Жастар да әкім атанды
Жастар да әкім атанды
203
оқылды

Ел тарихындағы елеулі оқиға саналатын ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың алғашқы кезеңінің өткеніне де жарты айға жуық уақыт болды. Шілденің 25-і күні өткен сайлауда 730 ауылдың әкімі халықтың тікелей дауыс беруі нәтижесінде сайланған еді. Сайланған әкімдердің арасында жастар да, әйелдер де, экс-әкімдер де, партия мүшелері де, партиясыздар да бар. Қысқасы, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ұйымдастырылған шара «ақ пен қара, сары мен сұры» деп бөлінуге жол бермей, әкім болуға ниет танытқандардың қолын қаққан жоқ.

Негізі, елімізде алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың түрлі артықшылығын атап өтуге болады. Әлбетте, бірінші кезекте демокра­тия­ландыру үрдісін тереңдететінін алға тартатынымыз сөзсіз. Екін­шіден, сайлау заңнамасына енгі­зілген өзгерістер негізінде алғаш рет бюллетеньде «бәріне қарсы­мын» дейтін графа тұрды. Сөйтіп, бұрын наразылығын бюллетеньді бүлдіріп, барлық үміткердің тұсына айқыш бергісін қойып кету арқылы білдіретін азаматтар көңіл күйін бюллетень арқылы нақты көрсете алатын болды. Үшіншіден, ауыл әкімдерін сайлау барысында партиялардың бәсекесі қыза түсті. Жаңадан сайланған көптеген ауыл әкімі «Nur Otan» партиясының мүшесі болғандықтан немесе партия атынан ұсынылғандықтан, биліктегі саяси күштің ауылдағы өкіліне айналғанымен, өзге партиялардың да жергілікті жерде билікке келуіне мүмкіндік туды. Мәселен, барлық әкімнің 86 пайызы немесе 627 адам «Nur Otan» өкілі болса, 33 адам «Ауыл», 15 адам ADAL, 11 адам «Ақжол», 10 адам Қазақстан халық партия­сынан, 1 адам ЖСДП-дан сай­ланды. Партиясыздар қатарынан 33 адам әкім болғаны тағы бар. Бұл жағдай биліктің демокра­тиялық реформаларды терең­детуге айрықша назар аудар­ғанына азаматтардың көзін жет­кізеді. Оған билікке ұдайы оппо­зицияда жүрген саяси күштер өкілдерінің сайлауда жеңіске жеткені. Төртіншіден, осы жолғы сайлау жастар мен әйелдерге зор мүмкіндік берді. Әрине, партия­ларға жастар мен әйелдерге ар­налған жеке квота енгізу заңмен міндеттелген болса, ауыл әкім­дерін сайлау барысында мұндай міндет болған жоқ. Керісінше, жастардың өз белсенділігі жоғары болды.

Жалпы, ауыл әкімі болып сайлануға тәуекел еткен барлық жастар алдынан қандай қиын­дық шығуы мүмкін екенін саналы түрде түйсінді деп білеміз. Онсыз тәуекелге барудың пайдасы жоқ.

