Сот та сотталды
Сот та сотталды
© stan.kz
974
оқылды

Соттың өзі сотталып жатыр. Иә, Қарағандыда өзгеге үкім шығаратын сот істі болып, бас бостандығынан айырылды.

Биылғы 6 айда Қарағанды об­лысы соттарына 1 128 қылмыстық іс келіп түскен. Бұл 2020 жылға қарағанда 8 іске көп. Оның 916-ы адам сотына қатысты. 782 іс үкім шығарумен ғана шектелсе, 887 істе 801 адам сотталды. Олардың қата­рында судья да бар. Бірақ ол жал­ғыз емес, сыбайласымен бірге сотталды.

Бір қылмыс – екі сотталушы

Сот процесі мамырда басталды, сотталушылар ақпан айынан бері уақытша қамау изоляторында отырған болатын. Міне, 10 тамызда Қарағандыда парақорлық жасады деп айыпталған судья мен заңгер ісі бойынша үкім шықты. Сот Қа­рағанды облыстық ауданаралық экономикалық сот судьясы Ержан Ғабдуллин «Оливия» компания­сы­ның заңгері Елена Кантер-Скрип­кинадан пара ретінде 10 мың еуро және 3 миллион теңге ақша алған» деген қорытынды жасады. Судья Ғабдуллин «алаяқтық жасады» және «пара алуға итер­меледі» деп айыпталып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, заңгер Кантер-Скрипкина «пара беруге тырысты» деген айып­пен 3 жылға түрме жазасын алды. Судьяның пәтерін тінту ке­зінде та­­былған 10 мың еуро мен 3 мил­лион теңге мемлекет есебіне тәркіленді. – Ғабдуллинге қатысты сот оның антты бұзғанын және қыл­мысы сот билігінің беделін түсі­ретінін қаперге алды. Сондықтан сот оны 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен дұрыс деп тапты. Ал Кантер-Скрипкина бо­йынша, сот оның кінәсін мойын­дап, ісіне өкінетінін, тергеуге кө­мектескенін, қылмысты ауырлата­тын жағдайлардың жоғын ескеріп, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды, – дейді судья Саян Аққожин.

Бәрі де жемқорлықтың салдары

Тергеу мәліметтері бойынша, арендалық тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесін даулап жатқан «Оливия» ЖШС өкілі, заң­гер Кантер-Скрипкина судья Ғаб­дуллиннен өзі қалайтын шешім шығаруға атсалысуды сұраған. «Басқа судья қарап жатқан іс бо­йын­ша жағымды шешім шығартуға көмектесемін деп уәде берген Ғабдуллин 10 мың еуро және 3 млн теңге көлемінде пара алған» де­лінген сот материалында. Кантер-Скрипкина айыбын мойындап, өкінетінін айтқан. Ал Ғабдуллин кінәсін мойындамайтынын, ақ­шаны ескі танысы Кантер-Скрип­кина «мазасын алып, қоңырау ша­ла бермес үшін» уақытша алып, кейін қайтарып бермек болғанын айтты. Бұрынырақ болған жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Ғабдул­линді 6 жылға, ал Кантер-Скрип­кинаны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ғабдуллиннің қорғаушысы оны толық ақтауды өтінсе, Кантер-Скрипкинаның ад­вокаты жеңіл жаза беруді сұраған. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ, ол барлық тәрбие бесіктен басталады дегені. Ал «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» деп ашынғанда айтқан. Әділ деген сотымыз сотталып жатыр. Енді не дер екенбіз?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы