Астана мақтаныштары
Астана мақтаныштары
15,479
оқылды
Елордада туып, білім алып әлемдік додаларда көрініп жүрген, тек қана көрініп қоймай, шыңды бағындырған ел мақтаныштары жетерлік. Мысалы, сәуір айында  №60 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Ақерке Зәрубай биыл Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына арналған «Абай мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы» атты білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушылары арасындағы халық­аралық байқауда 1-орынды жеңіп алды. Байқауда Түркия, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Қазақстаннан 500-ге жуық үміткер бағын сынаған. Білім додасында оқ бойы озып шыққан Ақеркенің «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген тақырыптағы шағын эссесі үздік деп танылып, эсселер жинағына енді. Бұл да бір айта кетерлік нәтиже болса керек! Елордалық оқушылар халық­аралық пән олимпиадаларында тамаша жетістікке жетіп жүр. Айта кетер болсақ, Саха Республикасының (Якутия) кіші ғылыми академиясында «Туймаада-2017» XXIV оқушылар арасында математика, физика, химия, информатика пәндерінен халықаралық олимпиада өткен болатын. Міне, осы додада елордалық оқушылар тағы да халықаралық деңгейдегі олим­ пиадада үздік нәтиже көрсетті. №9 дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің 10-сынып оқушысы Мейрам Серікболсын жоғары лигада алтын жеңіп алды және білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Данат Дүйсембеков күміс медальға ие болды. Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы ТөреханТәжібеков математика бойынша Құрмет грамотасын алды. 1998 жылы туған, елордамыздың жергілікті жастары, астананың құрдастарына сөз берсек. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Аида Беисова сол күннен бастап-ақ мерекелік жаңалықтардың репортажынан көріне бастады. Аида көптеген шығармашылық және музыкалық байқаулардың жеңімпазы. «Кішкентай ару Астана – 2005», «Қазақстанды шабыттандыратын кішкентай ару», FIESTALONIA – KAZAKHSTAN халықаралық байқауының «эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген. – Астана менің өмірімде ерекше орын алады. Келешекте де өмірімді сүйікті елордамен байланыстыруды жоспарлап отырмын. Астана қарқынды дамып қана қоймай, жалпы Қазақстанның дамуына мықты серпін жасап келеді. Мен астананы жақсы көремін және оның көркейгенін қалаймын, – деді Аида. Назарбаев университетінің студенті Азамат Абдығалиев:
– Биік бедел мен үлкен мүмкіндіктер – Назарбаев уни­верситеті мен Нұр-Сұлтан қаласын біріктіретін қасиеттер. Елбасы бастамасымен құрылған Назарбаев университеті ТМД елдеріндегі жетекші университет болуға талпынуда және әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті білімді тегін беріп келеді. Елордамыз секілді университетіміз де қарқынды дамуда, жаңа мамандықтар мен мектептер ашы­лып, атақты ғалымдар шақырылды. Біздің университеттің түлектері Еуропа мен АҚШ-тың таңдаулы жоғары оқу  орындарына түсіп, алдыңғы қатарлы ұлттық және халықаралық компанияларда жұ­мыс істеп жүр. – Менің атам соғыс ардагері, осы қалада туған. Атамның ерлік­пен қорғаған жерінде тұратынымды мақтан тұтамын, бейбітшілік үшін, сүйікті қалам мен өз өмірім үшін алғысым шексіз. Шежірем осы қаламен тығыз байланысты. Мен Қазақстанның елордасымен бір жылда, бір айда туғанмын. Біз бірге өсіп, алғашқы қадамдарды да бірге жасадық. Балалықпен хоккейден алғашқы соққыларымды алып жүргенімде, менімен бірге қала да өсіп, ескі үйлердің орнын заманауи орталықтар, спорт сарайлары, зәулім үйлер алмастырыпты, – дейді «Снежные Барсы» жастар командасының хоккейшісі Ян Калиновский.
Сонымен бірге республикалық және халықаралық өнер бай­қауларының жүлдегері Ақгүл Жа­рылқасынды ерекше атап өтуге болады. Ол 2015 жылы Лоретт де Мар қаласында өткен «Театр таланттары» атты байқауға Қазақ­стан атынан алғаш рет қатысып, 1-орын алған. Сол жылы жазда Түркияның Аланья қаласында өткен «Арт Олимпия» балалар шығармашылығы фестивалінен де 1-орын иеленіп қайтты. Иә, талантымен тас жарып жүрген «Астана – біздің мақ­танышымыз. Осы қалада оқу, жұмыс істеу және тұру – зор бақыт!» деген жастарға тек сәттілік тіледік!  

АдебиетӘдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