Жалпы, жас азаматтардың ауыл әкімі болып сайлануға ұмтылысының бірнеше муль­типликативті әсері бар. Бірін­шіден, жастардың ауылдан кетуін белгілі мөлшерде азайтуы мүмкін. Егер жас азаматтар әділ сайлау арқылы әкім болып сайланып, ауылды жерлерде өз мүмкін­діктерін пайдалана бастаса, ол ауыл-аймақтағы жас азамат­тардың сенімін нығайтады деген сөз. Әрине, бұл жерде жаңадан сайланған ауыл әкімдері қандай табысқа жетеді, олар қолдағы мысқалдай мүмкіндікті қалай пайдаланды дейтін сауалдарға жауап беру өзекті болып қалары сөзсіз. Дегенмен жастардың ауылға қайта назар аударуына бұл сайлаудың ықпалы болары сөзсіз. Сонымен қатар бұл сайлау жас­тардың тұтас мемлекетке, билікке деген сенімін арттырады. Әрі олардың саяси үрдістерге арала­суына түрткі болады. Тіпті, пар­тия атынан қатысатын жастарға қарағанда әкім сайлауына қатысатын азаматтардың ұста­нымы шынайы болуы мүмкін. Өйткені олар өздеріне сенген­діктен, сайлауға түскені сөзсіз. Айталық, Маңғыстау облысында ең жас ауыл әкімі 25 шілдеде сайланды. Ол – 26 жастағы Қуа­ныш Жәнібекұлы дейтін азамат. Қ.Жәнібекұлы Маңғыстау ауданы Оңды ауылдық округінде сайлауға түсіп, тұрғындардың қолдауына ие болған. Ал жамбылдық Қуан­дық Ерсайын 28 жасында ауыл әкімі болып сайланды. Әрине, ауылдарға 25-35 жас аралы­ғын­дағы азаматтар әкім болып сай­лануы мүмкін. Кезінде 28-30 жас­тағы азаматтар министр бо­лып та тағайындалған. Бірақ тағайындалу мен сайланудың жөні бөлек. Алғашқылар білімі мен білігі немесе мықты тірегі арқылы жоғарыдан, жергілікті тұрғындардың көзқарасы, талап-тілегі ескерілместен тағайын­далса, соңғылары халыққа өз бағдарламаларын таныстырып, дауыс берушінің көңілінен шы­ғудың барлық амалын қарас­тырған соң ғана әкім болып сай­ланады. Әрі сайланған әкімдер бұқараның үнемі өздерін бақы­лап, аңдып отыратынын, әр бас­тама мен жобаны халыққа ұдайы түсіндіріп отыру қажет болатынын да біледі. Демек, әкім сайлауына қатысқан жастар үлкен тәуекелге барып отыр деген сөз. Одан бөлек, осынау тәуекел мен жауап­кершіліктің өте ауыр екенін де ескеру қажет. Өйткені көптеген ауылда инфрақұрылымы нашар, жұмыс орындары тапшы. Тіпті, жергілікті бюджетке тиын-тебен түсіретін кәсіпкерлік нысандары да сирек. Мұндай жағдайда әкім болуға тәуекел еткен жастар көп­теген мәселені шешуге талпынуы қажет болады. Ол үшін қажет кезінде меценаттарға да жүгінуге мәжбүр. Мәселен, Ақмола облы­сы Ерейментау ауданы Сілеті ауылына әкім болып сайланған Бекболат Махшар ауылды шама-шарқынша түлетуге құштар. Аймақта туризмді дамытпақ ниеті бар екенін де айтқан. «Құжат­тармен, ауылда жүргізілуі тиіс жобалармен де танысып шықтым. Елді біріктіріп, кәсіп ашқысы келетіндерді қолдамақпын. Мә­селен, Сілеті көлінің жағажа­йында жер телімін бөліп жағажай ашса, демалыс лагерьлерін ұйым­дастырса, шаңғы тебетін арнайы орын әзірлесек деген жоспарым бар. Бұл үшін аудандық және облыстық депутаттармен де сөй­лестім. Олар қолдап отыр» деген еді Бекболат Махшар. Әрине, айтуға оңай болғанымен, Сілеті ауылы – ел астанасынан 160 шақырымдай жерде орналасқан елді мекен. Ірі жолдардан қиыс жатыр. Әйгілі Көбейтұз көліне баратын автожолдың тұсында болғанымен, қиыстан 50-60 ша­қырым жүру қажет. Демек, көлді көпшілікке таныстырып, инвес­тор тарту, туристерді қызықтыру оңай шаруа емес. Мұндай істе креатив болу қажет. Шамасы, оны жас әкім біліп отырса керек. Жалпы, ауыл әкімі болып сайлануға тәуекел еткен барлық жастар алдынан қандай қиын­дық шығуы мүмкін екенін саналы түрде түйсінді деп білеміз. Онсыз тәуекелге барудың пайдасы жоқ. Ертең қиындықтарға шыдамай, қызметінен бас тартар болса, жастарға деген сенім тіптен азая түседі. Аға буын мен жастар ара­сындағы қайшылық ұлғаяды. Мұның барлығын жас әкімдер білгені анық. Сол себепті ауыл әкімдерін сайлау шарасының маңызы да артып отыр. Айтпақшы, ауыл әкімі болып сайланған нұротандықтардың 14,2 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екен. Бұл дегеніңіз – кемі 89 жас әкім сайланды деген сөз. Оған өзге партиялардан сайлан­ған азаматтарды қоссақ, жас әкім­дер саны 100-ге жетіп қала­тын шығар. «Жас келсе, іске!» дейтін тағы бір сәт келген сияқты.

Ардақ СҰЛТАН