Бақытын басқа елден іздегендер
Бақытын басқа елден іздегендер
210
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жыл уақыты ішінде қазақ даласында туып-өскен 4 миллионнан астам адам бүгінде әлемнің әр түкпірін кезіп кеткен. Бұл қазақстандықтардың жалпы санының 22 пайызынан асады. Яғни, туған мемлекетінен қоныс аударғандардың көптігі жағынан Қазақстан Сириядан (40 пайызға жуығы елден кеткен) кейінгі екінші орында тұр. Шам елінің жағдайы түсінікті, тұрғындары соғыстан бас сауғалай қашып, өзге жерден пана іздеп, босқынға айналған. Ал ешқандай соғыс жоқ, ың-шыңсыз бейбіт заманда Қазақстан­нан мұншама жұрттың көшуіне не себеп?

Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?

Қазақ топырағында дүниеге кел­гендердің бестен бірі қазір шет­­ел­­дерден тұрақ тапқан. «Арқа­да қыс жылы болса, арқар ауып не­сі бар?» демекші, мұның саяси-эко­номикалық мәні тереңде. Әл­бет­те, бұл көрсеткіш 90-жылдар­дың ба­сында тарихи Отанына ауа көшкен славян, еуропатектес халықтардың есебінен көбейіп отыр. Бірақ қалай дегенмен де, олар да бір кездері қазақстандық аза­­мат атанып еді. Олардың біреу­лері Одақ құлаған­нан кейінгі аяғынан шатқаяқтап енді тұра бас­­таған жас мемлекеттің бола­ша­ғына күмәнмен қараса, енді біреу­лері саяси-экономи­ка­лық жағдай­дан қорықты. Еңбек ресурстарын дамыту ор­талығының дерегі бойынша, тек 90-жылдардың басында, айнал­дырған үш-төрт жылдың ішінде Қазақстаннан Ресейге 2,7 млн адам кетсе, Германияға 940,3 мың адам және Украинаға 224,4 мың адам көшкен. Әсіресе, республи­каның өндірісті орталық, шығыс және сол­түстік өңірлерінен толас­сыз ағыл­ған. Мәселен, қоныс ауда­ру­шылардың 50 пайызын Қа­рағанды, Шығыс Қазақстан, Қос­танай және Павлодар облыста­ры­ның тұрғын­дары құрайды. Әри­не, елден кө­теріле көшіп кеткендердің 90 па­йызы – орыс ұлтының өкілдері. Көш-қон үрдісі әлі де бә­сең­деген жоқ. Рас, қоныс аударушы­лардың орны шетелдерден келіп жатқан қандастармен толығып тұ­ратын, тіпті бірқатар жылдары сырттан келушілердің саны кет­кен­дерден анағұрлым көп болған. Алайда кейінгі кездегі сырттан келетін қандастар көші сылбыр, кедергі көп. 1993 жылы егемендікке енді қол жеткізгенімізде – 60 мың, 2009 жылы 100 мыңнан аса адамды қабылдаған Қазақстан, енді Тә­уел­сіздігіміздің 30 жылдығында – 2021 жылы тек 1 426 адамға ғана квота белгілепті. Сөйтіп, 30 жыл ішінде көшіп келген қандастардың көрсеткіші 70-75 есе құлдыраған. Тіпті, 2012-2016 жылдары қандас­тарды көшіріп әкелуге мүлде квота бөлінбеген?! Оның үстіне, елімізде 2012 жылдан бері миграцияның теріс сальдосы бір төмендемей қойды: 2017 жылы – 22 130 адам; 2018 жылы – 29 121 адам; 2019 жылы 32 970 адам. Жекелеген өңір­лерде тұрғындардың депопуля­ция­сы мұнан да сорақы. Ал Атырау мен Батыс Қазақстан облыста­рында, тіпті одан кейін, 2017-2021 жылдары да бес жыл қатарынан бір де бір квота бермеген. Бұл жылдары БҰҰ мәліметін­ше, 2017 жылғы Қазақстаннан көшіп кеткендердің саны 37 700 адам болған. 2018 жылы 41 900 адам қоныс аударған. 2019 жылы 45 мыңнан астам басқа мемлекет­терден тұрақ тапқан. Өздеріңіз көргендей, кейінгі жылдары тек те­ріс сальдо қалыптасып отыр. Қа­зақстан Бірінші Президенті Қо­ры жанындағы Әлем экономикасы және саясаты институты жүргізген сауалнамада сұрау салынғандардың 12,7 пайызы елден көшуді ойлас­тырып жүрген көрінеді. Олардың 5,3 пайызы алыс шетелдерге қоныс аударуды қалаған. 2021 жылғы статистика да көңіл көншітпейді. Биылғы 5 айда Қазақстаннан 9 мыңға жуық аза­мат шетелге ауа көшкен. Отандас­тарымыздың ең көп қоныс аудар­ған елдерінің легін Ресей бастап тұр. Терістік еліне 7 258 адам табан тіреген. Бұл – біздің республикамен біржолата ат құйрығын кескендер­дің 86 пайызы. Екінші орында – Германия. Алман елін 606 адам таңдапты. Одан кейін Өзбекстан тұр, оған 124 адам жылыстаған. Мұхиттың арғы жағы – АҚШ-тан пана тапқандар­дың саны 119-ға жеткен. Сондай-ақ тұрақты қоныс ретінде Польша, Беларусь, Канада секілді елдерді таңдаған жандар да бар. Еуропа мен Азия елдерінде, Солтүстік және Латын Америкасында, Афри­када, Кариб бассейніндегі мем­лекеттерде өмір сүріп жатқан бұ­рынғы қазақстандықтар аз емес.

