Қазақстанның 5 қаласында 37 адам ұсталды
Қазақстанның 5 қаласында 37 адам ұсталды
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
133
оқылды
Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Тараз қалаларында жалған вакцина паспортын сатқандарды анықтады. Бұл туралы агенттіктің Telegram-каналында хабарлады.  Агенттіктің хабарлауынша, жалған вакцинация паспорттарын 5 000-нан 30 000 теңге аралығында сатқан. Аталған фактілер бойынша қылмыстық кодекстің 385-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық құрамының белгілері бойынша 7 сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталды. Яғни, жалған құжаттарды қолдан жасау. Қазіргі уақытта олардың атына жалған вакцинация паспорттары берілген 37 азамат, сондай-ақ, жалған құжат жасауға қатысы бар 12 адам, оның ішінде 8 медицина қызметкері анықталды. Басқа күдікті тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасуда. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға жалған вакцинация паспорттарын пайдаланғаны үшін 160 АЕК (467 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынатынын еске салады. Паспортты тікелей қолдан жасаған адамдарға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне қатаң жаза қарастырылған. Оларға 2000 АЕК (5,8 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.