Коронавирус пандемиясы адамзатқа оңай тиіп жатқан жоқ. Әлем коронавирустың алдында қауқарсыз күй кешуде. Жер бетін жайпаған індет тыйылар емес. Соңғы бір жылда COVID-19 індетінен қаншама жақсы мен жайсаңымыздан айырылып қалдық. Бұл дертке тоқтам бар ма?
Сәуір айында бірнеше тұлғамыздан айырылып қалдық. Олардың қатарында белгілі саясаттанушы Дастан Қадыржанов та бар. Ол 54 жасында өмірден өтті. Жақындары мен әріптестерінің айтуынша, ковид жұқтырып, ауруханаға түскен екен. Өкінішке қарай, бұл дерттен айықпастан көз жұмды.Өнер мен ғылымдағы орындары ойсырады
Дастан Қадыржанов түрлі саяси мәселе туралы сараптамалар жазып жүрген мықты маманның бірі еді. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы – тарихшы-шығыстанушы. Ол Сыртқы істер министрлігінде, телеарналарда жұмыс істеген. «Отанның жүрегі» және «Мейірбан баланың оқиғасы» кітаптарының, «Үлкен жалғыздықтың кішкене хикаялары» атты өлеңдер жинағының авторы. Сәуір айында өмірден өткен тағы бір тұлға – Ким Серікбаев. Әскери ғылымдар докторы, полковник 88 жасқа қараған шағында коронавирус дертінен көз жұмды. Ол ауруханада 5 күн жатып, емделген. Ким Серікбайұлы 1934 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін, Уфа әскери училищесін және Мәскеу әскери академиясын бітірген. 1956-1966 жылдары Қиыр Шығыс, Мәскеу, Орта Азия әскери окургтерінде взвод, рота, батальон командирі, штаб бастығы, полк командирі болып қызмет атқарған. Әр жылдары Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі, Президент аппараты жанынан құрылған қорғаныс бөлімінің жетекшісі және өзге де жауапты қызметтерді атқарған. Қазақтың сүйікті актрисасы Ғазиза Әбдінәбиева да коронавирустың құрбаны. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, актриса 72 жасында өмірден озды. Ол Қазақ ұлттық консерваториясының «Актерлік шеберлік» факультетін бітірген. Консерваторияның 4-курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1969-1993 жылдары осы театрда еңбек етті. Сондай-ақ ол «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Біржан сал», «Кемпір», «Зауал» сияқты бас-аяғы 20-ға жуық фильмде ойнаған.Жазушылардан да айырылдық
Қазақтың дара ақындарының бірі Есенғали Раушанов 16 сәуір күні өмірден өтті. Ол 1957 жылы Қарақалпақстанның Хожелы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Кейін «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» журналының бас редакторы, 1995 жылдан бастап, «Жазушы» баспасының директоры болған. Ақын энциклопедиялық білімге ие, үш тілді қатар меңгерген полиглот, қайраткер еді. Өмірінің соңғы жылдары Жазушылар одағында басшылық қызмет атқарды.Біз коронавирустың салдарынан өмірден өткен барлық қайраткерді, журналистерді, елдің алдында жүрген азаматтардың есім-сойын тізіп шығуды мақсат тұтпадық. Тіпті, былтыр өмірден өткен тұлғаларды да қоспадық. Тек пандемияның қаншалықты қауіпті екенін, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, руханиятына қандай соққы жасағанын суреттегіміз келді...
Коронавирус дертінен тағы бір Халық жазушысы қайтыс болды. Жазушы Қабдеш Жұмаділ 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келген. Ол өз естелігінде: «Жазушылықтың азап екені рас. 20 томдай кітап жазыппын. Бұл – тілеп алған ауруың. Мен өмірімді қайта бастасам, тағы да жазушы болу жолын таңдар едім. Бұл кәсіптің рақаты – алған сыйлығың, атағың да емес. Әр кітапты бітіріп, соңғы нүктесін қойған кезіңде жүрегіңді бір қуаныш билейді. Ол сәттегі ләззатты ештеңеге айырбастай алмайсың. Қоғамнан мезі болғанда тарихи роман жазудың рақатына батамын. Сол кезеңде сен ежелгі адамдармен сөйлескендей боласың, билермен, хандармен, батырлармен бір табақтан ас ішіп, дәмдес боласың, осының бәрі рақат. Бұл рақатты тек қалам ұстаған жазушы түсінеді» деген екен. Жазушы бар ғажапты қалам мен қағаздан тапты. Соның арқасы болар, оның қаламынан 10 роман туды, 20-дан астам повесть жазды. Одан бөлек, 70-тен астам әңгімесі бар.Атамекенін әнмен тербеп өтті...
30 сәуірде қазақтың тағы бір талантты ұлы, композитор Ескендір Хасанғалиев өмірден озды. Ол 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының вокальды-хор факультетін, 1978 жылы әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын бітірген. Өмірін өнерге арнаған композитордың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» әндері елге танымал. Қазақтың ән өнеріне зор үлес қосқан тұлға. Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы. Белгілі қазақстандық актер Әлімғазы Райымбеков 19 қаңтарда 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Актер 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауылда жүргізуші болып бастаған. 1965 жылы алғашқы «Ән қанатында» фильмінің спорттық іс-шараларына шақырту алады. 1966 жылы «Қилы кезең» фильміне түседі. 1968 жылы қазақ киносының інжу-маржанына айналған «Тақиялы періште» кинофильміндегі Тайлақтың рөлін ойнады. Актер былтыр 20 желтоқсанда 85 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Оның 10 баласы, 22 немересі және 20 шөбересі бар. Актердің фильмографиясында «Қан мен тер», «Ән қанатында», «Асуда», «Көк маршрут» сияқты 10-нан аса танымал картина бар. Биыл шілде айында Қазақстанның Халық ақыны Әселхан Қалыбекова да өмірден озды. Ол 1950 жылы 22 сәуірде Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында туған. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. Ақынның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Әселхан Қалыбекова – айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің сүйікті перзентіне айналған аяулы тұлға. Республикалық, халықаралық айтыстарда топ жарып, намысты қолдан бермеген, от ауызды, орақ тілді, арқалы ақын. Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі де пневмония мен жүрек дертінен көз жұмды. «Бұл – бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді. Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын» деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. Жазушы Қуанышбай Құрманғали, режиссер Александр Пономарев, белгілі театр және кино актері Ілияс Тұрманов, суретші Әбілқасым Сәрсенбаев та коронавирустың құрбаны. Біз коронавирустың салдарынан өмірден өткен барлық қайраткерді, журналистерді, елдің алдында жүрген азаматтардың есім-сойын тізіп шығуды мақсат тұтпадық. Тіпті, былтыр өмірден өткен тұлғаларды да қоспадық. Тек пандемияның қаншалықты қауіпті екенін, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, руханиятына қандай соққы жасағанын суреттегіміз келді... Әттеген-ай, бұл дертке тоқтам болып, жақсылар өлмес болса-шы...Айым БЕКТҰР