«Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?»
«Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?»
232
оқылды

Түрлі қаржы пира­ми­да­ларынан талайлардың аузы күйіп жатқанынан көп­­шілік хабардар бол­ға­ны­мен, алаяқтардың ар­бауына түсіп, айдың-күн­нің аманында жиған-тер­ген мал-мүлкінен айы­ры­лып қалып жатқан­дардың қа­тары әлі де сирер емес. Пет­ропавл қаласында зар­дап шегушілердің бір тобы кімнен араша сұра­рын білмей дал болып жүр.

Көл-көсір пайдаға кенелуді көздеп, ақыр аяғында сан соғып қалған бір топ петропавлдық был­тырдан бері тұрмыстық техника сатып алу үшін ISTUDIO жеке кә­сіпкерлігімен келісімшарт жа­сасқан. Оның шарты бойынша, әрқайсысы тауар құнының 20-25 пайызын алдын ала кепілді төлем ретінде есепшотқа аударуы тиіс болған. Одан соң тағы төрт адам­ды ертіп әкелсе немесе ISTUDIO-ның жұмысын әлеуметтік же­лілерде үздіксіз жарнамаласа, соның есебінен тауар құнының қалған 75 пайызы өтелетін болып және бұл қаржы компаниясының пайдасы болатынына келіскен немесе сол тауардың құнын ақ­шалай алуға болатыны келісім­шартта жазылған. Тіпті, төрт адам тіркемесе де, қаржы құйған адам­дарға келісімшарт мерзімі аяқ­талған соң 3-4 айдың ішінде жал­пы кезек бойынша салған ақ­ша­лары қайтарылуы тиіс болыпты. Ал тауарларының бағасы күйіп тұрғаны бөлек әңгіме. Мәселен, Екатерина Боронбае­ваның алғысы келген ұялы теле­фоны 1 480 000 теңгеге бағаланып­ты. Соны алу үшін ол 185 000 тең­гесін Людмила Мажуга деген келіншектің Каспий голд карточ­касына аудара салған. «Ешқандай жеке кәсіпкерліктің немесе жа­уапкершілігі шектеулі серіктес­тіктің есепшоты болған жоқ. Же­ке адамның қолына ақша ұс­таттық. Бұл жерде салық орган­­дары да тексеріс жүргізулері керек», – деп санайды Екатерина Айтановна. Зардап шегушілердің айтуын­ша, біраз уақыт өткеннен кейін компания құрушылар басқаша сөйлеп шыға келген. Алданған адамдардың көпшілігі не ақ­ша­сыз, не тауарсыз қалып, тақырға отырған. Бұл компанияның әре­кетінде бір былық бар екенін іші сезген тұтынушылар тарапынан тиісті жерлерге шағымдар түсе бастаған кезде ақша алған адамдар жеке кәсіпкерліктерін жауып, жалдамалы кеңсесінен үдере кө­шіп кеткен. Олардың орнын си­пап қалған зардап шегушілер ал­дымен Солтүстік Қазақстан об­лысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне, облыстық прокуратураға, одан соң об­лыстық Полиция департаментіне жүгінген.

ТЕРГЕУ БАРЫСЫНА КӨҢІЛ ТОЛМАЙДЫ

ISTUDIO жеке кәсіпкерлігі өз тұтынушыларымен келісімшарт­ты 365 күнге, яғни бір жылға жа­сасқан. Қазір келісімшарттары­ның мерзімі өтіп кеткен адамдар не істерін білмей дал. Олардың айтуынша, компанияны құрған Людмила Мажуга мен Фаина Ульянова бір-біріне сілтеп, ақ­шаларын қайтарар емес. Кейбі­реулеріне қосымша келісім жа­сасуды ұсыныпты. Сол бойынша ақшалары қайтарылады-мыс. Бірақ ақыр соңы сиырқұйым­шақтанып, сөз бұйдаға айналған. Абайдың «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» дегеніндей, бұлар «жы­лы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген қағидатты ұста­натынға ұқсайды. «Келісімшарт жасалғанша солардан жақсы адам жоқ. Іші-бауырыңа кіріп, жылмаң қағады. Ал қажетті ақшасын алып алған соң, мүлдем басқаша сөйлеп шыға келеді. Айтқан сөзін қай­тарып алып, ондай сөз болған жоқ деп ат-тонын ала қашады», – дейді Екатерина. Оның айтуынша, адамдарды хабардар етпестен жеке кәсіпкерлер келісімнің шарттарын да өзгертіп жіберіпті. Зардап шегушілердің ай­туын­ша, бұл ұйым о баста Ресейдің Түмен қаласында ашылған. Одан соң Людмила Мажуга деген пет­ропавлдық пен Фаина Ульянова деген омбылық келіншек бірлесіп, Петропавлда да дәл осындай жұмыс бастаған. Бұл компания сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Тал­дықорған, Көкшетау, Қарағанды қалаларында да өз қызметін өркендетіп отырған көрінеді. Бірақ ISTUDIO-ға тықыр таян­ғандықтан болуы керек, олар «ребрендинг» жасап, қазір iRetail деп қайта тіркелген көрінеді. ISTUDIO-ның жұмысы әшкере болып, оған адамдар бармайтын болған соң олар атауын өзгертіп, халықты алдауын жалғастырып жатыр. Олар біздің сенімімізге кіріп, өзгенің қаржысы есебінен байып жатыр. Келісімшарттың мерзімі аяқталмастан жеке кә­сіпкерлікті жабуға қандай хақысы бар? Олардың әрекеттерінен алаяқтық белгілері байқалады. Бірақ байқауымызша, тергеуші істі жабуға мүдделі сияқты. О бас­тан тергеуді оқта-текте жүргізіп, мерзімін созып жіберді. Істің қаралуына қанағаттанып отырған жоқпыз», – дейді зардап шеккен­дер. Олардың айтуынша, кей­біреуін ғана екінші тараппен көзбе-көз кездестірген, ISTUDIO жеке кәсіпкерлігінің қаржылық есептілігіне қатысты құжаттары тәркіленбеген, салық төлеген-төлемегені де тексерілмеген. Сон­дықтан жәбір көргендер істі тәжірибелі басқа тергеушіге тапсыруды, барлық жедел тергеу шараларын өткізуді, басқа бө­лімшелердің қызметкерлерін тарта отырып жедел тергеу тобын құруды және істі өз бақылауына алуды сұрап, облыстық Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың атына хат жолдап отыр. Олар сондай-ақ бұл құры­лымды қаржы пирамидасы деп тануды сұрайды. перамида Істің тергеушісі де, облыстық Полиция департаментінің бас­пасөз қызметі де Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабын желеу етіп, сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария етуге бол­майтынын алға тартты.

«АЙТТЫ – КӨНДІМ, АЛДЫ – БЕРДІМ»

