Алматыдағы Түрксіб аудандық соты Мәдениет және спорт министрінің бұрынғы орынбасарына қатысты үкім шығарды. Жемқорлық дауына іліккен Сәкен Мұсайбеков мемлекетке 62 млн теңгеден астам айыппұл төлейтін болды.
«Сот оның Мәдениет және спорт вице-министрі ретінде 2021 жылғы 18-21 ақпан аралығында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын анықтады. Мұсайбеков пен Алматы қаласы прокурорының орынбасары арасындағы кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім бойынша прокурор соттан Мұсайбековке пара сомасының он есе мөлшерінде — 62 394 00 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындау туралы өтініш жасады», — деп түсіндірді Түрксіб аудандық соты.
Сот экс-шенеунікті кінәлі деп танып, прокурордың талабын қанағаттандырды.
«Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындау туралы жасалған процессуалдық келісім бойынша Мұсайбековке ұрланған мүліктің он еселенген мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жазаны тағайындау мүмкін екені туралы қорытындыға келді. Сот Сәкен Мұсайбеков жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, тағайындалған жазаның оны түзеуге және оның өмір сүру және отбасы жағдайын назарға алды. Үкім заңды күшіне енді», — делінген соттың ресми мәліметінде.
Еске салсақ, ақпан айының аяғында Мәдениет және спорт вице-министрі болған Сәкен Мұсайбеков қызметтік лауазымын пайдаланып, букмекерлік саланың мүддесін қорғады деген күдікке ілінген еді.