Кен сарқылса қайтеміз?
Кен сарқылса қайтеміз?
191
оқылды

Елдің экономикалық  әлеуеті, келешек ұр­пақ­тың игілігі көп жағ­дай­да минералдық  шикізат ре­сурстары­ның көлеміне бай­ланысты. Бүгінде Қа­зақ­стан­да барланған пайдалы қаз­балардың жалпы құны 3 трлн долларға бағаланған. Ал сарапшылардың пікі­рін­­ше, болжамды геологиялық қор  9 трлн  долларға жетеді. Біз­дің респуб­ли­ка жыл сайын уран­ның 100%-ын, мыс, қор­ғасын, мырыштың 90%-ын, мұ­­найдың, темір өнімдерінің, фер­ро­бал­қыманың 80%-ын, марганецтің 60%-ын, көмір­дің, газдың және хром­ның 40%-ын экспорттайды.  Ал кен орындары болса, сарқы­лып барады. Неге?

8 мыңға тарта кен орны бар

Ресми дерекке сүйенсек, қазір ел ау­ма­ғында 8 мыңға тарта кен орны жұмыс іс­тейді. Бірақ олардың басым көпшілігі ша­ғын кеніштер, ал негізгі экспорттық әлеуе­ті бар ресурстардың бірқатары сар­қылып барады. Көптеген ірі темір, мар­ганец, титан, хром, мыс, алтын, күміс, қор­ғасын, мырыш және уран кеніштерінің 20-30 жылға, тіпті кей кеніштерде 10-15 жылға жетерлік қана қор қалған. Ал енді Кеңес заманындағы кеніштер түгесілгенде қа­ла тіршілігі тау-кен байыту және ме­­тал­лургиялық комбинаттарға тәуелді Жез­қаз­ғанның, Таулы Алтайдың, Балқаш пен Қара­таудың жағдайы қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Тағдыры қыл үстінде тұрғандардың қатарында Соколов-Сарыбай тобының кен орны, Риддер-Со­кольный полиметалл кен орны, әл­де­не­ше қоңыр көмір және уран кеніштері бар. Сондай-ақ  Сәтбаев, Риддер, Тишинское, Ор­ловск және Малеев, тағы да басқа  өнер­кәсіптік қалалар мен елді мекендердің тағ­дырына қауіп төніп отыр. Қордың тау­сылуына байланысты Шығыс Қазақстан об­лысындағы Зырянов, Юбилейное, Ше­монаиха және Арқалық, тағы бірқатар ке­­­ніштер жабылды. Сондықтан ми­нерал­дық шикізат  ресурсының орнын тол­тық­тыру, жаңа кен орындарын ашу үшін жаңа бар­лау жұмыстарын жүргізу мәселесі өте өзекті. Алайда елімізде геологиялық бар­лау­мен негізінен шетелдік және бірен-саран отан­­дық ірі өндіруші компаниялар ғана ай­налысады. Мемлекет бұл салаға бөліне­тін ақшаны кейінгі 20 жыл бойы үнемдеп кел­ген. Мәселен, барлық геологиялық бар­­лау жұмыстарына бағытталған ин­вес­тицияның тек 5%  пайдалы қатты қаз­ба­ларды анықтауға жұмсалған. Ал ми­нерал­дық шикізат  ресурстарының қорын то­лықтыру және жаңа кен орын­дарын барлау үшін көп қаржы қажет.

Геологиялық барлау жұмыстарына триллион теңге бөлінді

Премьер-Министрдің  ресми сайтында Қазақстанның аумағын геологиялық зерт­теу бойынша  2021-2025 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарламаның тұжырым­дамасы жасалғаны туралы ақпарат жария­ланды. Аталған тұжырымдама минералдық ши­кізат ресурстар қорын толықтыру, жер жынысының құрамын ғылыми-зерттеу, автоматтандыру және цифрландыру, гео­логия саласын кадрлармен қамтамасыз ету және инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту мәселесін қарастырады. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін қазынадан  200 миллиард теңге және жеке инвестиция есебінен 800 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Соның арқасын­да қазірге дейін барланған барлық аумақ­тар­дың геологиялық зерделенуін  94,5-тен 100 пайызға дейін, тереңдетілген  геоло­гия­лық-минерагениялық карталауды  25,8-ден 37 пайызға дейін жеткізу жос­пар­ланған. Сондай-ақ  50 болашағы үлкен қат­ты пайдалы қазба учаскелерін анықтау, иге­рілген қалдық бассейндердің гео­ло­гиялық зерттелуін – 60 пайызға, аз тек­серіл­гендерін 10 пайызға жеткізу міндеті қойы­лып отыр. Осыған орай болжамды ресурстар қоры едәуір артуы тиіс: алтын – 200 тонна, мыс – 5 млн тонна, полиметалл – 5 млн тон­­­­на, уран – 50 мың тонна, көмірсутегі – 700 млн тонна. Сонымен қатар геология са­ла мамандарының қатары 190 мыңнан 250 мыңға дейін көбейеді. «Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­метке геологиялық барлаудың мем­лекет­тік бағдарламасын әзірлеуді тапсыр­ған болатын. Өйткені мұнай-газ және тау-кен металлургиясын шикізат қорымен тұрақ­ты қамтамасыз ету қажет. Ал пай­да­ланудағы кеніштер жылдан-жылға түге­сіліп барады. Сондықтан минералдық  ши­кізат  ресурстарының қорын толықтыру және жаңа кен орындарын ашу мәселесі өте өзекті. Оның үстіне бүгінде ел аумағын­дағы жер қойнауының  25 пайызы ғана бар­лан­ған» деген болатын Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин кезекті Үкімет отыры­сында. Премьер-Министрдің айтуынша, гео­логиялық барлау жұмыстарының нә­тижесінде шикізаттық қорды молықтыру арқылы еліміздің, әсіресе моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын сауық­тыруға, өнеркәсіпті қарқынды дамытуға мол мүмкіндік туады. Жаңадан кеніштер ашылғанда жаңа өндірістік кешендер құры­лып, ол 20 мың адамды жұмыспен қам­тамасыз ете алатын болады. Сондай-ақ осы салаға  6 трлн теңгеге дейін инвестиция тар­туға мүмкіндік береді.

