Ет бағасы аспандап тұр
Ет бағасы аспандап тұр
168
оқылды

Өңірлерде шабындықтар өртеніп, жемшөп қымбаттағанынан жұрт секем алып отыр. Олардың көкейінде «ет бағасы қымбаттай ма?» дейтін сұрақ тұр. Оның үстіне, азық-түліктің қымбаттағаны тағы бар. Көпшіліктің бұлай ойлауында негіз жоқ емес. Өйткені пандемияның ал­ғашқы толқынында «қойдың сорпасы ем екен» деген қауесеттен кейін баға шарықтап кеткен-ді. Сондықтан халық жемшөп мәселесінің ақыры еттің құнына әсер ете ме деп қорқады.

Қыстың қамын жаз ойла

Қазір аталған мақал актуал болып  тұр. Өйткені аймақтарда шабындықтар өртеніп, жемшөп қоры түгесіліп жатыр. Кейбір өңір шаруалары «сабанның өзін жинай алмай қаламыз ба?» деп алаңдаулы. Оған қоса, жоңышқаның әр түгі 900-1 200 теңгеге бағаланған. Белсенділер, ауыл әкімдері шөбі бітік аудандармен келісіп, арзан бағамен шөп алдырғанымен, бә­рінде мұндай мүмкіндік жоқ. Қызыл­орда мен Маңғыстау өңірінде жағдай әлі бір қалыпқа түспеді. Осыдан кейін сарап­шылар үйінде мал-жаны бар тұлғалар қымбатшылық салдарынан ірі қарасы мен ұсақ малын арзан бағаға сатады деп топшылайды. Бұл өз кезегінде еттің ба­ғасын арзандатып немесе ұстап тұрға­нымен, «қуырдақтың көкесін» қыс пен көктемде көруіміз мүмкін. Иә, қазір базардан қой етінің келісі 2 500-3 000 теңге, сиыр еті 2 200-2 00  теңге бол­са, жылқы етін 3 300-3 600 теңгеге табасыз. Әрине, бұл мегаполистер мен өңір­лердегі бағаның шамасы. Байқаға­ныңыздай, қой еті мен сиыр етінің ара­сында айтарлықтай айырмашылық бар. Өткен жылы қой етінің келісі 2 100-2 200 теңге еді. Пандемия басталғалы бері қой етінің сұранысқа ие болғаны тағы бар. Одан бөлек, шаруалар жемшөптен қысылғандықтан, ұсақ малдан құтылуға көшкен. Оларға күнұзақ қой-ешкінің артынан жүріп, жоңышқаны түк-түгімен сатып алғаннан гөрі ірі қара мал ұстаған тиімді болып тұр. «Биыл егістікке жоңышқа ектім. Көк­темдегі жауын-шашын бастапқыда қуантқан-ды. Шаруа үшін мұның маңызы зор екені белгілі. Бірақ ауа райы бұзылып, жел тұрып, қолайсыздық көп болды. Оның үстіне, егістікке берілетін су  бұ­рын­ғыдай емес. Қанып су ішпеген жер қан­дай өнім берсін? Жан-жақта шабын­дық өртеніп, шөп қымбаттап жатқанын естідік. Үйдегі ірі қара мен ұсақ малға жоңышқаның жетпейтін түрі бар. Қыс­тың қамы үшін қо­сымша шөп сатып алуым керек. Оған қо­са, ұсақ малым мен ірі қараның бір-екеуін сатқалы отырмын. Қыстың арты көк­тем екенін ескеріп, қолда барды жет­кізу­дің амалы осы деп ойлаймын»,  – дейді шаруа қожалығының иесі Айдар Беріков. Ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков те биыл шөптің вегета­ция­лық кезеңі жүзеге аспағанын айтады. Сондықтан мал өсірушілер үшін өте қиын әрі күрделі жыл болмақ. Сол үшін экс-министр шаруаларға жемшөптің екі жылдық қорын қамдауға кеңес береді. «Фермерлер шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды. Малды сойып немесе тірідей арзан бағамен сатады. Тірі мал мен ет бағасы құлдырайды. Бірақ бұл қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде тө­мендеген баға. Мал басының жаппай қыс­қаруы салдарынан кейін мал шаруа­шылығында өндірілетін өнімдердің құны күрт өсуіне әкеліп соғады. Елді дүр­лік­тірген картоп бағасының екі апталық проб­­лемасын сөзбен «сылап-сипап» жап­­қан болсақ, ет пен сүтке бағаның күрт өсуі­нің салдары сұрапыл болады», – дейді ол.

