.

Шаруалардың айтуынша, қазір жайылымның жартысы жанып кеткен, мал шығыны да бар. Тұр­ғындар аймақ басшылығы тезірек әре­кет етпесе, жерімізден айыры­ла­мыз деп дабыл қағып жатыр. – Ешкім қастандық жасап, өрт шығармаған. Бірақ жағдай қиын. Сақтап отырған 12 мың қыстық жа­йылымым күлге айналды. Ме­нен басқа бірнеше шаруаның жа­йылымы өртеніп кетті. 8 бас жыл­қым­ды күйік шалған. Бір үйір жыл­­қымды таппай қалдым. Ал жер­­гілікті биліктен көмек жеткен­ше кеш болады, – дейді «Қоныс­бай» шаруа қожалығының басшы­сы Мұрат Сәтмағамбетов. Ал жел айдап, лаулаған өртті тұрғындар өшірмек түгілі, жа­қын­дай алмай жатқан көрінеді. Ал бұл аумақта өрт жиі болатынын білсе де, жергілікті билік жақын маңға өрт сөндіру бекетін сал­маған екен. 2017 жылы дәл осы ауданда өрт болып, 2 адам қаза тапқан болатын. Бұл жолғы өрттің де зардабы мол болмақ. Себебі бұл өңірде өрттің кесірінен мал азығының тапшы­лығы болуы мүмкін. Әдетте Ақтөбе облысы қуаңшылықтан зардап шегетін Маңғыстау, Атырау об­лысы мен Арал ауданына жемшөп жөнелтіп, көмек беретін. Енді өңірдегі шаруалардың өздері зар илеп қалмаса игі.

 М.ЖАЛҒАСҰЛЫ