Құқық саласында да түрлі тәжірибеге баратындар бар. Мүмкін нәтижесін беріп қалар. Жақында түрмеге жылқыны да кіргізді. Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Ит анашаны тапқанда, атпен неге жерасты қазбасын таппаймыз» деген екен-мыс...
Көп оқыды ма?
Марқұм жазушы Қабдеш Жұмаділов «Орбұлақ шайқасы деген тарихта болған емес» деген мақаласында: «Ал енді «Орбұлақ шайқасы» атты фильмге келейікші. Ашығын айтайын, фильм маған ұнамады. Өйткені концепциясы жалған, баяндалатын оқиға жалған... Сол баяғы окоп! Өздерінше шындыққа жақындатпақ болып, «окоптың» бетін қамыспен, бұтамен жапқан болыпты... XVIII ғасырдағы атты әскер соғысында окоп не бітіреді? Сезімтал жылқы жануар қазылған ұраға өлсе де баспайды. Жарайды, алғашқы екпінмен он-жиырмасы құлады дейік. Қалған әскер кейін серпілмей ме? Бұл маңайда биік тау да жоқ. Қалың қол Белжайдың бел-белесінен шауып өте бермей ме? 50 мың атты әскер окоптағы аз сарбаздан қалай жеңіледі?» деген болатын. Бұл жерде киноға да, окопқа да тірелейін деп тұрған біз жоқ, тек «департаменттегілер де осыны оқып алды ма?» деген ризашылық қой. Олай болса, неге қуанбасқа? Ал оқымаған болса, тарихты да, жылқы малының сезімталдығын да біліп отыр. Департаменттегілер «не істеді?» дейсіз ғой...Қазына емес, қашуға арналған қазылған жер ғой іздегені
Қарағанды облысының түрмесінде сотталушылар қашып шығу үшін қазған жасырын жерлерді анықтауда. Міне гәп, қайда? Олардың іздегені қазына емес. Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне қарасты АК-159/11 мекемесі режимдік бөлімінің қызметкерлері 6505 әскери бөлімінің 4-атқыштар батальонының әскерилерімен бірлесіп, сотталушылардың күзетіліп отырған нысаннан қашып кетуіне жол бермеу мақсатында, жерастынан қазылған жасырын орындарды анықтау үшін жылқы малын пайдаланып келеді. «Осындай тәжірибе тұрақты түрде барлық түзеу мекемелерінде жүргізіліп, абақтыдан қашудың жолын кесуге көмектеседі. Егер жүріп келе жатқан жануар кенет тоқтай қалса, бұл қызметкерлерге сол жерді мұқият тексеруге себеп тудырады. Себебі жылқы жерастында қуыс, ойылған жерге баспайды» деп мәлім етті АК-159/11 мекемесі режимдік бөлімінің бастығы Әсет Шаймерденов. Тексеру барысында қазылған орындар анықталған жоқ.Киноны көп көрді ме?
Жылқы малы сезімтал, жерасты қазылған орынмен жүрмейді-міс. Олай болса, мұны басқа елдерге де айтуымыз керек шығар?! Өйткені былтырғы жылдың қыркүйек айында Дағыстанда түрмеде отырған 6 адам жерасты жолын қазып, қашып кеткен болатын. Не де болса, «Побег из тюрьми» деген киноның табынушылары болса керек. Бұл туралы Ресейдің федералдық қылмыстық-атқару қызметінің өңірлік басқармасы мәлім етті. Үңгір тексеріс кезінде анықталған. «Бірден жаза өтейтіндердің санағы жүргізілді, оның барысында алты адамның жоқ екені анықталды» деп дабылдатты сақшылар. Қашқындарды іздестіруге Дағыстан бойынша федералдық қылмыстық-атқару қызметі басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Уақытша іздеу бекеті құрылып, бағдар берілді. «Ізін суытпай резервтік топтар мен іздеу топтары жіберілді» деп хабарлады ведомство. «360» телеарнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, колониядан қашқан жаза өтеушілердің 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандар екенін мәлім етті. Олардың екеуі «кісі өлтіру» бабы бойынша сотталған. Құрығы ұзын құқық қорғаушылар қашқындарды ұстады-ау. Бірақ «қырағы» күзетшілер солармен бірге отыратын болса керек...Жерүстімен қашқандар...
Айтамыз-ау. Жерді қазып не керек? Жерүстімен қашып кетуге де болады. Сондай оқиғаның бірі жақында тіркелді. Қарағанды облысында түрмеден қашып кеткен сотталушы үш айдан кейін қолға түсті. Ол осы уақытқа дейін Жаңаарқа ауданындағы қыстақтардың бірінде жасырынып келген. Ұрлық жасағаны үшін АК 159/20 колониясында жазасын өтеп жүрген ер адам мекеменің сыртындағы нысандардың біріне жұмысқа орналастырылған. Сондықтан да күнделікті таңертең жұмысқа барып, кешке өзге сотталушылармен бірге қайтып жүрген. Әйтсе де, 11 мамыр күні ол үш серігімен бірге жоғалып кетеді. Осыдан соң жедел-іздестіру шаралары басталып, қашқындардың екеуі қолға түскен. Ал үшінші сотталушыға іздеу жариялады. Жедел-іздестіру шаралары барысында мекеменің қауіпсіздік қызметі Жаңаарқа аудандық полиция бөлімі мамандарымен бірге қыстақтардың бірінен сотталушыны тапты. Қазір сотталушы уақытша ұстау абақтысына жабылды. Әрине, бұл түрмеден қашқандардың санын азайтар. Дегенмен жақында еркіндікті аңсаған тұтқын дуалдан да секіріп кетті. Оған қандай амал ойлап табамыз?!Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы