Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда өтетін ұлттық халық санағы туралы ақпарат таратты. Олардың айтуынша, пандемияға қарамастан бұл шара өтетін болады.
«Ол 2020 жылдан 2021 жылға шегерілді, бірақ енді кейінге шегеруге болмайды. Санақты дайындау кезінде, әрине жағымсыз эпидемиологиялық жағдай ескерілді. Барлық сұхбат алушылар біріншіден, екпе алды, ал екіншіден, жеке қорғаныс құралдарымен қамтылды», – деді ведомство өкілі. 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі Қазақстан халық санағының жиынтық бюджеті – 9 000 078,172 теңге. Санақшылар кейбір көрші елдерде жан басына шаққандағы халық санағы бұдан да қымбатқа шыққанын ескеру қажет деп отыр. Мәселен: Қырғыз Республикасы – 1,2 доллар, Әзербайжанда – 1,44 доллар, Ресейде – 3,6 доллар. «2018-2023 жылдарға арналған санақ бюджеті – 9,1 миллиард теңге. Яғни, бір адамға шамамен 1,1 доллар. 2009 жылмен салыстырғанда санаққа үш есе (2,9 доллардан) аз ақша жұмсалып отыр», – дейді олар. Олар таратқан мәлімет бойынша, жалпы бюджеттің жартысынан көбі – 4,7 миллиард теңге сұхбат алушылардың еңбекақысына кетеді екен. Санаққа 32 мыңнан аса адам тартылады. Олардың жалақысы 83-125 мың теңге аралығында болады. Сұхбат алушыларға арналған планшеттерге 1 миллиардтан аса теңге жұмсалған. 27 412-ден аса жинақ сатып алынған, оның ішінде планшет, қалам, қуаттағыш, қорғаныс әйнегі мен қорап бар. Бір жиынтықтың бағасы – 39 603 теңге. Планшеттер бірреттік санақтан кейін мектептер мен ауруханаларға берілмек екен. «Электронды статистика» ақпараттық жүйесін жаңартуға шамамен 1 миллиард теңге жұмсалмақ. «Ұлттық статистика бюросының 10 жыл күткен көлік паркін жаңартуға 475,4 миллион теңге жұмсалды. Статистикалық ақпаратты жинау үшін олар үнемі жол жүруі керек. Бұл үшін сенімді, өтімді және қымбат емес көліктер қажет. Сондықтан таңдау елде құрастырылған «Нива» көлігіне түсті – 139 автокөлік. Әрқайсысы – 3,4 миллион. Тағы 410 миллион теңге – жиналған деректерді өңдеуге. Бұл сомаға 1999 және 2009 жылғы санақ мәліметін цифрландыру да кіреді», – делінген бюро хабарламасында. Іссапар шығындарына 360 миллион теңге бөлінген. Іссапарлардың мақсаты – сұхбат алушыларды оқыту. «Бір қарағанда, бұл сома көп көрінеді. Бірақ егер оны 32 000 сұхбаттасушыға бөлсек, бір адамға бар болғаны 11 250 теңге болады», – дейді ведомство өкілі.Нұрлан ҚОСАЙ