Фаина Ульяноваға қойған сұрақтарымыз жауапсыз қалды. Людмила Мажуга болса, ешкімді алдамағанын айтады. «Менімен жасасқан келісімшарттардың ешқайсысының мерзімі өткен жоқ. Себебі мен өз қызметімді былтыр қыркүйек айында ғана бастадым. Төрт адамды ертіп әкелу қиын екенін түсініп, жұ­мысты жеңілдеткім келді. 2-3 адам шақыруды ұсындым. Бірақ ISTUDIO франшиза болған­дық­тан, мен оның шарттарын өзгерте алмадым. Сондықтан олардың құрамынан шығып, жеке iRetail компаниясын құрдым. Компания тегін жұмыс істей алмайтыны, ақшаның бір бөлігі компанияда қалатынын түсіндірдім. Егер соңынан адамдарды ертпейтін болса, менімен келісімшарт жа­сасудың қажеті жоқ. Тілек біл­діргендер соңымнан ерді, оларды мен мәжбүрлеген жоқпын, тек ұсыныс жасадым», – дейді ол. «Айтты – көндім, алды – бер­дім, енді өкіндім, өзіме аз» деп отырған, барар жер, басар тауы қалмаған жәбірленушілер әлеу­меттік желілер арқылы облыстағы беделді блогерлерге де жүгініпті. Солардың бірі, фитнес-жаттық­тырушы Алена Янина әріптесі Юлия Подскербкинамен бірлесіп, халықты сақтандыру мақсатында бірнеше пост жария­лағанын ай­тады. «Бала күтімі бойынша де­малыста отырған жас келіншектер де, зейнеттегі қариялар да бізден көмек сұрады. Сондықтан Юлия екеуміз басқаларға сабақ болсын деп, халықты құлақтандырдық. Бірақ одан соң бірлесіп халықты алдап жүрген қос құрбы қыз жүй­кемізді жұқартты. Қазір бұл іске мен куәгер ретінде тартылып отырмын», – деді Алена Янина. Тағы бір топ петропавлдық Finiko деп аталатын компанияға алданып, зар илеп отыр. Олардың айтқанына сеніп, айдағанына көніп, банктен 2 миллион теңге несие алған зейнеткердің енді еңі­регенде етегі жасқа толып отыр. Ол осы компания арқылы қызына көлік әпермекші болған екен. Мұнда салынған қаржы миллиондап құмға сіңген. О баста инвестициялық делінген ком­па­ния шын мәнісінде оның жалған көшірмесі болып шыққан. Атын атағысы келмеген жәбірленушінің айтуынша, компания күніне 1-1,2 пайыз кіріс төлеуге уәде еткен. Бұл орташа нарықтық мөлшер­лемеден 40 есе артық. Сонымен қатар кейбіреулерге ипотекаларын немесе басқа да несиелерін «өтеп бермекші» болған. Ол үшін қа­рызының 35 пайызын компанияға салу керек. Ал автокөлік не пәтер сатып алғысы келгендер мүлік құнының 35 пайызы көлемінде жарна төлесе, 3-4 айдың айдың ішінде компания мүлікті сатып әперуге сөз берген. Бұдан басқа да «батпан құйрықтары» жетерлік: ай сайынғы табыс, кешбэк, бес адам шақырғаны үшін сыйақы және т.с.с. Жуырда Finiko-ның не­гі­зін қалаушылардың бірі Қазан қаласында ұсталғаны туралы ақ­парат тарады. Ашық дерек­көз­дерінен белгілі болғандай, Ре­сейде шығын көлемі – 80 миллион рубль. Мұнда да ешқандай есепшот жоқ болып шықты. Ақшаны қол­ма-қол немесе Qiwi-әмиян ар­қылы қабылдаған. Қаржыгер­лер­дің айтуынша, бұл – қаржы пи­рамидасының ең айшықты бел­гісі. «Олардың банктерде есеп­шот­тары жоқ. Қолма-қол ақша­мен, немесе интернет төлем жү­йелері арқылы жұмыс істейді. Сондай-ақ әуелі көп қаржы салуды талап етсе, адам сенгісіз пайдаға кенелетініңізге сөз берсе, таныстарыңызды тартуға шақыр­са, әлем-жәлем жарнама жасаса, мұндай компаниялардан бірден бойыңызды аулақ ұстағаныңыз дұрыс. Бұлар әдетте өз жобаларын «ноу-хау» деп әспеттейді, бір ғана құрылтайшы бар деп қызықтыр­мақ болады», – деп түсіндірді Қар­жы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің Петропавл қа­ла­сындағы Өңірлік өкілдері басқармасының бастығы Алма Дәуренбекова. Қаржы пирамидаларының жұмысы және оларды жарнамалау үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Бірақ мұның бәрі қаншама күш-жігер мен уақыт шығындауды, жүйке жұқартуды қажет етеді. Жалпы, аяқ астында жатқан ас та төк табыс жоқ екенін әркімнің-ақ түсінетін кезі келді. Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Интернетпен етене таныс. Тіпті, болмаса Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан компания­лардың қайсысы заңды, қайсысы заңсыз жұмыс істеп отырғанан тексеруге болады. Сондықтан «ай­далада жатқан батпан құйрық» жоқ екенін есте ұстаған абзал.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы