Ел тарихындағы елеулі оқиға саналатын ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың алғашқы кезеңінің өткеніне де жарты айға жуық уақыт болды. Шілденің 25-і күні өткен сайлауда 730 ауылдың әкімі халықтың тікелей дауыс беруі нәтижесінде сайланған еді. Сайланған әкімдердің арасында жастар да, әйелдер де, экс-әкімдер де, партия мүшелері де, партиясыздар да бар. Қысқасы, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ұйымдастырылған шара «ақ пен қара, сары мен сұры» деп бөлінуге жол бермей, әкім болуға ниет танытқандардың қолын қаққан жоқ.
Негізі, елімізде алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың түрлі артықшылығын атап өтуге болады. Әлбетте, бірінші кезекте демократияландыру үрдісін тереңдететінін алға тартатынымыз сөзсіз. Екіншіден, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер негізінде алғаш рет бюллетеньде «бәріне қарсымын» дейтін графа тұрды. Сөйтіп, бұрын наразылығын бюллетеньді бүлдіріп, барлық үміткердің тұсына айқыш бергісін қойып кету арқылы білдіретін азаматтар көңіл күйін бюллетень арқылы нақты көрсете алатын болды. Үшіншіден, ауыл әкімдерін сайлау барысында партиялардың бәсекесі қыза түсті. Жаңадан сайланған көптеген ауыл әкімі «Nur Otan» партиясының мүшесі болғандықтан немесе партия атынан ұсынылғандықтан, биліктегі саяси күштің ауылдағы өкіліне айналғанымен, өзге партиялардың да жергілікті жерде билікке келуіне мүмкіндік туды. Мәселен, барлық әкімнің 86 пайызы немесе 627 адам «Nur Otan» өкілі болса, 33 адам «Ауыл», 15 адам ADAL, 11 адам «Ақжол», 10 адам Қазақстан халық партиясынан, 1 адам ЖСДП-дан сайланды. Партиясыздар қатарынан 33 адам әкім болғаны тағы бар. Бұл жағдай биліктің демократиялық реформаларды тереңдетуге айрықша назар аударғанына азаматтардың көзін жеткізеді. Оған билікке ұдайы оппозицияда жүрген саяси күштер өкілдерінің сайлауда жеңіске жеткені. Төртіншіден, осы жолғы сайлау жастар мен әйелдерге зор мүмкіндік берді. Әрине, партияларға жастар мен әйелдерге арналған жеке квота енгізу заңмен міндеттелген болса, ауыл әкімдерін сайлау барысында мұндай міндет болған жоқ. Керісінше, жастардың өз белсенділігі жоғары болды.Жалпы, ауыл әкімі болып сайлануға тәуекел еткен барлық жастар алдынан қандай қиындық шығуы мүмкін екенін саналы түрде түйсінді деп білеміз. Онсыз тәуекелге барудың пайдасы жоқ.
Жалпы, жас азаматтардың ауыл әкімі болып сайлануға ұмтылысының бірнеше мультипликативті әсері бар. Біріншіден, жастардың ауылдан кетуін белгілі мөлшерде азайтуы мүмкін. Егер жас азаматтар әділ сайлау арқылы әкім болып сайланып, ауылды жерлерде өз мүмкіндіктерін пайдалана бастаса, ол ауыл-аймақтағы жас азаматтардың сенімін нығайтады деген сөз. Әрине, бұл жерде жаңадан сайланған ауыл әкімдері қандай табысқа жетеді, олар қолдағы мысқалдай мүмкіндікті қалай пайдаланды дейтін сауалдарға жауап беру өзекті болып қалары сөзсіз. Дегенмен жастардың ауылға қайта назар аударуына бұл сайлаудың ықпалы болары сөзсіз. Сонымен қатар бұл сайлау жастардың тұтас мемлекетке, билікке деген сенімін арттырады. Әрі олардың саяси үрдістерге араласуына түрткі болады. Тіпті, партия атынан қатысатын жастарға қарағанда әкім сайлауына қатысатын азаматтардың ұстанымы шынайы болуы мүмкін. Өйткені олар өздеріне сенгендіктен, сайлауға түскені сөзсіз. Айталық, Маңғыстау облысында ең жас ауыл әкімі 25 шілдеде сайланды. Ол – 26 жастағы Қуаныш Жәнібекұлы дейтін азамат. Қ.