Күзде ет арзандағанымен, баға қайта көтеріледі

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қазір ет нарығы «дауыл алдындағы ты­ныштық» күйін кешіп жатыр. Күзге са­лым баға осы күйінде қалып не арзандауы мүмкін. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмайды деседі. Дүкен сөрелеріндегі ет бағасы ша­рықтап кетсе, оны ұстап тұру қиынға соғады. Бұлай дейміз-ау, ұстап тұру жөн іс емес. Өйткені бағаны ұстау үшін әрекет етсе, шаруаларға тиімсіз. Олардың саны азайып кетуі ғажап емес. Ал шаруаның саны азайса, еттің бағасы шарықтағаны шарықтаған. ет бағасы «Мал азығының қымбаттауына бай­ланысты қыс пен көктемде еттің бағасы қымбаттайды. Бірақ анау айтқандай ба­ғаны елестетпеңіздер. Өйткені шека­ралар ашық. Елдегі ет қымбат болса, Ресей мен Беларусьтің сойылған сүтті сиырларының еті нарыққа кіреді. Қазір де аздап келіп жатыр. Алайда малдың жемшөбі қымбат­тағандықтан, күзге қарай көп шаруашы­лық қысқа жету үшін малын азайтады. Сол үшін күзде мал еті қымбаттамайды. Бірақ мұның нәтижесі ұзақ мерзімге зия­нын тигізеді. Алдағы бір-екі жылда қиын жағдайға жеткізуі мүмкін», – дейді са­рапшы Жеңіс Ысқақов. Қысқасын айтқанда, қазір шаруа қи­налғанымен, ертеңгі күні қарапайым ха­лық зардабын тартайтын деп тұр. Себебі сарапшылардың айтуынша, 2022 жылдың көктемінде бір ғана сиыр етінің келісі 3 500-4 000 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Сонымен, құрғақшылық нарықтағы бірнеше проблеманы айқын көрсетті. Жанар-жағармайдың қымбаттағаны тағы бар. Бұл егін орып, жоңышқа түктеймін деп отырған шаруаның қалтасына жүк. Әсерінен жемшөптің бағасы көтеріледі. Одан әрірек үңілсек, шаруаларға несиенің қолжетімсіздігін көреміз. Еліміздегі кез келген шаруа қожалығының алдын ала жемшөп қорын сатып алуға ақшасы жоқ. Сондықтан берекені жерден, ауа райының қолайлы болуын Тәңірден тілеуден басқа амалы жоқ.

Қандай амал бар?

Шаруалар биліктен бір қайыры бо­ларын күтіп жүргені белгілі. Әзірге бел­сенділердің бел шеше кіріскенін байқап жүрміз. Әлеуметтік желі арқылы өңір­лердегі шаруалар одағының қолдау сұрап жатқаны жасырын емес. Мәселен, Ақ­төбе фермерлік одағы Үкіметтің шаруа­шылықтарға амнистия жасауын сұрайды. Өйткені елдегі шаруалар тығырықтан шығып, жағдайды түзету үшін биыл төлейтін берешектен босатуды қалайды. Осы орайда экс-министр Асылжан Мамытбеков те Үкімет пен әкімдіктер бұл тек шаруалардың проблемасы емес екенін түсінсе дейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске жәрдемдесудің кешенді шараларын әзірлегенді жөн деп отыр. Мәселен, қолданыстағы несие­лердің мерзімін ұзартып, қайта құрылым­дау керек. Азық сатып алуға мұқтаж фер­­мерлерге қолайлы шарттармен жаңа несиелер мен уақытша қаржылай көмек тартқан абзал. Оның айтуынша, астық өсіретін өңірлерде дәнді дақылдарды ору кезінде сабан жинау бойынша жұмысты ұйымдастырған жөн. «Өйткені биыл сабанды әдеттегідей сабан ұсақтаушы машиналармен алқаптарға тастамай, жинап алу керек» деп отыр. Жемшөп дайындау үшін жеңілдікпен берілетін жанармай мәселесін де қарастыру қажет. Байқағанымыздай, ауыл шаруашы­лығындағы түйткіл кешенді шара қа­былдауды қажет етеді. Оңтүстік өңірлерде егістікті ору науқаны басталар шақ жа­қын. Ірі қараны тау мен таста баққандар да ауыл-аймаққа оралатын кез жетті. Абыр-сабырдың уақыты басталды дей беріңіз. Осылайша, тізбек айналып жо­ғарыда айтқан проблемаларға жолы­ғамыз. Ал бағаны қымбаттатпай, шаруа­ның еңбегін «өлтірмейтін» амал бар ма?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