Ала жаздай болған аптап ыстық ауыл шаруашылығымен қатар орман шаруашылығына да орасан зор зиянын тигізіп келеді. Еліміздің орманды аймақтарының бірі – Ақмола облысында да тұтанған тілсіз жаудың салдарынан сыңсыған қарағай мен қайың-теректі ормандарды өрт шалған оқиғалар жиілей түскен.
Жергілікті төтенше жағдайлар қызметі өңірдегі орман өртінің шамадан тыс көбейіп кеткенін айтып дабыл қақты. Олардың мәліметінше, тек соңғы бір аптада ғана облыс аумағында 5 рет орман өрті тіркелген. Жасыл желектің өртенуін тоқтату үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлескен шаралардың жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ бұл шаралардың, өкінішке қарай жеткіліксіздігі айтылмай қалмады. Ведомствоның мәліметінше, жазда, өрт қаупі бар маусым басталғаннан бері облыс аумағында 1 200-ден астам рейд шарасы ұйымдастырылған. Тек жыл басынан бері 93 орман және 5 ірі дала өрті тұтанған. Өрт шалған орман алқабы 6 669 гектарға жетіп, шығынның жалпы көлемі 6 миллион теңгеден асып түсіпті. Әсіресе, қалың қарағай мен қайыңы мол Бурабай мен Зеренді аудандарында орман жиі өртенеді екен. Мұнда сәйкесінше 30 және 18 орман өрті тіркеліпті. Сондай-ақ Ақкөл ауданында – 13, Біржан сал ауданында – 11, Сандықтау ауданында – 7, Бұланды ауданында – 5, Степногорск қаласында –3, Көкшетау қаласы мен Ерейментау ауданында – 2, Целиноград ауданында 1 орман өрті болған.«Әрине, халықты ақпараттандыру мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Әсіресе, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Орман алқаптарын «Қазәуеорман қорғау» акционерлік қоғамының 3 әуе тобы аспаннан тұрақты түрде шолып отырады. Жер үстінде шолып, тексеру үшін шамамен 200 адамнан тұратын 56 мобильді топ құрылған. Дегенмен осындай жұмыстар атқарылып жатса да, апат айтып келмейді. Өрт бірінен кейін бірі тіркеліп жатыр. Өрт тұтануына әкеліп соққан оқиғалар бойынша заңсыз іс жасағандар жауапкершілік арқалауда», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.Аталған өртке қарсы мобильді топтар мыңнан астам рейд шарасын ұйымдастырған. Нәтижесінде, 147 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 134-не ескерту берілсе, 13 адамға 644 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Биылғы қатты ыстықтың, жиі жай түсудің салдарынан ормандағы өрттің саны артқан. Мәселен, қыр басындағы құрғақ шөптің тұтануынан шыққан өрт «Бұқпа» ірі орман шаруашылығының қарағайлы-қайыңды ормандарына әп-сәтте жеткен. Қызыл жалын 50 гектарға жуық аумақты шарпыған. Дегенмен өрт сөндірушілер орманның толықтай жанып кетуіне жол бермепті. Алайда 1,5 гектардан астам жердің ағаштарына зиян келген.
– Орман өртін сөндіру үшін оған ең алдымен кіру қиын. Оған қоса, ағаштың үстіңгі жақтарының жанып кету қаупі күшті. Ал қайың мен қарағайдың басы тұтанса, оны тоқтату оңай емес. Ондай кезде өрт сөндірушілердің өздеріне де қатер төнеді. Сонымен бірге өртенген орманның орны біраз уақыттан кейін қайта жануы мүмкін. Сондықтан оны 10 сағатқа дейін бақылауға аламыз. Биыл орман өртінің көбеюіне күннің ыстығы мен найзағай ойнап, жайдың көп түсуі де себеп болды. Дегенмен жағдайды қиындатып тұрған ол ғана емес. Орман шаруашылықтарында заманауи стансалар мен тиісті техникалар жетіспейді. Ал өрт сөндірушілер кейде белгілі бір себептерге байланысты оқиға орнына дер кезінде жете алмауы мүмкін. Бұл өрт шалған жерлердің көбейіп, оны дер кезінде тоқтатуға қиындық келтіреді, – дейді Манарбек Шапағатов.Біз орман шаруашылықтарындағы нақты жағдайды анықтау мақсатында облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен де тілдестік. Бірақ басқарма басшысы техниканың жетіспеушілігі мәселесінің жоқ екенін алға тартты.
«Облыс орман шаруашылықтарында техника қоры жеткілікті. Оған қоса, осы жақында Конституция күніне орай тағы 20 трактор, «Уазик» сияқты көлік бөлініп, техникаларымыз жаңартылмақ. Әрине, биыл қуаңшылыққа байланысты орман өрті көп болды. Дегенмен орманда ағаштардың өртеніп кетуі сирек. Бірен-саран ағаштар өртенгені болмаса, жағдай қалыпты. Үлкен өрт болған жоқ. Биыл 1 300 гектарға жуық ағаш отырғызылды. Керісінше, орманда өрт болған жағдайда өрт сөндірушілер жеткенше біздің орманшылар өрттің 30-40 пайызын өздері сөндіріп тастайды», – дейді басқарма басшысы Руслан Әубәкіров.Ал ормандар мен аң-құстардың жайына тікелей жауапты орган Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы сәл өзгеше дерек келтірді. Бұл ведомство да ыстық ауа райы мен жауын-шашынның жоқтығы өрттің көп болуына ықпал еткенін жеткізді.
– Мемлекеттік орман қорларында бүгінге дейін 76,5 гектар орман алқабында 93 өрт болды. Шығын сомасының жалпы көлемі 14 миллион 202 мың теңгені құрады. 160 текше метр орман түп-тамырымен күлге айналды. Орман өртінің басым бөлігі жай түсуден, ыстық пен қатты желдің салдарынан болғаны анықталды. Қазір инспекция өртке қарсы мемлекеттік қызмет органдарымен бірлесіп, қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді аумақтық инспекция басшысы Лашынтай Дүйсенов.Қысқасы, қай мекеме қандай дерек келтірсе де, бәрі Ақмола ормандарында өрттің жиі шығатынын мойындайды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы