Бапкерлер арасында бәсеке жоқ
Бапкерлер арасында бәсеке жоқ
138
оқылды

Әлемдік додадан кейін қазақ спортында бірқатар күрмеулі мәселелердің барын айтушылар көбейді. Спорттың қай түрінен болмасын легионерлерге басымдықты беріп қойғанымыз, өз саңлақтарымыздың да қарым-қабілетін аша алмай жүргеніміз, білік­ті бапкер даярлау мәселесі, өзге де өзекті өртейтін жайттар көп талқыға түсе­ді. Мәселенің мәнісі неде?

Отандық  спорт мамандары да Қазақстандағы барлық деңгейдегі спорт мектептері бүгінде әлемдік жақсы әдістемелер мен озық бағдар­ламаларды тиімді қолданып жатпағанын айтады. Олардың дені елдегі спорт саласын басқаруға келген кейбір «бастықсымақтардың» кесірінен таланттарымыз тасада қалып, білікті деген бапкерлердің еңбегі бағаланбай жүр деген ойда. Токиодағы сәтсіздіктен кейін спорт сала­сында нақты қандай шешім қабылданатынын да жұртшылық тағатсыздана күтіп жүр. Біз жазғы Олимпиададағы спортшылардың басым бө­лігінің сенім үдесінен шыға алмауына не әсер еткенін білу мақсатында спорт мамандарынан пікір алған болатынбыз. Осы ретте «бапкерлердің білімі жетіңкіремеді ме, әлде алдағы додаларға дайындау үшін  шетелден білікті, тәжірибелі бапкерлер шақырғанымыз жөн бе?» деген сауалымызды жолдадық. – Белгілі бір спорт түрінен мамандарды бап­керлікке тағайындау үшін бірінші кезекте жаттық­тырушылар арасында үлкен бәсеке болуы керек. Олай болмаған жағдайда таңдау жасау қиын. Сосын бапкерлерге арнайы конкурс жария­лаған дұрыс. Олар өзінің жобасын ұсынуы тиіс. Бапкерлікті қолға алған кезде бәрін жақсы өзгерте алатындай. Өкінішке қарай, бізде отан­дық бапкерлер арасында кей спорт түрлерінен ондай бәсеке болмай тұр, – дейді Сидней Олим­пиадасының күміс жүлдегері, бел­гілі балуан Ислам Байрамуков. Ал спорт сарапшысы Мадияр Қазыбеков Қазақстанда өз ісін жоғары деңгейде атқарып жүрген кәсіби жаттықтырушылардың жеткілікті екенін айтады. Бірақ олар лайықты бағасын ала алмай жүр деп есептейді пікір иесі. – Мәселен, қазақстандық ауыр атлетика бап­кері Ержас Болтаев Өзбекстан спортшысының Токио Олимпиадасында алтын алуына көмек­тесті. Токио төрінде ауыр атлетикадан ерлер арасында 109 келіге дейінгі салмақта алтынды Өзбекстан құрамасының спортшысы Акбар Джураев жеңіп алды. Ол қоссайыстың қорытын­дысы бойынша 430 келіні бағындырды. Сол өзбек спортшысы зілтемірді көтергенде қазақ бапкері Ержас Болтаевтың жүргенін байқадық. Оның Өзбекстан құрамасына көмектесіп жүр­гені туралы ақпарат 2019 жылдың ақпан айында хабарланған еді. Сол кезде Болтаев Өзбекстан ауыр атлеттерінің оқу-жаттығу жиынына аттан­ған. Қазір Ержас сол жақта кеңесші болып қыз­мет атқарып жүр. Міне, осындай білікті бап­керлерді бағалай алмай отырғанымыз өкінішті. Бізде жалпы ауыр атлетикада, бокста, дзюдо спортында жақсы мектеп қалыптасқан. Мықты бапкерлер мен спортшылар да бар. Олар­да бәсе­ке­ те жоқ емес. Мысалы, Алексей Ни Лон­дон Олим­пиадасында жақсы жетістікке жетті. Өкі­нішке қарай, 2016 жылы допинг дауы­на қатысты жетістіктерін МОК жоққа шығарды. Дегенмен Ни 2016 жылы өзінің мықтылығын 1 ал­тын, 1 кү­міс, 3 қоламен қайтадан дәлелдей алды. Сон­дай-ақ  талантты, білікті бапкерлердің ішінде дзюдода Нұрбек  Жақсыбеков деген жас­өспірімдерді дайындап жүрген бапкерді атап өтуге болады. Оны ұлттық құрамаға алып келсе, Нұр­бек дзюдошыларды даярлауда көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Бокс пен дзюдодан өзіміздің мамандарға сенім артқан дұрыс. Жеңіл атлетика мен жүзу спорты бойынша шетелдік білікті бапкерлерді шақыртқанымыз жөн, – дейді Мадияр Қазыбек. Бұл пікірді спорт журналисі Қуанышхан Өмір­хан да қостады. Ол сөз арасында көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау, жүзу спортына елімізде жеткілікті деңгейде жағдай жасалын­бағанын да айтып қалды. – Көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлерінен ресейлік мамандарды шақырып, тәжірибе алмасқан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені көркем гимнастикадан Ирина Винер-Усманованың шәкірттері әлемде үздік спортшылардың алдыңғы қатарында жүр. Мәнерлеп сырғанау спортынан Ресейде «ма­шина» бапкер атанып кеткен Этери Тутберид­зенің шәкірттері Шербакова, Загитова, Медведевалар да бірқатар айтулы жарыстарда топ жарып жүргенін спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Алексей Мишин жаттықтыратын Елизабет Туктамышеваның да жетістіктері туралы көп нәрсе айтуға болады. Орыстардың көркем гимнастикасының мықты болатын себебі оларда әуелден жақсы мектеп қалыптасқан. Ал бізде бұл спорт түрі кенжелеу қалып отыр. Кезінде Әлия Юсупованың өзі де Ресейде жаттығып жүрді. Сол үшін бізге бұл спорт түрінен шетелден білікті бапкерлерді шақыртқан жөн. Ол мейлі бапкер болсын, мейлі кеңесші болсын, спортшыларға бағыт-бағдар беретін білікті мамандар керек, – дейді Қуанышхан. Анығы, біз үшін халықаралық аренадағы жетістіктерімізге жаңа серпін беріп, спортымыз­ды жаңа деңгейде жетілдіре түсуі үшін білікті ма­ман­дардың саны артып, заманауи спорттық инфрақұрылымдар да көптеп бой көтергені маңызды. Болашақта осы мәселелердің бәрі ескерілсе, ел спортының көші түзеліп, жыртығы бүтінделе түсер.

Абылайхан ЖҰМАШ