Бұқаралық спорт та ақсап тұр
Бұқаралық спорт та ақсап тұр
470
оқылды

Спорт саласына түбегейлі реформалар қажет екенін Токио Олимпиадасы дә­лел­деді. Барлық жауап­кер­ші­лікті кәсіби спортқа жүктеп, реформа күтіп, қол қусырып отыруға болмас. Бұқаралық спорт – спорт саласының ең маңызды іргетасы. Оны да­мыт­пай, ел спорты Олим­пиа­да тәрізді белестерді ба­­ғын­дыруы мүмкін емес. Дегенмен хал­қымыз спорт­ты серік етіп жүр ме? Токиода ақсаған спортшыларымыз секілді бұқаралық спор­ты­мыз да аяғын нық баса алмай жүр­гендей.

Олимпиадалық спортқа қаржы шығын

Еліміз олимпиадалық спортқа мол кө­лемде қаржы бөледі. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған дерек бо­йынша, Қазақстан спортшылардың жаттығуына жыл сайын кемінде 10 мил­лиард теңге шығындайды. Ал Токио Олим­пиадасы жақындаған тұста, былтыр еліміз осы мақсатта 15 миллиард теңге бөлген екен. Бірақ осыған қарамастан биылғы Олимпиадада спортшылардың көрсеткіші қандай болғанын білеміз. Мол қаржыға қарамастан, ел құрамасының нәтижесі тым нашар болды. Дегенмен бөлінген ақшаның игілігін кім көріп жатыр? Былтыр Мәжіліс қабырғасында осы төңірегінде дау туған. Депутаттар олимпиадалық спорт түрлеріне бағытталған қаржы спортшылардың жат­тығуы­на емес, менеджерлерге жұмсалып жатқанын айтып, сынаған болатын. Бір қызығы, жуырда Олимпиададағы сәтсіз­дік­ке қатысты сын көбейген тұста Мәде­ниет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «4 жылдықтың басты додасы үшін бөлінген ақша аймақтағы әкімдік­тердің кәсіби спортқа бөлетін қаржысынан әлдеқайда аз» екенін жеткізген еді. Бұл сөз бір жағынан ақталу іспетті болғанымен, шынында да кей облыстағы әкімдер жергілікті бюджеттің 60-70 пайызын фут­бол клубтарына құйып жататыны жасырын емес. Одан Қазақстанда аса оңып кеткен бір футбол клубын көргеніміз жоқ. Мұны­мен қоймай, легионерлерге үміт артамыз. Сөзіміз жалған болмасын, қаражатты үйіп-төккенімізбен, 60-70 мың көрермен сый­ғыза алатын стадион салмадық. Елдегі алаң­дардың түгеліне дерлік жасанды төсеніш төселген. 2019 жылы жазда қызыл­ордалық «Қайсар» командасы Шымкент­тегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда кипрлік АПОЭЛ командасын қабылдады. Сонда алаңның жаз мезгілі бітпей жатып, сап-сары түске боял­ғанын байқадық. Аталған стадион – еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі. Кезінде шаһар басшысы болған Ғабидолла Әбдірахымовтың сол алаңды жаңартуға 40 миллион АҚШ долларын жұмсады дегенді естідік. Бірақ жаңарған түгі жоқ, әлі күнге дейін ескі қалпында тұр. Қалған өңірлердегі алаңдарға да жөндеу жұмыстары жиі жаса­лады, бірақ 2-3 жылдан кейін қайта тозып ке­теді. Енді олимпиадалық спорт түрлерінің жағдайына қайтып оралсақ. Қазақстан Олимпиада дегенде басымдықты сол баяғы бокс, күрес пен ауыр атлетикаға ғана беретінін анық. Биыл осы үш спорт түрі сәтсіздікке ұшыраған еді, жалпы құрама алтын не күміссіз қалды. Ал жеңіл атлетика, жүзу, командалық спорт түрлері кенжелеп қалған. Мысалы, елімізде жүзу спортына арналған әлемдік стандартқа сай бассейн­дер жоқ. 2016 жылы Риода жүзуден Олим­пиада чемпионы атанған Дмитрий Балан­дин жүзетін орын жоқ жерден шықты. Олим­пиада ойындарында жеңіл атлетика­дан 48 медаль, жүзу спортынан 24 медаль таратылады. Бір спортшы бір барғанда 5-6 медаль алатын мүмкіндікке ие. Ал еліміз ойнатылатын көп жүлденің ішінен тек біреуін жеңіп алғанға риза. Мұның бәріне қарап отырып, еліміздегі спорттың жағ­дайы мүшкіл емес деп көріңіз. Түптеп келгенде, біздегі бұқаралық спорттың дамымағанының көрінісі.

Бұқаралық спорт кенжелеп қалды

Бұқаралық спортты дамытпай, олим­пиадалық спорт түрлерін дамытам деу құр әурешілік. Мәселен, АҚШ осындай тү­сінік­ті қабылдаған ел. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігі ел тұрғындарының 30,6 пайызы спортпен айналысатынын жария етті. Бір сөзбен айтқанда, халықтың 3/1 бөлігіне жуығы спортты серік еткен. 2014 жылы бұл көрсеткіш 25 пайызды құраған. Бұқара спорты 6 жылдың ішінде тек 5 пайызға өсіпті. Ал мектеп оқушы­ларының 59 пайызы, студенттердің 31 па­йызы ғана дене шынықтырады. Өзге елдермен салыстырғанда біздегі жағдай мәз емес. Мәселен, АҚШ, Канада мен Жапония халқының 60 пайызға жуығы, көрші Ресей азаматтарының 55 пайызы спорт­пен шұғылданады екен. Бірақ Мәде­ниет және спорт министрлігі жағдайды жақсыға балап келді. Былтыр министр Ақтоты Райымқұлова «Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленіп жатқанын хабарлады. Сол кезде ол «дәл осы норма­тивтік құжаттар бұқаралық спортқа кәсіби спортпен тең дәрежеде қаражат қарас­тыруға мүмкіндік бермек» деген еді. спорт «Спортты қаржыландыру жергілікті атқарушы органнан түседі. Республика бойынша бұл шамамен 153 млрд теңге. Осы қаражаттың қайсысы кәсіби спортқа, қаншасы бұқаралық спортқа бөлінетінін де жергілікті атқарушы органдар анық­тайды. Статистика көрсетіп отырғандай, қаражаттың көбі спорттың белгілі бір тү­ріне, яғни  кәсіби спортты дамытуға жұмса­лып отыр. Бірақ осы саладағы уәкілетті орган ретінде біз үшін медальға қарағанда, халықтың денсаулығы маңызды. Біздің ендігі мақсатымыз – бұқаралық спортты да­мыту. Сондықтан  «Бұқаралық спорт туралы» заң жобасын және бұқаралық спортты дамыту туралы кешенді жоспар әзірледік», –  деді ведомство басшысы. Ал жағдай шынымен жақсарды ма? Қазақстан бойынша бұқаралық спортпен шұғылдануға арналған 30 мыңнан аса ғимарат бар. Бірақ халықты түгелдей спорт­қа тарту үшін бұл жеткіліксіз. Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы бұй­ры­ғының бекітілген сәулет, қала құры­лысы және құрылыс саласындағы мемле­кеттік нормативтерге сәйкес, елімізде әрбір мың адамға 80 шаршы метр спорт алаңы болуы тиіс. Дегенмен қазір елімізде әрбір мың адамға 47 шаршы метр спорт алаңынан келеді. Бұл мемлекеттік норма­тивте белгіленген деңгейден екі есе төмен. Тіпті, 2 000-ға жуық мектепте спортзал мүлде жоқ. Біздегі проблеманың тағы бір басты себебі – ақылы спорт кешендерінің қызмет құны қалта көтере бермейді. Жақсы жабдықталған ақылы спорт кешендері кем дегенде айына 40-50 мың теңге сұрайды. Бұдан кейін бұқараға кінә артуға болмас. Журналист Дәурен Сейітжанұлы бұқара­лық спорттың халі тым нашар екенін бір мысалмен айтады. – Қызылорда қаласының «Шанхай» аталып кеткен ауданында 30-40 мың халық тұрады, бірақ бірде-бір дені дұрыс спорт немесе жаттығу алаңқайы жоқ. Бір спорт кешені бар екен. Тақияға тар келіп тұрғаны айдан анық. Балалардың барар жері жоқ. Жаттығу кешендері жырақта орналасқан. Ата-аналары ол жаққа қауіптеніп жібергісі келмейді. Ал балалар үйлерінде қамалып, телефон шұқылап отырмақ. Осыдан кейін чемпиондар қайдан шықсын,  – дейді ол.

Халық саулығы алаңдатпақ

Спорт тек елдің абыройын асқақтатып, даңқын шығару үшін қолданатын құрал емес. Ол халықтың денсаулығын, өмір сапа­сын нығайтуға үлес қосуда зор рөл атқара­тын маңызды дүние. Қазір  ағзасы­ның қандай да бір органы ауыратын жандар айналамызда толып жүр. Сол үшін есепте тұрады. Мәселен, 2017 жылы елімізде диспансерлік есепте 4 миллион адам тұрған. 2019 жылы мұны тағы 35 мыңнан астам адам толықтырған. Яғни, халықтың 20 пайызға жуығының алаңдатар дерті бар. Көптеген елдер медицинаны дамытатын кезде ауруды емдеу жолынан бұрын оған басқа адамдардың да шалдықпау жолын қарастырады. Ал бұқаралық спорт сол жол­дың өзі болса керек.

Мадияр ТӨЛЕУ