Антиваксерлер арандатушыдан кем емес
Антиваксерлер арандатушыдан кем емес
201
оқылды

Коронавирусқа қарсы вакцинаны жоққа шығарып, індет жайлы жалған ақпарат тара­та­тындардың халыққа ықпалы әлі де бәсеңсімей тұр. Осы заманда олардың ойындағысын іске асыруға көмекші болып отырған басты құрал – әлеуметтік желілер. «Өз парақшам – өз еркімге» салып, індеттен адам қырылып жатқан уақытта жұртты теріс жолға тартады да отыра­ды. Енді әлеуметтік желілер де олармен күресудің жолын іздеп әлек.

Facebook жалған ақпармен күреспек

Жуырда Facebook әлеуметтік желісін құрушылар «ресейлік агенттіктер вакцинаға қарсы жал­­ған ақпарат таратты» деп айыптады. Facebook Ресейден жүр­гізілген дезинформация нау­қандарына қатысқан жүздеген аккаунтты өшірген. Компания аккаунттар желісінің Үндістанға, Латын Америкасына, АҚШ-қа және басқа да аймақтарға бағыт­талғанын айтты. Бір сөзбен айт­қанда, желі басшылығы Ресейдегі агенттіктер арандату мақсатында коронавирус жайлы жалған қауесет­тер шығарып, вакцинаға қарсылар мен вирустың барына сенбейтіндердің санын көбейтуге ықпал еткенін жеткізіп отыр. «Олар халықтың вакцинаға деген сенімін төмендету үшін жалған мәлімдемелер таратуға тырысты» деп мәлімдеді олар. Facebook ресейлік компания­лар мен жалған ақпарат тарату нау­қандары арасындағы байла­нысты тапқанын жариялады. Сонымен қатар AdNow деп ата­латын ресейлік компанияның құрамына кіретін Fazze марке­тинг­тік агенттігінің жалған ақпа­ратқа қатысқанын дәлелдеген. Өткен айда ғана BBC-де мамырда ресейлік Fazze агенттігі Pfizer вак­цинасы туралы жалған мәлім­демелер тарату үшін ықпалды блогерлерге ақша ұсынғанын ха­барлаған болатын. Енді бұл дау одан әрі ушыға бастайтын тә­різді. Қазірдің өзінде Facebook компаниясы коронавирусқа қар­сы вакцина туралы жалған ақ­паратты таратуға байланысты жаңа ережені енгізіп жатыр. Енді вакцина туралы жалған фактілер­ден тұратын кез келген ақпарат Facebook және Instagram әлеу­мет­тік желісінен автоматты түрде өшіріледі. Егер «вакцина» сөзі­мен қатар «уландырғыш», «зиян», «аутизмнің дамуына сеп­ті­гін тигізеді» деген сияқты сөз­дер кездессе, мәтін толық жойыл­мақ. Негізі, компания вирус ту­ралы жалған ақпаратпен ақпан айының басынан бері күрес жүргізе бастаған. COVID-19-ға қарсы вакцинаның «адам өлтіре алатын» немесе «денсаулыққа күрделі зиян келтіре алатын», «аутизмнің немесе бедеуліктің дамуына септігін тигізе ала­ты­ны», «РНК-ны адамды маймылға дейін өзгерте алатыны» тәрізді мә­тіндерден тұратын посттардың Facebook желісінің барлық платформасынан жойылатыны туралы хабарланған. Сондай-ақ «екпе салдырғаннан гөрі вирус­пен ауырып шыққан әлдеқайда қауіпсіз» және екпе адамдардар­дың кей топтары үшін қауіпті екені жайлы теріс ақпарат тү­гелі­мен жоғалады. антиваксер Компания жалған ақпарат ретінде есептелетін сөздер тізімін жасамас бұрын ДДСҰ және денсаулық сақтау саласындағы алдыңғы қатарлы ұйымдармен әңгіме болғанын хабарлады. Мұндай тәсілді алдағы уақытта барлық әлеуметтік желі қолдануы мүмкін. Антиваксерлердің басты құралына айналған әлеуметтік желілер еді. Енді мамандар осы арқылы антиваксерлердің жолы­на тосқауыл қоймақ.

