54 жастағы әйел өзіне Осакаров ауданы Пионер селолық округінің әкімі дене жарақатын салды деп шағым түсірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
54 жастағы әйел Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс бөліміне келіп арыз жазған. Шағымында ол шенеунікпен жанжал туындап, нәтижесінде мемлекеттік қызметкер оған дене жарақатын келтіргенін мәлім еткен.
«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері Осакаров ауданының 49 жастағы тұрғынын анықтады. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБК-нің 73-1-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп түсіндірді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, әйел сот-медициналық сараптамадан өткен. Мамандар жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені туралы қорытынды жасады.
Аталмыш жағдайға қатысты мемлекеттік қызметшінің әдеп жөніндегі уәкілі, Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Ламбеков түсініктеме берді. Ол қазіргі уақытта Пионер ауылдық округінің әкімі демалыста екенін атап өтті.
«Ол 1 қыркүйекке дейін демалыста. Бұл оқиғаның мән-жайын біз білмейміз. Ол жұмысқа шыққан бойда біз арнайы тексеру жүргіземіз», – деді Нұрлан Ламбеков.