Елордадағы Сейфуллин және Жангелдин көшелерінің қиылысында мас күйінде билеп, жүргіншілерге кедергі келтірген ер адам ұсталды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол қиылысында би билеп, ел назарын өзіне аударған 33 жастағы жігіт екені анықталды. Оның бұл әрекеті қиылыстағы жол қозғалысын бақылау үшін қойылған бейнекамераға түсіп қалған.
«Елорданың 33 жастағы тұрғыны өз әрекетімен жол қозғалысы ережелерін бұзып, көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірді. Мас бишіні патрульдік полиция жасағы келгенге дейін жүргізушілердің бірі жол жиегінде ұстап тұрған. Тәртіп бұзушы Полиция басқармасына жеткізілді. Қоғамдық орында мас жүргені үшін және жаяу жүргіншілердің қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін ол Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 615 және 440-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Полиция өкілдері қала тұрғындарынан осыған ұқсас тәртіпсіздіктерге кез болса, бірден «102» нөміріне хабарласуды сұрайды.
https://www.youtube.com/watch?v=wZTKriTD4gI