Антиваксерлер бізде де көп

Пандемия кезеңі басталған 2020 жылы әлеуметтік желі мен түрлі чатта жаңа «қастандық теория­сы» жайлы жиі айтылып кетті. Оның мысалын көптеп кел­­­тіруге болады. «Қазақты қы­на­­дай қырудың ең оңтайлы жолы – ұшақпен вирус шашу», «билік ха­лықты бактериологиялық қару­­мен жоймақ» деген ақылға қо­нымсыз сөздерді тым көп ес­тідік. Мұндай шаласауат жазба­ларды үздіксіз тізе беруге болады. Соған ұқсас өзге де хабарлама­лармен қоса жүктелген фото, ви­деоларда ұшақтың атмос­фера­дағы әдеттегі конденсациялық, инверсиялық іздері «ауаға ша­шып жатқан у» ретінде көрсетілді. Осыған сенгендер арасында «көзі ашық, көкірегі ояу» деген аза­маттар да бар. Әсіресе, кейбір сахнада жүрген эстрада жұлдыз­дары мен қоғам қайраткері ретінде танылғандардың ықпалы зор болды. Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов көшеде инфекцияны жою мақсатында залалсыздандырушы сұйықтық­ты шашып жүргендерді «коро­на­вирус шашып жүр» деп есептеді. Оған қатысты видеоүндеу жа­риялап, басы дауға қалған еді. Соның әсерінен елімізде анти­вак­серлердің санын сәл де болса көбейтіп алғандаймыз. Қазақта «білгеннің тілін ал» дейтін сөз болатын. Қазір сарапшылар мен ғалымдар коронавирус инфек­циясын тоқтатудың жалғыз жолы жаппай вакцина егу екенін қай­та-қайта айтып отыр. Бұл күні вакциналау процесі жақ­сарып келеді. Вирус пен вакци­наға сенбеген көп адам жақыны не­месе өзі ауырғанда ғана жағдайды түсініп жатқандай. Бірақ антиваксерлерден тү­бегейлі құтылмағанымыз анық. Оларды райынан қайтарудың қандай жолы бар? Мамандар бұл тұста антиваксерлер нау­қастар­дың халін өз көзімен көр­гені аб­зал екенін айтады. Елор­дадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерт­теу институтының базасындағы жұқпалы аурулар госпиталінің реанимация мең­герушісі Павел Останин вирус жұқтырғандар­дың жағдайын жиі айтып жүр. Сөйт­сек, санитария­лық талап­тар­ды елемеудің зала­лы біз ой­ла­ғаннан да ауыр екен. «Біреу үйінде өмірінің соңына дейін жатады, ал енді бірі «індет­тен құтылып кетемін» деп ой­лайды. Түптеп келгенде, жағдай қандай болып жатыр. Науқастар 40 сатурациямен ес-түссіз жа­тады. Біз соңына дейін күресеміз, тырысамыз. Дәл қазір «жаңа» пациенттер де, біраздан бері ауы­рып жатқан науқастар да бар. Реанимацияда болудың орташа мерзімі – 21 күн. Оң нәтиже бе­ретін максималды уақыт – 50 күн», – дейді дәрігер. Сол сияқты вакцина адамды өлтіреді деп есептейтін антивак­серлер де аурухана төсегінде шарқ ұрып қиналып жатқан көрінеді. Ал ӨЖЖ аппаратында жатқанның бәрінің жағдайы бірдей. Антиваксерлер ауыр күй­ге түскеннен кейін ғана ақ пен қараның аражігін ажырата­тын тәрізді. Біреуді қаралар ниетіміз жоқ, әйтсе де елдің басына қиын жағдай түскенде қолдаудың ор­нына жұртты жалған ақпардың жетегіне ергізу ақтауға тиіс дүние емес.

Мадияр ТӨЛЕУ