Өңірдің Әйтеке би ауданында дала өрті өршіп тұр. Шаруалардың өртпен алысқанына екі тәуліктен асқан. Әуелі Әйке ауылы маңындағы жайылым жерлер отқа оранған. Артынша желдің екпінімен тілсіз жау Талдық, Қайрақты жағына қарай ойысқан. Дала әлі өртеніп жатыр.
Шаруалардың айтуынша, қазір жайылымның жартысы жанып кеткен, мал шығыны да бар. Тұрғындар аймақ басшылығы тезірек әрекет етпесе, жерімізден айырыламыз деп дабыл қағып жатыр. – Ешкім қастандық жасап, өрт шығармаған. Бірақ жағдай қиын. Сақтап отырған 12 мың қыстық жайылымым күлге айналды. Менен басқа бірнеше шаруаның жайылымы өртеніп кетті. 8 бас жылқымды күйік шалған. Бір үйір жылқымды таппай қалдым. Ал жергілікті биліктен көмек жеткенше кеш болады, – дейді «Қонысбай» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Сәтмағамбетов. Ал жел айдап, лаулаған өртті тұрғындар өшірмек түгілі, жақындай алмай жатқан көрінеді. Ал бұл аумақта өрт жиі болатынын білсе де, жергілікті билік жақын маңға өрт сөндіру бекетін салмаған екен. 2017 жылы дәл осы ауданда өрт болып, 2 адам қаза тапқан болатын. Бұл жолғы өрттің де зардабы мол болмақ. Себебі бұл өңірде өрттің кесірінен мал азығының тапшылығы болуы мүмкін. Әдетте Ақтөбе облысы қуаңшылықтан зардап шегетін Маңғыстау, Атырау облысы мен Арал ауданына жемшөп жөнелтіп, көмек беретін. Енді өңірдегі шаруалардың өздері зар илеп қалмаса игі.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