Өңірлерде шабындықтар өртеніп, жемшөп қымбаттағанынан жұрт секем алып отыр. Олардың көкейінде «ет бағасы қымбаттай ма?» дейтін сұрақ тұр. Оның үстіне, азық-түліктің қымбаттағаны тағы бар. Көпшіліктің бұлай ойлауында негіз жоқ емес. Өйткені пандемияның алғашқы толқынында «қойдың сорпасы ем екен» деген қауесеттен кейін баға шарықтап кеткен-ді. Сондықтан халық жемшөп мәселесінің ақыры еттің құнына әсер ете ме деп қорқады.
Қыстың қамын жаз ойла
Қазір аталған мақал актуал болып тұр. Өйткені аймақтарда шабындықтар өртеніп, жемшөп қоры түгесіліп жатыр. Кейбір өңір шаруалары «сабанның өзін жинай алмай қаламыз ба?» деп алаңдаулы. Оған қоса, жоңышқаның әр түгі 900-1 200 теңгеге бағаланған. Белсенділер, ауыл әкімдері шөбі бітік аудандармен келісіп, арзан бағамен шөп алдырғанымен, бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ. Қызылорда мен Маңғыстау өңірінде жағдай әлі бір қалыпқа түспеді. Осыдан кейін сарапшылар үйінде мал-жаны бар тұлғалар қымбатшылық салдарынан ірі қарасы мен ұсақ малын арзан бағаға сатады деп топшылайды. Бұл өз кезегінде еттің бағасын арзандатып немесе ұстап тұрғанымен, «қуырдақтың көкесін» қыс пен көктемде көруіміз мүмкін. Иә, қазір базардан қой етінің келісі 2 500-3 000 теңге, сиыр еті 2 200-2 00 теңге болса, жылқы етін 3 300-3 600 теңгеге табасыз. Әрине, бұл мегаполистер мен өңірлердегі бағаның шамасы. Байқағаныңыздай, қой еті мен сиыр етінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Өткен жылы қой етінің келісі 2 100-2 200 теңге еді. Пандемия басталғалы бері қой етінің сұранысқа ие болғаны тағы бар. Одан бөлек, шаруалар жемшөптен қысылғандықтан, ұсақ малдан құтылуға көшкен. Оларға күнұзақ қой-ешкінің артынан жүріп, жоңышқаны түк-түгімен сатып алғаннан гөрі ірі қара мал ұстаған тиімді болып тұр. «Биыл егістікке жоңышқа ектім. Көктемдегі жауын-шашын бастапқыда қуантқан-ды. Шаруа үшін мұның маңызы зор екені белгілі. Бірақ ауа райы бұзылып, жел тұрып, қолайсыздық көп болды. Оның үстіне, егістікке берілетін су бұрынғыдай емес. Қанып су ішпеген жер қандай өнім берсін? Жан-жақта шабындық өртеніп, шөп қымбаттап жатқанын естідік. Үйдегі ірі қара мен ұсақ малға жоңышқаның жетпейтін түрі бар. Қыстың қамы үшін қосымша шөп сатып алуым керек. Оған қоса, ұсақ малым мен ірі қараның бір-екеуін сатқалы отырмын. Қыстың арты көктем екенін ескеріп, қолда барды жеткізудің амалы осы деп ойлаймын», – дейді шаруа қожалығының иесі Айдар Беріков. Ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков те биыл шөптің вегетациялық кезеңі жүзеге аспағанын айтады. Сондықтан мал өсірушілер үшін өте қиын әрі күрделі жыл болмақ. Сол үшін экс-министр шаруаларға жемшөптің екі жылдық қорын қамдауға кеңес береді. «Фермерлер шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды. Малды сойып немесе тірідей арзан бағамен сатады. Тірі мал мен ет бағасы құлдырайды. Бірақ бұл қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға. Мал басының жаппай қысқаруы салдарынан кейін мал шаруашылығында өндірілетін өнімдердің құны күрт өсуіне әкеліп соғады. Елді дүрліктірген картоп бағасының екі апталық проблемасын сөзбен «сылап-сипап» жапқан болсақ, ет пен сүтке бағаның күрт өсуінің салдары сұрапыл болады», – дейді ол.Күзде ет арзандағанымен, баға қайта көтеріледі