Ресейге көшіп жатқандардың көбі қазақтар

Азаматтарымыздың басым бөлігі шетелдерге жұмыс іздеп ба­рады. Оның ішінде қоңсы қонған Ресейден бақытын іздейтіндер көп. Өйткені терістіктегі көрші­лер­де еңбекақы көлемі бізбен са­лыстырғанда 20-24 пайыз артық. 2019 жылы Ресейге 136 208 қа­зақстандық жұмыс іздеп кеткен. 2020 жылы карантин шектеулеріне байланысты олардың саны 60 461 адамға дейін азайды. Дегенмен 2021 жылы 150 мыңдай адам те­рістікке ағылады деген болжам бар. Жұмыс іздеп барған жандар­дың көпшілігі сол жақта тұрақтап қалуға да тырысады. Мәселен, 2016 жылы – 30 277 адам, 2017 жылы – 32 874, 2018 жылы – 36 778, 2019 жылы 39 774 Ресей азаматтығын алған. Ал 2020 жылы 43 мың адам Ресей азаматы атан­ған. Бұл – шағын бір қаланың хал­қының санына пара-пар. Ке­йінгі бес жылдың ішінде 182 мың қазақстандық Ресей азамат­тығын алған. Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің дерегі бо­йынша, 2019 жылы РФ универси­тет­терінде Қазақстаннан 74 мың студент оқыған. Ал 2018 жылы олар­дың саны 65,6 мың болатын. 2014 жылы терістіктегі көршіге білім қуып барғандардың қатары 50 студент екен. Осыдан-ақ Ре­сей­ге оқуға баратындар саны жылдан- жылға өсіп отырғанын көреміз. Ал студенттердің көпшілігі оқу ке­зінде сол елдің азаматтығын ре­сімдеп алады. «Евразийский мониторинг» зерттеуіне сүйенсек, қазақстандық студенттердің оқу бітіргеннен кейін тек бестен бірі ғана елге қай­тып оралады. Егер республикада жыл сайын шамамен 200 мың бала мектеп бітірсе, олардың үштен бірі жоғары оқу үшін Ресейді таң­дайды(!). Яғни, жастарымыздың жаппай шетелге кетіп жатқанын осыдан білуге болады. көш Бірінші Президент Қоры жа­нындағы Әлем экономикасы және саясаты институтының сарапшысы Айман Жүсіпованың айтуынша, олардың негізінен Ресейге көп қоныс аударуына ол жақта жоғары білім деңгейінің жоғарылығы мен қолжетімділігі себеп. Тіпті, кейбір ЖОО-лар түлектерін кепілді түрде жұмыспен қамтитын болған. – Яғни, бұл жерде бар мәселе әлеуметтік-экономикалық жағ­дайға тіреліп тұр. Сонымен қатар Қазақстанда нақты жұмыссыздық проблемасы ресми статистика арқылы бүркемеленеді, – дейді сарапшы. Еуразиялық аналитикалық клуб басшысы Никита Мендко­вичтің айтуынша, қазақстандық­тардың көбі Ресейді іштартады-мыс. Олар бұл елге нәпақы табу және туған-туыстарымен қарым-қатынаста болу үшін барады. Ал экономист Айман Тұрсын­қан өзге ұлт өкілдеріне қарағанда, шетелге қоныс аударғандар мен ниеттеніп жүргендердің көбі қа­зақтар екенін айтады. «Бұған әлеуметтік сауалнама дәлел. Оның үстіне, қазақтар өте талантты, білімді болғандықтан, өзге елге тез үйренеді. Еуразияда көшпенді өмір сүрген халық үшін құрлықтың кез келген жері оған жат емес. Тез бауыр басады. Қа­зақтар тез тіл табуға, космополитке бейім. Оның үстіне, ТМД аума­ғын­да, оның ішінде Ресейде қазақ­тардың өмір сүруіне ешқандай мәдени-моральдық кедергі жоқ» деп түсіндірді экономист. «Достар» қазақ ұлттық бірлес­тігінің деректеріне сүйенсек, Ре­сейдегі қазақ этносының саны 2010-2018 жылдары 150-200 мыңға көбейген. Оның ішінде жоғары білімді, іскер азаматтардың саны басым көрінеді. Қоныс аударушы­лардың ішінде жоғары білімді­лер­дің үлесі – 52 пайыз. Енді РФ Ішкі істер министрлігі деректеріне көз жүгіртсек, 2020 жыл­дың есебі бойынша, Ресейде тұрғылықты тұрып жатқан және жеке басының жылжымайтын мүлкі бар қазақстандық саны 80 мыңға артқан. Бұған Еуразиялық экономикалық одақ аясында виза­сыз әрлі-берлі жүргендерді қосы­ңыз, олардың қарасы одан әлде­неше есе көп – 500 мыңнан асқан.

