Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардың балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясына жыл сайын «Nur Otan» партиясы да белсене қатысады. Партияның «Баланы мектепке жинайық!» айдарымен өтетін науқанына Ақмола облыстық және аумақтық филиалдары белсенді қатысып, оқушыларға қажет оқу құралдары мен мектеп формасын алып беріп жатыр.
Нақты айтсақ, аталмыш акцияға мәслихаттың барлық деңгейіндегі 210 депутаты қатысып, 9 530 000 теңгеге бірінші сыныпқа баратын 281 оқушыға көмек көрсетеді. Игі іске депутаттар белсене қатысып отыр, сондықтан халық қалаулылары бұдан да көпбаланы мектепке жинауға көмектеседі деп күтілуде. Білім басқармасының мәліметінше, биыл облыс мектептеріне 130 мыңнан астам оқушы барса, 16 мыңнан астам бала халықтың әлеуметтік осал санатындағы отбасылардан. Ал бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны 13 мыңнан асады. Айта кетейік, аталмыш акция жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады.А.ЖАСАН