Шаһар тұрғындары «көпқабатты үйлерде уақытылы улау жұмыстары жүргізілмегендіктен, кеміргіштер көбейіп жатыр» деп дабыл қақты. Ең қиыны сол, азаматтар «егеуқұйрық вирус таратады» дегенге сене бастаған.
Осы күні егеуқұйрықтар әлемдегі ірі мегаполистердің ең басты проблемасына айналған. Алматыда да бұл мәселе шешімін таппай келеді. Олармен күресудің жалғыз жолы – улап, көздерін жою. Мұндай улау шарасы қалада екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең маусым-шілде айында іске асқан. Келесі кезең қыркүйек айында басталады. Қала бойынша барлығы 47 мың гектар жер залалсыздандырылған. – Егеуқұйрықтармен күресу үшін жыл сайын қала бюджетінен 100 миллион теңге бөлінеді. Кәсіпорынның қызметкерлері, мердігер ұйым, мобильді топты қосқанда 75-тен аса адам осы жұмысқа жұмылдырылады. Мобильді топ жеке үйлерге, тұрғынжайларға шығып дәрі шашады, – дейді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Айдын Сылбырбаев. Егеуқұйрықтар негізінен базарлар мен қоқыс айналасын мекендейді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары – кеміргіштердің көбейетін ордасы. Медеу ауданында дәмханалар мен мейрамханалар көп. Сондықтан осы аумақтың тұрғындары көп шағымданады. Егеуқұйрықтар Түрксіб, Алатау, Жетісу аудандарындағы ескі үйлердің маңында да жиі кездеседі. Құтыру, тулеремия және листериоз сияқты ауруларды тарататындықтан, кеміргіштер адам өміріне қауіпті саналады. – «Егеуқұйрықтар коронавирус тарата ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Жоқ, олай емес. Себебі вирусты таратушы – адам ағзасы, бұл дәлелденген. Сондықтан егеуқұйрықтар вирус таратпайды, – деп отыр Алматы қаласы СЭБД басшысының орынбасары Әсел Қалықова. Егеуқұйрықтарды жою үшін жыл сайын жаңа дәрілер қолдануға тура келеді. Бір маусымда себілген химиялық уға кеміргіштердің ағзасы үйреніп, тұрақты иммунитет қалыптасады екен. Кеміргіштерден құтылу үшін алматылықтарға күз мезгілін күткеннен басқа шара жоқ.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