Карантинде қанша жәрдемақы берілді?
Карантинде қанша  жәрдемақы берілді?
234
оқылды

Коронавирус індетінің жаппай таралуына байланысты көпшілік әлем мемлекеттерінде миллиардтаған адам күнделікті күнкөріс көздерінен айырылды. Жұқпалы аурудан сақтану мақсатында еларалық шекаралар жабылып, тұрғындар карантинге үйіне қамалды. Қазақстанда да жұмыссыздық деңгейі күрт өсіп, халық қаржылық қиындықтарға тап болды.

Қазақстан  қалай  жәрдемдесті?

Қолданыстағы заң бойынша, жұмыссыз қалған жандар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына бай­ланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, індеттің алғашқы кезеңінде елімізде жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың сәуір айында шырқау шегіне жеткен. Сол айда республикада 4 млн 200 мың адам жұ­мыссыз деп танылды.Үкімет жұмыссыз қалған жан­дарға қолдау ретінде 42 500 теңге жәрдемақы тө­леді. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар үшін ком­муналдық қызметтердің төлеміне 15 000 теңге жәр­демақы қарастырылды. Алайда бірреттік жәр­демақы алуға 8,2 млн азамат өтініш берген болатын, олар­дың жартысының өтініші қанағат­тан­дырыл­мады. Бірақ кейін мемлекеттен жәрдемақы алушылар қа­тары тым азайып кетті. Мәселен, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорынан жұмысынан айырылуына бай­ланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 70,3 мың адамға дейін құлдырап кеткен. Оның ішінде 47 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Бірақ бұл Қазақстанда жұмыссыздар аяқастынан азайып кеткенін білдірмейді. Тағы да сол ресми дерекке сүйенсек,  Ұлттық статистика агенттігі бюросының сай­тында елде жұмыссыздар саны 451,3 мың деп көр­сетілген. Ресми дерек бойынша, коронавируспен күресу үшін мемлекет 114 миллиард 826 миллион тең­ге бөлген.

Көршілер не ұсынды?

Көршілердегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Ресейде карантиннің сал­­­дарынан жұмысынан айырылған­дарға 12 130 рубль төленді. Оның кө­ле­мі Мәскеуде 19 500 рубльді құра­ды. Сондай-ақ ана капиталы ретінде үш жасқа дейінгі әр балаға 5 мың рубль берілді. Өзбекстанда корона­вирусқа қарсы күреске барлығы 720 млн доллар бөлінген. Оның 2,25 трил­лион сомы (221,8 миллион дол­лар) мем­лекеттің дағдарысқа қарсы қоры­нан, 500 миллион доллары ха­лықара­лық қаржы институтта­рынан берілді.

Басқа мемлекеттердің көмегі

Карантин кезінде әлемдегі ең алпауыт мемлекет АҚШ өз азаматта­рына үлкен көмек көрсетті. Мұнда елдегі шағын кәсіпкерлерге берілген несие көлемі 50 млрд доллардан асып жығылған әрі олар барлық салық төлемінен босатылған. Ал жұмыссыз қалған әрбір отбасына 3 000 доллар көлемінде жәрдемақы берілді. Гер­манияда ісі уақытша тоқтаған немесе шектеуге мәжбүр болған кәсіпкерлер үш ай жәрдемақы алса, ал қарапайым жұмысшылар жартылай жұмыс кү­ніне ауыстырылған. Жұмыс күні қыс­қаруына байланысты олардың жалақылары да азайды. Бірақ Алман мемлекеті тарапынан жұмыскерлерге 60 пайыздық үстемеақы беріліп отыр­­ды. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыс­пен қамтушылар мен жеке кәсіп­кер­лерге қайтарымсыз 5 мың еуродан бөлінді. Ұлыбританияда тұрғындарға 2 500 фунт төленді. Франция азамат­та­рына экономикалық көмек ретінде 45 млрд еуро бөлді. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске 3 000 млрд еуро көле­мінде грант тағайындады. Ка­рантин кезінде әрбір француз комму­налдық төлемнен толық босатылған. Италия­ның көптеген кәсіпорны карантинге байланысты жұмысшы­ла­рын мін­детті демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Бірақ еңбек демалы­сындағы италиялықтарға Рим билігі оған дейін алып келген жала­қы­ларының 80 пайызын төлеп тұрды. Ал мектепке дейінгі және оқушы бала­лары бар әр отбасына 500 еуро кө­лемінде өтемақы үлестірді.Испа­нияда пандемиядан күнкөрісі қиын­даған әрбір азаматқа 500 еуродан төлеуді бекітіпті. карантин жәрдемақы Коммунистік құрсаудан кейіннен құтылған, экономикалық жағдайы Батысқа қарағанда әлсіздеу Шығыс Еуропа мемлекеттері де алмағайып заманда халқына қамқор-қорған бола білді. Мәселен, Чехия мемлекеті жұ­мыссыздарға бұрынғы жалақыла­ры­­ның 80 пайызын төледі. Ал 13 жасқа дейінгі балалары бар жұмыссыз қалған отбасыларға карантин кезінде ай сайын 500 еуро төлеп тұрды. Польша азаматтарының жалақы­сы­ның 40 пайыздық көлемін карантин кезінде жәрдемақы ретінде қарас­тырылған. Греция үкіметі әрбір азаматқа бірреттік жәрдемақы ретінде 800 еуро тағайындады. Оған қоса, отбасын­дағы әр бала басына 90 еуро жәрде­мақы берілді. Бұдан бөлек, карантин кезінде медициналық сақтандыру мемлекет есебінен жүргізілді, несие төлеу мерзімі үш айға кейінге ысы­рылды. Ал жалдамалы тұрғын-жай­ларда тұратын халықтың жалға алу құнының 60 пайызын мемлекет өз мойнына алды. Кипрде жұмыссыздар мен студенттерге ай сайын 750 еуро­дан жәрдемақы белгіледі. Данияда жеке компания жұмысшыларының 75 пайыздық жалақысын мемлекет тарапынан төлеу қол алынған. Ал қалған 25 пайызды компаниялардың өздері төлеген. Аустралия мемлекеті халқының қамымен бірге ең алдымен елдегі бизнес секторына арналған пакеттер дайындап, оларды қолдауға 4,4 млрд еуро бөлді. Сондай-ақ зей­неткер, аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге, жұмыссыздарға және жүкті әйелдерге 750 аустралиялық доллардан төлеген. Мұндай көмекті 6 млн-нан астам ел азаматы алған.

Дәулет АСАУ