Шетелдік инвесторлармен шарт жасалды

Әлбетте, мемлекет тарапынан елдің ми­­­нералдық шикізат  қорын толықтыру мақ­сатында біршама жұмыс  атқарылып жатыр. Бірақ қазір ол әлі де жеткіліксіз екені анық. Оның үстіне мұның нақты нә­тижесін көру үшін кем дегенде 5-10 жыл уа­қыт керек әрі геологиялық барлаудың ық­тималды тәуекелдерін де естен шы­ғар­маған абзал. Геология және жер қойнауын пай­далану комитетінің төрағасы Ақбатыр На­дырбаевтың айтуынша, бүгінде  «Қаз­геология» АҚ осы бағытта шетелдік ин­вес­тор­лармен тығыз жұмыс істеуге ерекше ден қойып отыр. Соңғы 3 жылда геология­лық бар­лауға салынған шетелдік және қазақ­стан­дық инвесторлардың бірлескен салым­дары 168,8 млн  теңгеге артып, 3,5 млрд теңге құрады. Осы уақыт ішінде Rio Tinto аустралия-британия концернімен,  Ulmus Fund  неміс инвестициялық қорымен және  ILUKA Resources Limited (ILUKA) Аустра­лия компаниясымен келісімге отырған. Одан бөлек,  Түркияның Yildirim Holding A.S. және Ресейдің «Полиметалл» АҚ ин­вес­торларымен жұмыс істеуде. Шетелдік инвесторлардың қаржысы арқылы бүгінде 6 учаскеде геологиялық барлау жүргізіліп жа­тыр. Атап айтқанда,  Rio Tinto (Ұлыб­ри­тания) Қарағанды облысының Қор­ған­тас учаскесінде мыс-порфира кендерін,  Ulmus Fund  (Германия) Қарағанды облы­сының Балқаш-Сарышаған алаңында мыс-порфира кендері мен Бесшоқы алаңында асыл және түсті металдарды бар­лауда, DTK Metals and Mining B.V. (Yildirim Holding A.S., Түркия еншілес ұйымы) ШҚО Бақанас алаңының Май­лышат учаскесінде құрамында алтын бар кендерді, ШҚО Суровский учаскесінде құра­мында платиноидті және алтыны бар кен­дерді зерделеуде, «Полиметалл» АҚ (Ресей) Қостанай облысының шекара учас­кесінде жер қойнауын мемлекеттік гео­логиялық зерттеу алаңына айналдыр­ған. «Жер қойнауын пайдалану жобалары бойынша аталған компаниялардың геоло­гиялық зерттеу және барлау жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскенің жалпы аумағы 20 мың шаршы шақырымды қамтиды. Осы 6 жоба бойынша тек қана іздеу кезеңінде тартылған инвестициялар сомасы 20 млрд  теңгеге жуық. Сондай-ақ  таяу жылдары гео­логиялық барлауға бағытталатын ин­вес­тиция көлемін 100 млн  долларға жет­кізу үшін «Қазгеология» АҚ Жапония, Иран, Түркия, Сингапур, Швейцария, Бра­зилия, Оңтүстік Африка, Сауд Ара­биясы, Қытай, Аустралия, Канада, Чили, Ресей инвесторларымен келіссөздер жүр­гізуде», – дейді «Қазгеология» АҚ басқар­ма төра­ғасының міндетін атқарушы Қа­дыр­жан Қауылдашев. Бұдан бөлек, «Қазгеология» АҚ қала құрау­шы кәсіпорындарды қолдау әрі олар­дың минералдық шикізат базасын то­лық­тыру мақсатында «Қазцинк» және «Қазақ­мыс» сияқты әлеуметтік маңызы бар ірі кә­сіпорындармен ынтымақтастық шар­тын жасаған. Бүгінде компанияның гео­логиялық барлауға арналған инвес­тиция­лық портфелінде 52,5 млрд  теңге жи­нақ­талған.

Дәулет АСАУ