Адам жақсы тұрмысты іздейді

«Балық тереңді іздейді, адам жақ­сы тұрмысты іздейді» деген орыс мақалы бар. Әлбетте, әркім сапалы білім іздеп, жақсы тұрмыс іздеп өздері қалаған жерлеріне баруына құқылы. Әйтсе де, елден үдере көшу мемлекеттің имиджі үшін жағымсыз көзқарас қалып­тас­тырады. Ал жастардың, білікті кадрлардың, бәсекеге қабілетті мамандардың жаппай қоныс ау­даруы республиканың әлеуметтік-экономикалық ахуалына теріс әсер ететіні сөзсіз. Оның үстіне, Қа­зақстан жер көлемінің үлкендігі жағынан әлемде 9-орында тұр­ғанымен, тұрғындар орналасу ты­ғыз­дығы ең сирек елдер санатында. Бұл үрдіс тоқтаусыз жалғаса бе­ретін болса, алдағы уақыттарда, тіпті халық тапшылығын сезінетін боламыз. Бір ғана мысал, Қазақ­станда 1991 жылы – 16,3 миллион, ал Өзбекстанда 19 миллион тұрғын болған, енді Тәуелсіздігіміздің отызжылдығында республика хал­қы 19 миллионға әзер жетсе, көрші өзбектің саны 35 миллионның үстіне шығып кеткен. Азаматтарымыздың жаппай қоныс аударуы ел экономикасына, біліміне, мәдениетіне, түптеп кел­генде ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Өйткені кез келген мем­лекеттің негізгі капиталы – адам. Мұны өркениет әлеміндегі көп­теген елдің мысалынан көре ала­мыз. Мәселен, Дания, Финляндия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Ко­рея және Солтүстік Еуропаның бірқатар елдерінде жеткілікті қазба байлықтары болмаса да, білімді, көп санды халқының арқасында қарқынды дамып отыр. Picodі ха­лықаралық қызмет дерегіне сүйен­сек, 56 мемлекеттің арасында Қа­зақстанда жалақының анағұрлым төмендігін де, жан басына шақ­қандағы ІЖӨ-нің салыстырмалы түрде аздығын да осы мысалдармен түсіндіруге болады. Әзірше, қоныс аударушылар­дың қарқынын COVID-19 інде­тімен байланысты шектеулер те­жеп отыр, дегенмен бұл тек уа­қыт­ша ғана құбылыс. Ертең елден кө­шіп кетушілер саны бұрынғы апатты деңгейге қайта артып кетуі ықтимал. Оны соңғы жылдардың статистикалық үрдісі көрсетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, көш-қонның теріс сальдосы соңғы сегіз жыл бойы тежеусіз жалғасып келеді, ал кейінгі алты жылда ол, тіпті үдей түскен. Егер жағдай осы­лай жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай республика тағы мил­лионға тарта адамнан айырылып қалуы мүмкін.

Дәулет АСАУ