Ақмолада Теміртау қаласының тұрғыны жоқ пәтерлерді жалға берді.
«Полиция басқармасына көмек сұрап, 27 жастағы қостанайлық тұрғын, Екібастұз қаласының 21 жастағы тұрғыны және 24 жастағы көкшетаулық тұрғын хабарласты. Олар белгісіз адамның алдауымен ақшасынан айырылғанын айтты. Зардап шеккеннің барлығы пәтер жалдамақ болып, Olх хабарландыру сайтынан іздестірген. Сөйтіп, олар хабарландыруда көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, келісімге келген. Сол кезде оларға 10-20 мың теңге мөлшерінде алдын ала төлем жасау ұсынылған. Ақша аударылғаннан кейін жарнаманың авторы байланысқа шықпай қойған», - делінген Polisia.kz-тің хабарламасында.
Ақмола облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Теміртау қаласының аумағында «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында бұрын бірнеше рет сотталған, сондай-ақ республиканың түрлі өңірінің тұрғындарынан алдау жолымен ақша алған 31 жастағы теміртаулық тұрғынды анықтады.
Ер адам өз ісін мойындады. Оған «ешқайда кетпеу туралы қолхат» мәжбүрлеу шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.