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қазір ет нарығы «дауыл алдындағы тыныштық» күйін кешіп жатыр. Күзге салым баға осы күйінде қалып не арзандауы мүмкін. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмайды деседі. Дүкен сөрелеріндегі ет бағасы шарықтап кетсе, оны ұстап тұру қиынға соғады. Бұлай дейміз-ау, ұстап тұру жөн іс емес. Өйткені бағаны ұстау үшін әрекет етсе, шаруаларға тиімсіз. Олардың саны азайып кетуі ғажап емес. Ал шаруаның саны азайса, еттің бағасы шарықтағаны шарықтаған. «Мал азығының қымбаттауына байланысты қыс пен көктемде еттің бағасы қымбаттайды. Бірақ анау айтқандай бағаны елестетпеңіздер. Өйткені шекаралар ашық. Елдегі ет қымбат болса, Ресей мен Беларусьтің сойылған сүтті сиырларының еті нарыққа кіреді. Қазір де аздап келіп жатыр. Алайда малдың жемшөбі қымбаттағандықтан, күзге қарай көп шаруашылық қысқа жету үшін малын азайтады. Сол үшін күзде мал еті қымбаттамайды. Бірақ мұның нәтижесі ұзақ мерзімге зиянын тигізеді. Алдағы бір-екі жылда қиын жағдайға жеткізуі мүмкін», – дейді сарапшы Жеңіс Ысқақов. Қысқасын айтқанда, қазір шаруа қиналғанымен, ертеңгі күні қарапайым халық зардабын тартайтын деп тұр. Себебі сарапшылардың айтуынша, 2022 жылдың көктемінде бір ғана сиыр етінің келісі 3 500-4 000 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Сонымен, құрғақшылық нарықтағы бірнеше проблеманы айқын көрсетті. Жанар-жағармайдың қымбаттағаны тағы бар. Бұл егін орып, жоңышқа түктеймін деп отырған шаруаның қалтасына жүк. Әсерінен жемшөптің бағасы көтеріледі. Одан әрірек үңілсек, шаруаларға несиенің қолжетімсіздігін көреміз. Еліміздегі кез келген шаруа қожалығының алдын ала жемшөп қорын сатып алуға ақшасы жоқ. Сондықтан берекені жерден, ауа райының қолайлы болуын Тәңірден тілеуден басқа амалы жоқ.Қандай амал бар?
Шаруалар биліктен бір қайыры боларын күтіп жүргені белгілі. Әзірге белсенділердің бел шеше кіріскенін байқап жүрміз. Әлеуметтік желі арқылы өңірлердегі шаруалар одағының қолдау сұрап жатқаны жасырын емес. Мәселен, Ақтөбе фермерлік одағы Үкіметтің шаруашылықтарға амнистия жасауын сұрайды. Өйткені елдегі шаруалар тығырықтан шығып, жағдайды түзету үшін биыл төлейтін берешектен босатуды қалайды. Осы орайда экс-министр Асылжан Мамытбеков те Үкімет пен әкімдіктер бұл тек шаруалардың проблемасы емес екенін түсінсе дейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске жәрдемдесудің кешенді шараларын әзірлегенді жөн деп отыр. Мәселен, қолданыстағы несиелердің мерзімін ұзартып, қайта құрылымдау керек. Азық сатып алуға мұқтаж фермерлерге қолайлы шарттармен жаңа несиелер мен уақытша қаржылай көмек тартқан абзал. Оның айтуынша, астық өсіретін өңірлерде дәнді дақылдарды ору кезінде сабан жинау бойынша жұмысты ұйымдастырған жөн. «Өйткені биыл сабанды әдеттегідей сабан ұсақтаушы машиналармен алқаптарға тастамай, жинап алу керек» деп отыр. Жемшөп дайындау үшін жеңілдікпен берілетін жанармай мәселесін де қарастыру қажет. Байқағанымыздай, ауыл шаруашылығындағы түйткіл кешенді шара қабылдауды қажет етеді. Оңтүстік өңірлерде егістікті ору науқаны басталар шақ жақын. Ірі қараны тау мен таста баққандар да ауыл-аймаққа оралатын кез жетті. Абыр-сабырдың уақыты басталды дей беріңіз. Осылайша, тізбек айналып жоғарыда айтқан проблемаларға жолығамыз. Ал бағаны қымбаттатпай, шаруаның еңбегін «өлтірмейтін» амал бар ма?Айзат АЙДАРҚЫЗЫ