80 миллион теңгені пара ретінде ұсынған
80 миллион теңгені пара ретінде ұсынған
212
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram желісіндегі ресми арнасы жуырда Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын жариялады. Бірақ нақты кім екені, басқарманың өзінің қызметкері ме, әлде оған қарасты мекемелердің басшылары мен лауазымды тұлғалары ма, ол жағын ашып айтпады. Ал бұқара пара бермек болған шендінің кім екенін біле алмай әуре.

Онда «Шымкент қаласы бо­йынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттікпен бірге Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұл­ғаларын әшкереледі. Олар мемле­кеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қыл­мыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөл­шерде пара беруге әрекет жа­сады деп күдіктелді» деп жазылған. Бүгінде аталған тұлғалар ұс­талып, Шымкент қаласы ПД уа­қытша ұстау изоляторына қа­мал­ған. Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Алайда бұл ақпарат тараған соң Шымкент қаласының Мә­дениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ресми мәлімдеме жасады. «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған материал­дарға сәйкес мынаны мәлім­дей­міз: Шымкент қаласының Мәде­ниет, тілдерді дамыту және ар­хив­тер басқармасының лауа­зымды тұлғалары (басшы, бас­шының орынбасарлары) бар­лығы жұмыс орнында екенін назарларыңызға жеткіземіз. Сонымен қатар еңбек демалы­сында жүрген 3 маманнан басқа қызметкерлер де түгел жұмыс ор­нында. Басқармаға құ­қық қор­ғау органдары тарапынан ресми хат келіп түскен жоқ» де­лін­ген Шымкент қалалық Мә­де­ниет, тілдерді дамыту және ар­хив­тер басқармасының Instаgrаm-дағы ресми парақшасында. Сөй­тіп, басқарманың лауазымды тұл­ғалары жұмыста екенін мәлім­деп үлгерді. Бірақ басқармаға қа­расты бірнеше мекемедегі лауа­зымды тұлғалар түгел ме, мәселе сонда болып тұр. Әдетте мекеме басшылары мен олардың орынбасарлары, тіпті бас есепшілері де лауазымды тұлғалардың қатарына жатады. Антикор жариялаған ақпаратта дәл осындай лауазымдағы тұлға­лардың бірі туралы айтылған бо­луы ғажап емес. Ал ұсынылған 80 миллион деген аз ақша емес. Біздің пайымдауымызша, дәл мұндай ірі сома кемі жартымил­лиардтық есепті жабу үшін бе­рілсе керек. Егер жымқырылған ақшаның 5-10 мың доллар, тіпті 100 мың доллар болғанның өзінде оны жабуға 80 миллион теңге ұсыну қисынсыз болар еді. Бұл сомаңыз 200 мың долларға жа­қын. Демек, кім де болса, өте көп мөлшердегі бюджет қаржысының жымқырылуы мен ысырабы үшін қозғалған істі жабуға талпынған деген сөз. Тіпті, ұсталған тұлғалар өздерінен жоғары тұрған шенді­лердің тапсырмасын орындаған болуы да мүмкін. Өйткені Шым­кент қаласының Мәдениет, тіл­дерді дамыту және архивтер бас­қармасына қарасты кітапхана, музей сияқты мекемелер үшін бұл сома өте қомақты. Әрі әдетте олар мол қаржыны игеруге қа­тыс­тырыла да бермейді. Бәлкім, содан да шығар, шымкенттіктер арасында қазір түрлі болжам айтылып жүр. Олардың бірқатары Наурыз мейрамы үшін жұмсалған 565 миллион теңгенің ізін жасы­руға бағытталған іс болуы мүмкін екенін айтады. Дегенмен мәселе­нің ақ-қарасы тергеу аяқталған соң белгілі болары сөзсіз. Ал әзірге жұрт бал ашып қана жүр. Айтпақшы, Шымкентте Нау­рыз мерекесін тойлауға 565 мил­лион теңге жұмсалған деген шу­дың шыққанына біраз болды. Осы қаржыға тапсырыс беруші – «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК болып танылған. Басшысы Сәкен Майғазиев. Бұл туралы Zertteu_kz жобасы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Бар­лық сатып алу тікелей бір көзден алу тәсілімен өткені де заңсыз екені айтылған. Кейін әкімдікке жақын құрылымдар мен шенді­лерді жақтаушы блогерлер «мұн­шама қаржы жұмсалған жоқ, ол жылдық шараларға бөлінген сома» дегенге саясатын түрлі уәж айтқан еді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы