Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы азаматтардың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға да серпін беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Солардың қатарында Шымкент қаласы экологиялық бастамаларды қоғамдық қауіпсіздік пен жастар саясаты мәселелерімен ұштастыра отырып, кешенді жұмыстар жүргізіп келе жатқан өңірлердің бірі саналады.
Бүгінде Шымкентте қоршаған ортаны қорғау мәселесі тек санитарлық тазалықпен шектелмейді. Қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, қоғамдық кеңістіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның айқын көрінісі ретінде жуырда ұйымдастырылған «Есірткісіз қала», «Таза Қазақстан» және «Эколог сағаты» республикалық акцияларын атауға болады.
Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – ортақ міндет
Қазір қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуы. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты есірткі саудасының жаңа түрлері пайда болып, заңсыз айналым интернет кеңістігіне ауысқан. Осыған байланысты Шымкент қалалық Полиция департаменті мен Жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткізілген «Есірткісіз қала» акциясы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Акция барысында коммуналдық қызметкерлер, еріктілер, спортшылар және белсенді жастар қала көшелерін аралап, ғимараттардың қабырғаларына, аялдамалар мен қоғамдық орындарға жазылған есірткі сататын сайттар мен байланыс арналарының жарнамаларын жою жұмыстарын жүргізді. Бұл әрекет бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның қоғам үшін маңызы зор. Себебі дәл осындай жарнамалар арқылы жастар заңсыз ресурстарға бағытталып, қауіпті ақпараттың ықпалына түсіп жатады.
Шымкент қалалық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың айтуынша, бүгінгі күні есірткі бизнесінің басым бөлігі әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформа арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан құқық қорғау органдарының алдын алу шараларын күшейтуі уақыт талабынан туындаған қажеттілік болып отыр. Акция аясында жастармен кездесу ұйымдастырылып, есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны, заң алдындағы жауапкершілік және саламатты өмір салтының артықшылықтары жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акция аясында қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман мен белгілі спортшылар Біржан Жақыпов және Арман Оспанов жастарды спортпен шұғылдануға, білім алуға және заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мәселесімен де тікелей байланысты. Өйткені қауіпсіз әрі саламатты қоғам қалыптастыру – таза әрі қолайлы өмір сүру ортасын құрудың маңызды құрамдас бөлігі.
Таза ауладан – таза санаға
Экологиялық мәдениет тек табиғатты қорғау шараларымен өлшенбейді. Ол адамның өз ауласына, көшесіне, қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілігінен басталады. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Акция аясында Қаратау ауданындағы Жоғарғы Отырар шағынауданының тұрғын үйлерінде кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Аулалар қоқыстан тазартылып, шөптер орылды, ағаштар мен бұталар ретке келтірілді. Сонымен қатар Бадам өзенінің жағалауы, Тассай және Еңбекші аудандарының аумақтарында санитарлық тазалық пен көріктендіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Мұндай шаралардың маңызы бірнеше бағыттан көрінеді. Біріншіден, қаланың санитарлық жағдайы жақсарады. Екіншіден, тұрғындардың қоғамдық ортаға деген жауапкершілігі артады. Үшіншіден, қоршаған ортаны қорғау мәселесі қоғамның ортақ құндылығына айналады.
Экологтардың пікірінше, ірі қалалардағы экологиялық мәселелердің басым бөлігі тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарға немқұрайды қарауынан туындайды. Сондықтан экологиялық ахуалды жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
«Жасыл» болашаққа бастар жол
Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Эколог сағаты» республикалық акциясы осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаң болды. Қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық күні мен Эколог күніне орай М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің базасында өткізілген шараға эколог мамандар, педагогтер, табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері және студент жастар қатысты. Іс-шара барысында экологиялық білім беру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және табиғатты қорғау бағытындағы заманауи тәсілдер кеңінен талқыланды. Жиынның ашылуында Шымкент қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Айгүл Рүстемова қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау ісінде жастардың белсенділігінің маңыздылығына тоқталды. Ал Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев «Қазіргі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі экологиялық ахуал, табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы кеңінен әңгімеледі.
Жиында сарапшылар өңірдегі экологиялық жағдайға талдау жасап, қоршаған ортаны қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Әсіресе, студент жастардың қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу мәдениеті, эковолонтерлік қозғалыстар және табиғатты сақтау жөніндегі жобалары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл жастардың экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді. «Экологтан сұра» ашық диалог алаңы студенттер мен мамандар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер экологиялық сауаттылықты арттырумен қатар, жастардың табиғатты қорғау ісіне белсенді араласуына ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде экологиялық мәселелерді шешу тек мемлекеттік органдардың немесе арнайы мекемелердің құзырындағы шаруа емес. Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, қалдықтарды басқару мәселелері әрбір азаматтың қатысуын талап етеді. Шымкентте қолға алынған бастамалардың ерекшелігі де осында. Мұнда экологиялық жұмыстар тек сенбілік өткізумен шектелмей, жастар тәрбиесімен, қоғамдық қауіпсіздікпен және азаматтық жауапкершілікті қалыптастырумен сабақтастырылып отыр. Бұл – заманауи урбанистік даму талаптарына сай келетін кешенді тәсіл. Бүгінде қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында білім беру ұйымдары, жастар ұйымдары, еріктілер қозғалысы, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызметтер бірлесіп жұмыс істеуде. Мұндай өзара іс-қимыл қоғамдағы экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан «Есірткісіз қала», «Таза Қазақстан» және «Эколог сағаты» сияқты бастамалар қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жастардың саналы өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың өзара сабақтас екенін көрсетеді. Таза көше, қауіпсіз орта және экологиялық сауатты ұрпақ тұрақты дамудың басты кепілі. Сондықтан Шымкентте қолға алынған мұндай жобалар бір қаланың ғана емес, тұтас елдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес ретінде бағалануға тиіс. Өйткені табиғатты қорғау – келешек ұрпақ алдындағы мол жауапкершілік.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
