Орал қаласы Самал-3 шағынауданындағы «Мичурин» бау-бақша қоғамының тұрғындары «ӨЖК Серик» ЖШС-нің Шаған өзені бойында құрылыс жүргізіп жатқанына наразы. Тұрғындардың арыз-шағымына байланысты «Nur Otan» партиясы облыстық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының және қоғамдық экологиялық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Аталмыш отырыста «Мичурин» бау-бақша қоғамы тұрғындарының арызы қаралды. Тұрғындар Орал қаласы Самал-3 шағынауданындағы Шаған өзенінің бойындағы құрылыс нысанын жүргізу жұмыстары нәтижесінде өзен жағасындағы ағаштардың кесілгенін айтты. Олар жерді тегістеу жұмыстары салдарынан өзен арнасы жіңішкеріп, табиғи экожүйеге зақым келтірілді деп есептейді. Сонымен қатар Шаған өзені ортақ пайдаланылатын объектіге жатқанымен, құрылыс учаскесінде өзен суын пайдалануға инвестор тыйым салып отырғанын да тілге тиек етті. – Самал-3 шағынауданындағы саяжай тұрғылықты мекенжай болып саналады. 2019 жылдан бері өзен бойында ойын-сауық аймағы пайда болды. Көпшілікке арналған көңіл көтеру орнында аттракцион бар. Жағажайда музыка дыбысы қатты естіледі. Осы құрылыс нысанын салмастан бұрын инвестор тұрғындармен ешқандай келісім жасаған жоқ. «ӨЖК Серик» ЖШС Шаған өзені қасына бөгет тұрғызды. Салдарынан өзен арнасы кебе бастады. Орман ағаштарының біраз бөлігін кесіп, сол жерді тегістеп тастады. Қазір ол жерде аң-құс азайып кетті. Біз талап ете бастағаннан кейін ғана су жіберетін қақпаны ашып, өзен арнасын сәл толтырып қойды, – деген Лариса Румянцева комиссия мүшелеріне фотоайғақтарды көрсетті. Шағым айтушылар құрылыс жүргізілген аумақ ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер екенін баса айтты. «Мичурин» бау-бақша қоғамы бірнеше жыл бұрын осы учаскені игеру жөнінде ұсыныс айтқанымен, қала әкімдігі бұл жерді пайдалануға мораторий жарияланғанын, шектеу мерзімі аяқталуын күтуді ұсынған. Бірақ Шаған өзені бойындағы аумақ инвестор қолына өткен. AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ шешімімен 2020 жылы «ӨЖК Серик» ЖШС «Самал шағынауданында жағалау бекіту және су жинау құрылысын жүргізу және жағжай салу» инвестициялық жобасы қолдау тапқан. Ал мичуриндіктер құрылыс нысанына қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілмегенін жазған. «ӨЖК Серик» ЖШС-нің бас директоры Серік Мерғалиев қазір құрылыс нысанының 82 пайызға жуығы жүргізілгенін тілге тиек етті. Ол құзырлы мекемелер келісім беретін құжаттың түгел жиналуын күтпей, құрылысты бастап кеткенін мойындады. Өз кезегінде партиялық бақылау комиссиясы отырысына қатысушылар инвесторға құрылыс заңдылығына қатысты бірқатар сауал қойып, жауап алды. Атырау қаласынан отырысқа онлайн қатысқан Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бейбіт Қадимов экожүйеге нұқсан келтірмеу мақсатында нақты қандай талапты орындағанын сұрады. Өңірлік қоғамдық экологиялық кеңестің төрағасы Дархан Сариев инвестор мен тұрғындарды әуре-сарсаңға салған жобаға рұқсат берген қала әкімдігі мен жергілікті атқарушы құрылымдардың бұл іске салғырт қарағанын сынға алды. «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы бақылау комиссиясының төрағасы Нұрғиса Қамашев барлық тараптың уәжін тыңдап шықты. Жиын барысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев, Орал қаласы жер қатынастары бөлімі, AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқармасы, БҚО Экология департаменті, БҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, БҚО прокуратура өкілдері, Мичурин» бау-бақша қоғамының өкілдері осы мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Алдағы уақытта даулы жер учаскесіне қатысты сот отырысы өтеді. «Мичурин» бау-бақша қоғамының заңгері Виталий Кленин инвестордың тұрғындар талабына құлақ аспағанын, сот алдындағы бітім жасауға келіспегенін жеткізді. Даулы мәселе ушықпас үшін жергілікті атқарушы құрылымдар үнсіз қалмас үшін партиялық бақылау комиссиясы инвестициялық жобаны мақұлдаған құрылымдардан жазбаша жауап алып, тараптардың олқылықты қайта болдырмауын қадағалайтын болды.Әбілмансұр ЖАСАН