Жәнібекұлы Маңғыстау ауданы Оңды ауылдық округінде сайлауға түсіп, тұрғындардың қолдауына ие болған. Ал жамбылдық Қуандық Ерсайын 28 жасында ауыл әкімі болып сайланды. Әрине, ауылдарға 25-35 жас аралығындағы азаматтар әкім болып сайлануы мүмкін. Кезінде 28-30 жастағы азаматтар министр болып та тағайындалған. Бірақ тағайындалу мен сайланудың жөні бөлек. Алғашқылар білімі мен білігі немесе мықты тірегі арқылы жоғарыдан, жергілікті тұрғындардың көзқарасы, талап-тілегі ескерілместен тағайындалса, соңғылары халыққа өз бағдарламаларын таныстырып, дауыс берушінің көңілінен шығудың барлық амалын қарастырған соң ғана әкім болып сайланады. Әрі сайланған әкімдер бұқараның үнемі өздерін бақылап, аңдып отыратынын, әр бастама мен жобаны халыққа ұдайы түсіндіріп отыру қажет болатынын да біледі. Демек, әкім сайлауына қатысқан жастар үлкен тәуекелге барып отыр деген сөз. Одан бөлек, осынау тәуекел мен жауапкершіліктің өте ауыр екенін де ескеру қажет. Өйткені көптеген ауылда инфрақұрылымы нашар, жұмыс орындары тапшы. Тіпті, жергілікті бюджетке тиын-тебен түсіретін кәсіпкерлік нысандары да сирек. Мұндай жағдайда әкім болуға тәуекел еткен жастар көптеген мәселені шешуге талпынуы қажет болады. Ол үшін қажет кезінде меценаттарға да жүгінуге мәжбүр. Мәселен, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Сілеті ауылына әкім болып сайланған Бекболат Махшар ауылды шама-шарқынша түлетуге құштар. Аймақта туризмді дамытпақ ниеті бар екенін де айтқан. «Құжаттармен, ауылда жүргізілуі тиіс жобалармен де танысып шықтым. Елді біріктіріп, кәсіп ашқысы келетіндерді қолдамақпын. Мәселен, Сілеті көлінің жағажайында жер телімін бөліп жағажай ашса, демалыс лагерьлерін ұйымдастырса, шаңғы тебетін арнайы орын әзірлесек деген жоспарым бар. Бұл үшін аудандық және облыстық депутаттармен де сөйлестім. Олар қолдап отыр» деген еді Бекболат Махшар. Әрине, айтуға оңай болғанымен, Сілеті ауылы – ел астанасынан 160 шақырымдай жерде орналасқан елді мекен. Ірі жолдардан қиыс жатыр. Әйгілі Көбейтұз көліне баратын автожолдың тұсында болғанымен, қиыстан 50-60 шақырым жүру қажет. Демек, көлді көпшілікке таныстырып, инвестор тарту, туристерді қызықтыру оңай шаруа емес. Мұндай істе креатив болу қажет. Шамасы, оны жас әкім біліп отырса керек. Жалпы, ауыл әкімі болып сайлануға тәуекел еткен барлық жастар алдынан қандай қиындық шығуы мүмкін екенін саналы түрде түйсінді деп білеміз. Онсыз тәуекелге барудың пайдасы жоқ. Ертең қиындықтарға шыдамай, қызметінен бас тартар болса, жастарға деген сенім тіптен азая түседі. Аға буын мен жастар арасындағы қайшылық ұлғаяды. Мұның барлығын жас әкімдер білгені анық. Сол себепті ауыл әкімдерін сайлау шарасының маңызы да артып отыр. Айтпақшы, ауыл әкімі болып сайланған нұротандықтардың 14,2 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екен. Бұл дегеніңіз – кемі 89 жас әкім сайланды деген сөз. Оған өзге партиялардан сайланған азаматтарды қоссақ, жас әкімдер саны 100-ге жетіп қалатын шығар. «Жас келсе, іске!» дейтін тағы бір сәт келген сияқты.Ардақ СҰЛТАН